Астанада Жамбыл Жабаевқа арналған рухани-мәдени шара өтті. Жыр мен күй жәрмеңкесі жыр алыбының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Бұл іс-шара қазақтың төл өнерлері – жыр мен күйді дәріптеп, бабалардың ұшан-теңіз мұрасын қайта жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа таратып және оларды жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Мәдени шараның өтуіне «Күй анасы» республикалық қоры мұрындық болды. Қор жетекшісі Төлеген Қуанышев аталған іс-шара өнерлі жастардың талабын шыңдауға, бағын ашуға бағытталғанын жеткізді.
«Жамбыл бабаның ән-жыры, күйлері мен айтыстары, дастандары қазағымен бірге жасайтын ұлттық құндылыққа айналып кетті. Енді тарих доңғалағы кері кетпейді, егемен, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді ретінде Жамбыл есімі жасай береді. Жамбылға жаңа көзқарас басталды», – деді қаламгер.Шарада Жамбылдың «Төгейін жырды халқыма» деген толғауы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің Жамбылдың 100 жылдығына арнаған «Ата толғауы» атты күйі, композитор Төлеген Момбековтың «Жамбылға арнау» атты күйі орындалды. «Жыр мен күй жәрмеңкесінде» Жамбыл Жа- баевтың өлеңдері оқылды. Дәстүр бойынша Жамбыл Жабаевтың жырларын және басқа күйшілердің күйлерін тарту сайысы өткізілді. Төрешілер алқасының шешімі бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлерге сый-сияпат табыс етілді.