Қазақстан ЛХР, ДХР, Херсон мен Запорожье облыстарында өтіп жатқан референдумға қатысты өз ұстанымын білдірді. Бұл туралы сарапшы Бауыржан Серікбаев пікір білдірді. Еліміз бұл мәселеде БҰҰ жарғысында көрсетілген мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі мен бейбіт қатар өмір сүруі принциптерін басшылыққа алады. Қазақстан сыртқы саясатында Тайвань, Қырым, Оңтүстік Осетия, Абхазия мәселелерінде де мемлекеттердің территориялық тұтастығын қолдап келген. Сыртқы бағыттағы бірізділік пен ұстанымның көрінісі. Қысқаша айтқанда, Қазақстан үшін ЛХР, ДХР, Херсон мен Запорожье облыстары – Украина территориясы. XXI ғасырдағы өркениетті заманда Қазақстан БҰҰ жарғысында көрсетілген әрі барлық мемлекеттер мойындаған халықаралық ұйымның заңдары мен жарғыларын басшылыққа алады. Халықтардың өз таңдауын білдіру құқығы болғанымен барлық шиеленістер мен келіспеушіліктер өзара диалог, келіссөз әрі өркениет принциптеріне сай шешілуі қажет. Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Луганск мен Донецкідегі референдумға қатысты пікір білдірген еді.