Цифрлық телевизияға көшіру бастамасы Қызылорда облысында қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде облыста аналогты телевизияны өшіре отырып, цифрлық эфирлік телевизияға көшіру жұмыстары сәтті орындалды. Негізінен, 2012 жылы желінің 2-ші модернизациясы – цифрлық эфирлік телехабарға көшуге дайындық басталды. Соған сәйкес, 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Соның ішінде «Қызылорда» радиотелевизиялық станциясы 7 жыл бойы аймақ халқының 38 пайызын цифрлық сападағы отандық телеарналармен қамтамасыз етіп келеді. Нәтижесінде, 36 елді мекенге цифрлық эфирлік телехабар тарату жүзеге асырылған. Жалпы, Қызылорда облысында 16 радиотелевизиялық станса 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген болатын. Енді Қызылорда облысының шалғай орналасқан елді мекендерінің тұрғындары – 11, облыс орталығында 26 қазақстандық телеарнаны сандық сапада тамашалай алады. Арналар топтамасының құрамында жоғары сапалы HD форматындағы арналар да бар.
«Үстіміздегі жылы облыста аналогты телевизия өшіріліп, ішінара цифрлық телевизиямен қамту жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінде облысымызды цифрлық теледидармен қамтуға 17 РТС қызмет көрсетуде. Осылайша, өңірде 174 елді мекеннің 550 мыңнан астам тұрғыны, яғни 80 пайызы аталған қызметпен қамтылды. Жалпы, өңірде өңірде барлығы DVB-T2 форматында 31 цифрлық таратқыш қосылатын 30 радиотелевизиялық станса тұрғызып, модернизациядан өткізу жоспарланған. Бұл Қазақстан телевизиясын цифрландыру бойынша бағдарламаны жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр», – деп мәлімдеді «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық радио телехабар тарату дирекциясы сату орталығының басшысы Ұлықбек Құтышев.Сату орталығы басшысының мәлімдеуінше, бүгінде облыс орталығында 14 радио, оның ішінде 2 мемлекеттік және 12 коммерциялық, ал аудан орталықтарымен қоса алғанда 168 елді мекенде «Қазақ радиосы» радиохабар тарату желісімен қамтылған. Өңірде заманауи теледидарларға дециметрлік антеннаның көмегімен қосылуға болады. Ал ескі үлгідегі теледидар үшін цифрлық қабылдағыш сатып алу міндеттеледі. Сондай-ақ халықты және ұйымдарды ұлттық цифрлық телевизия қызметтеріне қосу үшін облыс көлемінде 10 дилер жұмыс істейді. Олар қажетті жабдықты алуға және орнатуға ықпал жасауда. Сол сияқты өздігінен цифрлық құрылғыны сатып алу және орнату үшін облыс аумағында 30 сауда нүктесі жұмыс жасайды. Жалпы, облыста барлығы 30 радиотелевизиялық станса жоспарланған. Оның қалған 13-інің құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы