Белгілі тележүргізуші Еркін Мұхамеджанов жаңа қызметке тағайындалды
Белгілі тележүргізуші Еркін Мұхамеджанов жаңа қызметке тағайындалды
Фото: rtrk.kz
Журналист, тележүргізуші Еркін Мұхамеджанов «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды, –деп хабарлайды Ұлттық арна.
«Еркін Мұхамеджанов отандық телевизияда, оның ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясында 22 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын аймақтық телеарнадан тілші болып бастап, телевизияның барлық сатысынан өтті. 2018 жылдан бері «Qazaqstan» телеарнасының директоры қызметін атқарды. Біліктілігі мен саладағы терең тәжірибесі Корпорацияның одан әрі дамуына ықпал ететініне сенемін», – деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасы Ләззат Танысбай.
Qazaqstan ұлттық телеарнасының директоры қызметіне журналист Болат Мүрсәлім тағайындалды.
«Болат Мүрсәлімнің телевизия нарығындағы тәжірибесін ескере отырып, Ұлттық арна эфирінде әрі қарай да тың бағыттағы жобалар пайда болып, қатарымызға жаңашыл кадрлардың қосылатынына сенім білдіремін. «Qazaqstan» телеарнасы соңғы жылдары қоғамдық-саяси сипат ала бастады. Соған сәйкес Корпорация қоғамдық, саяси, әлеуметтік бағыттағы жобалардың эфирге көптеп шығуына мүдделі», – деп атап өтті Л.Танысбай.
Б.Мүрсәлім 2022 жылғы тамыз айынан бері «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының бас редакторы қызметінде болды.