Апта соңында «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі балалар арасында жүгіру марафонын өткізді. Аты айтып тұрғандай, іс-шара мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды тұрақты дамыту, қолдау және көмек көрсетуге бағытталған. Марафонға бастамашыл топтар, азаматтық сектор өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысып, мүмкіндігі шектеулі топтағы жеткіншектердің жігерін оятып, белсенді болуға шақырды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен марафонға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Сонымен бірге елдегі танымал спортшылар да шараға қатысып, балаларға қолдау көрсетті. Өз кезегінде спортшылар қимыл-қозғалысы қиын балаларды қолдау және ынталандыру, сондай-ақ спортта үлкен жеңіске жетуге ынталандыру мақсатында олармен бірге 2,5 шақырымға жүгірді.
«Талап пен таңдау, ынта мен жігердің жолы түйіскен жерде жетістікке жету оңай», – дейді дзюдодан спорт шебері, парадзюдошы Ақмарал Науатбек. Денсаулығына байланысты парадзюдоға ауысқан спортшы: «Бүгін қозғалысы шектеулі балаларға арналған марафонға қатысып жатырмын. Мен дзюдодан еліміздің ұлттық құрама командасының қатарында болдым, кейін парадзюдоға ауысқан болатынмын. Спортта шектеу жоқ. Кез келген адам өзінің мүмкіндігіне қарамастан қалаған спорт түрімен айналыса алады. Мен соның дәлелімін», – деп өз ойымен бөлісті. Ал марафонды өткізу идеясының авторы әрі қоғамдық қордың қызметкері Салтанат Рақышеваның сөзінше, елордада мұндай шара алғаш рет өткізіліп жатыр. Өзінің де баласы осы шараға қатысып жатқанын жеткізген ол: «Балалар үшін спорттық дәрежесі бар танымал спортшылармен бірге мұндай шараға қатысу үлкен шабыт беріп, қуаныш сыйлады. Ең бастысы, балалар дән риза», – деді.Осылайша, 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы қимыл-қозғалысы төмен топ өкілдерінің бірінші марафоны сәтті өтті. Марафонның қаншалықты маңызды болғанын жарыс соңында балалардың балбұл жанған жүзінен байқау қиын емес еді. Шара соңында жарысқа қатысқан барлық қатысушыға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.