Күйі кеткен Көкарал
Күйі кеткен Көкарал
697
оқылды
Қазір теңіз төскейін мекен­деген халықтың жалғыз тілегі – Кіші Аралды сақтап қалу. Қарт Қаратау мен Үшшоқының арасындағы осынау өзекті мә­селе оң шешімін таппай келе жатқанына да 17 жыл болыпты. Әсіресе, су мамандарының бас қайғысына айналған бұл түйткіл адамзат тағдырына тікелей бай­ланысты болып тұр. Соңғы жылдары Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізінің ахуалы мамандарды қатты алаңдатып отыр. 2005 жылы салынған Көкарал бөгеті Солтүстік Аралды сақтап қалуға мүмкіндік болатынын дәлелдеп берген. Осы арқылы «Саратс» жобасының тиімділігіне көпшілік көз жеткізді. Теңізбен бірге аралдық ағайын ата кәсібімен қайта қауышты. Нәтижесінде, 20 мыңдай балықшы су маржанынан нәпақасын тапты. Алайда, бастама жер ортадан тоқтап, аяқсыз қалып тұр. 2019 жылы Сыр өңіріне келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкаралдан айырылып қалмауымыз қажет екенін айтып, Үкімет пен облыс әкіміне нақты тапсырма жүктеген болатын. Бірақ арада үш жыл өтсе де, нәтиже шамалы. Оны аймақтың бүгінгі ахуалынан аңғаруға болады. 2020 жылы қауіпті жағдайда болған Көкарал бөгетінің 9 көзі ашық тұрып, қыс бойы Кіші Аралға құйылуы тиіс судың біраз бөлігі үлкен теңізге жіберілгені белгілі. Соның салдарынан жазғы ыстықта Кіші Арал 300-500 метрге дейін құрғады. Нәтижесінде, өңірді құрғақшылық басып, елге жұт келді. Малға азық болмай, аштан қырылды. Мамандар жартылай жүргізілген жобаның салғырттығы осы нәубетке алып келгенін алға тартады. Бұл тұрғыда ертеңі бұлыңғыр тартқан Кіші Аралды құрдымға жіберіп алмау үшін Көкарал бөгетін биіктету жұмысын жеделдету қажет екені айтылып жүр.
«Жалпы, қоғамдық бірлестік тарапынан айтар негізгі пікіріміз – қолда барды құрдымға жібермей, сақтап қалу. Теңізді бұрынғы арнасына қайта толтыруға мүмкіндік бар. Ол үшін Көкарал бөгетін әлде де биіктету керек. Оны Брест қамалындай берік, Қытай қорғанындай кең етіп, қайта жасау қажет. Балық шаруашылығын дамыту үшін айналма су алу керек. Тұтастай алғанда, бір деңгейлі су, берік бөгет болуы тиіс. Ең бастысы, суды ұстап қалуы керек. Қазіргі бөгеттің өзі сынақтан өтіп, суды ұстап тұруға мүмкіндігі мол екенін дәлелдеп шықты. Сондықтан осы жобаны ары қарай дамытқан дұрыс. Ал суды қайдан аламыз деген мәселеге келсек, Сырдарияның суын жеткізуге әбден болады. Дақылдарды азайту арқылы үнемдеуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бастысы, суды сақтап қалу», – деп түсіндірді бұл жайында «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Нұртуған Тұржанов.
Негізі, мәселе Сырдария суына келіп тіреледі. Былтыр күріш және басқа да дәнді дақылдарды төкпей-шашпай жинап алу қарекеті жасалды. Су тапшылығы көп қиындық туғызды. Биыл былтырғыға қарағанда су деңгейі сәл де болса қалыпқа келгендей болды. Алайда әлі де дарияның халі мүшкіл деп айтуға болады. Келесі жылы қалай болатыны беймәлім.
