– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері қаншама тың бастама, нақты ұсыныстар жасап келеді. Мұның бәрі Әділетті Қазақстан құру бағытындағы реформа өзегін құрайды. Қаңтар оқиғасынан бергі аралықта да талай нәрсе өзгерді. Бәрі көз алдымызда. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың жалғасы ретінде биыл Президент сайлауын, келесі жылы Парламент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы ұсыныс жасады. Парламент палаталары тарапынан бұл ұсыныс қолдау тапты. Отырысқа қатысқан Мәжілістің барлық 98 депутаты мен Сенаттың барлық 50 депутаты түзетулерді қабылдап дауыс берді. Шын мәнінде, Қазақстан Президенттігіне кезектен тыс сайлау тағайындауы, халыққа Үндеу жариялауы – айрықша маңызды оқиғалар. Ел арасында осы сайлауға қатысты түрлі пікір өрістеген болатын. Негізінен, Мемлекет басшысының ұсынысын қолдаушылар қатары күн өткен сайын артып келеді. Қазір елдің көзі ашық. Соңғы бір айдың ішінде Дәстүрлі дін өкілдерінің съезінің өтуі, Рим Папасының келуі, Қытай басшысының ресми сапары, Президенттің шетелдік сапарларын көктей шолып қараған адам мемлекет тізгінін қандай тұлға ұстауы керектігін айқын аңғарып отыр. Президент сайлаудың қатаң түрде заңға сәйкес өтетіндігіне кепілдік беретінін және сайлаудың шетелдік, отандық байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетінін қадап тұрып айтты. Бірреттік 7 жылғы мерзімнің белгіленуі билік институтының ашықтығын қамтамасыз етті. Бұған дейінгі кезектен тыс президент сайлауы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты құбылып отырды. Жұрт «жеті жылдық мерзім не береді?» деп жиі сұрайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы билікті бір қолға шектен тыс шоғырландырмаудың амалын жасады. Келешекте қайта сайлануға мүмкіндігі болмайтынын білгендіктен билік басына келген адам өзінің сайлауалды бағдарламасында белгілеген шараларды жүзеге асыру үшін 7 жылда бар күш-қуатын жұмсайды. Екінші рет сайлануға дайындалып, сайлаушылардың көңілі қалай болады, келесі сайлауда қалай жеңіске жетемін» деп алаң көңілге түспейді. 7 жыл – саяси өлшем бойынша үміткердің алға қойған стратегиялық міндеттерін шешуге мейлінше жеткілікті уақыт. Бірреттік 7 жылдық мерзім Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен экономикалық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға толығымен бағытталады. Соның арқасында Президенттің жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттері үшін жауапкершілігі де айтарлықтай артады. Халық Президент қолға алған реформаларды қолдап отыр. Әділетті Қазақстан құру жолында сын-қатер аз болмайды. Елімізді жаңартуға, жаңғыртуға бағытталған оң өзгерістерді жүзеге асырудан зерделі, саналы азаматтар шет қалмауы тиіс деп ойлаймын.