Арақ түбі – азап
Арақ түбі – азап
479
оқылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Маскүнемдіктен болған өлім­нің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – ас­қа­зан-ішек жолдарының ауру­ла­ры, 19% – жүрек аурулары, қал­ғаны – жұқпалы аурулар, обыр және пси­хикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағуда. БҰҰ мәліметтері бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоға­ры елдердің арасында Қазақстан 10-орында тұр. Мә­селен, Ал­ма­­тыда 2019 жылы алты мыңнан астам адам алкогольден уланып, оның екі мыңы ауруха­наға жат­қы­зылса, 23 адам қайтыс болған. Ал 2018 жылғы мәліметтерге келсек, елімізде 23 мыңнан астам адам уланып, дәрігерлердің кө­ме­гі­не жүгінген екен. Олардың 1 мың­ға жуығы қайтыс болған. Көз жұмғандардың өлімі: 68% – сапа­сыз алкогольден; 20% – түрлі қыш­қылдардан; 8% дәрі-дәрмекті қа­сақана ішуден болғаны айтылады. Алкогольді сусынның көле­мі қандай болса да, денсаулыққа зиян. Бұл туралы зерттеу The Lancet медициналық журналында жарық көрді. Вашингтон универ­ситеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спирт­ті сусын қолданады. Алко­голь тұтыну болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін де өте зиян.  

Ішімдіктің зияны ертеде белгілі болған

Ерте ғасырдағы Рим заңда­рын­да алкоголь ішімдіктерін 30 жас­қа толмаған жастарға ішуге рұқ­сат берілмеген. Ресейдегі ерте­ден келе жатқан құжаттарда жа­ңадан отау тіккен жастарға ішім­дік ішуге тыйым салынған. Фран­ция елінде арақ ішкіш ата-ана­лардан туған әлсіз балаларға ар­налған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар екен. Адам­ды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолы­ның кілегейлі қабықшасын за­қымдап, қарында, ұлтабар ұшын­да уытты жара, гастриттің туын­дауына әкеліп соғады. Қазақ­станда жан басына шаққанда, алкогольдік ішімдікті пайдалану көрсеткіші – 12 литр. Бұл көрсет­кіш орыс ұлтының тағдырына алаңдап отырған Ресей еліндегіден 1,5 литрге артық екен. Дүние­жүзілік сауда ұйымының тізімінде Ресей 22-орында тұрса, Қазақстан бұл тізімнің алғашқы ондығына еніп, 8-орыннан көрініп отыр. Ал бірінші орын африкалық Уган­да мемлекетінің еншісінде екен. 1915 жылы Пироговтық съезде орыс­тың атақты дәрігерлері «Арақ­­тың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағ­задағы нүктелерге дейін улы әсе­рін тигізеді» деген пікірге тоқтаған. Статистика агенттігінің дере­гіне сүйенсек, Алматы қаласында әр 100 мың әйелдің 211-ден ас­тамы, ер адамдардың 2 330-ы арақ-шараптың кесірінен пси­хикасы мен мінез-құлқы бұзыл­ған. Астанада бұл көрсеткіш 90 және 476-ны құрайды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының деректері бойынша, психикалық және тәртіптік ауыт­қулары бар 249 мың адам есепте тұр. Олардың әрбір 12-сі – 25-30 жастағылар, отбасын құрып, ең­бекке араласып, қоғамның бел­сенді мүшелері болатын әйелдер. Ұлттық орталық қызметкерлері бұл мәліметтің толық емес екенін мойындайды. Есепке алынбаған араққа әуестердің қатары одан да көп. Статистикалық дерекке сү­йен­сек, республика тұрғын­дары­ның 35 пайызы ішімдікке үйір екен. Өкінішке қарай, осы де­рекке мектеп жасындағы балалар да іліккен.  

Үлгі болар бастама

Болашақты арақсыз көруге тырысқан ауылдар саны да артып келеді. Мысалы, бірнеше елді мекенде ішімдік дүкендерде мүл­дем сатылмайды. Осы жақсылық­қа бастаған бастаманың игілігін халық көре бастаған. Атап өтсек, Түркістан облысы Жетісай ауда­нына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1 187 адам тұ­рады. Қазір бұл ауылдың дүкен­дерінен ішімдік таппайсыз. Се­бебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жу­сансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусан­сайды да арақтан тазартқан ауыл ақ­сақалдары екен. Солтүстік Қа­зақстан облысының Теңдік елді мекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарқанына арақ-шарақ жуытпапты. Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылын­да да арақ сатылмайды. Осыдан 9 жыл бұрын араққа тойып алған ауыл жастары бір қарияны сабап кетіпті. Сол кезде ауыл ақсақал­дары жерлестерін жинап, бұдан былай арақ-шарапқа жуымау жайлы үндеу тастаған. Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде ішімдік атаулы жоқ. Оған себепкер болған осы ауыл­дың тұрғыны Майдан апа Бақ­тыбайқызы екен. Ол кісі 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп, мешіт ашылғаннан кейін жер­лестерін арақтан арылуға шақы­рыпты. Ащы судан бас тартқан ауыл­дардың бірі – Алматы об­лы­сы Райымбек ауданының Са­ры­бастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қо­ғам­дық қоры. Қорды ауыл ақса­қалдары және осы ауылдан шыққан қазір түрлі қызметте жүрген ауыл белсенділері мен ­тұр­ғындары құрған. Райымбек ауданының Қақпақ ауылы да араққа «жоқ» деген. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан. Ауыл жастары осы азаматтарды үлгі тұтып, айт­қан сөздеріне құлақ салып келеді. Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады. Қызылорда об­лысы Жаңақорған ауданына қа­расты Өзгент ауылында да ішімдік са­тылмайтын көрінеді. Иә, арақ – атадан қалған ас емес, сондықтан болашаққа балта шаппау үшін ішімдікті дастарқан­нан алып тастап, салауатты өмір салтын сақтаған жөн. Ол үшін ішімдіктен бас тартқан ауылдар­дан үлгі алсақ игі.    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