Жүйелі реформаны жалғастыру жолы – Нұртөре Жүсіп
Жүйелі реформаны жалғастыру жолы  – Нұртөре Жүсіп
396
оқылды
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері қан­шама тың бастама, нақты ұсыныстар жасап келеді. Мұның бәрі Әділетті Қазақстан құру бағытындағы реформа өзегін құрайды. Қаңтар оқиғасынан бергі аралықта да талай нәрсе өзгерді. Бәрі көз алдымызда. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қа­зақстан халқына Жолдауында саяси рефор­малардың жалғасы ретінде биыл Президент сайлауын, келесі жылы Парламент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы ұсыныс жасады. Парламент палаталары тарапынан бұл ұсы­ныс қолдау тапты. Отырысқа қатысқан Мәжі­лістің барлық 98 депутаты мен Сенат­тың барлық 50 депутаты түзетулерді қабыл­дап дауыс берді. Шын мәнінде, Қазақстан Президенттігіне кезектен тыс сайлау тағайындауы, халыққа Үндеу жариялауы – айрықша маңызды оқиғалар. Ел арасында осы сайлауға қатысты түрлі пікір өрістеген бо­ла­тын. Негізінен, Мемлекет басшысының ұсынысын қолдау­­шы­лар қатары күн өткен сайын артып келеді. Қазір елдің көзі ашық. Соңғы бір айдың ішінде Дәстүрлі дін өкілдерінің съезінің өтуі, Рим Папасының келуі, Қытай басшысының ресми сапары, Прези­денттің шетелдік сапарларын көктей шолып қараған адам мем­лекет тізгінін қандай тұлға ұстауы керектігін айқын аңғарып отыр. Президент сайлаудың қатаң түрде заңға сәйкес өтетіндігіне кепілдік беретінін және сайлаудың шетелдік, отандық байқау­шылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетінін қадап тұрып айтты. Бірреттік 7 жылғы мерзімнің белгіленуі билік институтының ашықтығын қамтамасыз етті. Бұған дейінгі кезектен тыс прези­дент сайлауы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты құбылып отырды. Жұрт «жеті жылдық мерзім не береді?» деп жиі сұрайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы билікті бір қолға шектен тыс шоғыр­ландырмаудың амалын жасады. Келешекте қайта сайлануға мүмкіндігі болмайтынын білгендіктен билік басына келген адам өзінің сайлауалды бағдарламасында белгілеген шараларды жүзеге асыру үшін 7 жылда бар күш-қуатын жұмсайды. Екінші рет сай­ла­ну­ға дайындалып, сайлаушылардың көңілі қалай болады, келесі сай­лауда қалай жеңіске жетемін» деп алаң көңілге түспейді. 7 жыл – сая­си өлшем бойынша үміткердің алға қойған стратегия­лық мін­деттерін шешуге мейлінше жеткілікті уақыт. Бірреттік 7 жыл­дық мерзім Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен эконо­микалық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға толығымен бағыт­талады. Соның арқасында Президенттің жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттері үшін жауапкершілігі де айтарлықтай артады. Халық Президент қолға алған реформаларды қолдап отыр. Әділетті Қазақстан құру жолында сын-қатер аз болмайды. Елімізді жаңартуға, жаңғыртуға бағытталған оң өзгерістерді жүзеге асырудан зерделі, саналы азаматтар шет қалмауы тиіс деп ойлаймын.