«Жалпы, Солтүстік Арал теңізінің тағдыры дарияның суына байланыс­ты. Дария суы жоғары болса, Кіші Аралдың арнасы құрғамайды. Сондықтан Көкарал бөгетін бекітіп алу қажет. Жалпы, біз әлі күнге Кеңес үкіметі тұсындағыдай Мәскеу бөлген су режимімен өмір сүріп келе жатырмыз. Сырдарияның суы мемлекеттік деңгейде әлі күнге бір тәртіпке келтірілген жоқ. Бұл жайында талай айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ нәтиже шығар емес. Тамыз айының 15-інен бастап су бұрынғыдан көлемдірек жіберіліп, өз арнасымен Арал теңізіне қарай ағып жатыр. Яғни, биылғы егін-терімді әупірімдеп жүріп аяқтадық. Ал келер жылғы жағдайдың қалай болатынын дөп басып айту қиын», – деп мәлімдеді эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров.
Ең алғаш Көкарал бөгетінің бірінші кезеңі тұрғызылған сәтте өңір халқы бөркін аспанға атып қуанған болатын. Сол кездері Солтүстік теңіз арнасы елге 15 шақырымға дейін жақындады. Мамандардың қате есептеуінен 42 метрге дейін соғылған бөгеттің салдарынан Ұлы теңіздің сорына 42 млрд текше метр су ағып кетті. Оған жауап беріп жатқан ешкім болмады.
«Сол кездегі қателіктің салдарынан су ғана емес, миллиондаған тонна балық арғы бетке ағып кетіп, жаппай қырылды. Бүгінде сол жерде қырылған балық қаңқаларының қалыңдығы 1 метрге жуықтайды. Биыл ирандық Yekom Consulting Engineers консультанттық компаниясы жобаның екінші кезеңін жүргізуге дүние­жүзілік банктен 1,5 млн доллар гран­тын жеңіп алып, жұмысты жасауға мүдделі екендігін айтып отыр. Алдағы қазан айында жұмысты бас­тайды деп күтіп отырмыз. Бәріміз осы жұ­мыстар қолға алынады деп үміт ар­тамыз. Тек нәтижесін беретін жобаны жүзеге асырса деген тілектеміз», – дейді эколог.
Мамандардың пікірінше, Көкарал бөгетінің екінші кезеңін жүргізуге түрлі себеп кедергі келтіріп тұр. Қисынға қия соқпайтын жобалар жиі айтылуда. Оның ішінде «суды Сарышығанақ арқылы бұру керек», «Сырдарияның бойынан 6 су қоймасын салу қажет» деген сынды уәждер бар. Алайда мұндай жобалардың көпшілігінің кемшін тұстары жетерлік. Ең бастысы, Көкарал бөгетін 7-8 метрге биіктетіп, суды ұстап қалуға барынша мүмкіндік жасаған жөн. Су мамандары осылай деп пікір айтуда. Көкарал бөгеті Сондай-ақ Сыр алабындағы ең үлкен табиғи көл – Қамбаш көлі екені мәлім. Өңірде бұдан өзге табиғи көл жоқ. Соңғы кездері бұл көлдің де арнасы тартылып, халі мүшкіл тартып тұр. Соған орай Аманөткел ауылынан Бұрмақұлақ каналы арқылы көл арнасын қайта толтырды. Дегенмен осының салдарынан төмендегі Тұщыкөл, Қаратерең, Жаңақұрылыс көлдерімен қатар, әупірімдеп көтерген Кіші Арал теңізі 27 млрд текше метр судың 7 млрд текше метрін жоғалтты. Нәтижесінде, Аралдың суы 1 метрге түсіп кеткен. Су мамандары осылай деп назын білдіріп отыр. Негізінен, өңірде тағдыры теңізбен тамырлас ауылдар көп. Барлығы да теңіздің тасып, ырыс-несібелерінің артқанын тілеп отыр. Соның ішінде Бөген, Қаратерең, Ақбасты, Ақеспе, Мергенсай секілді он шақты ауылдың тіршілігі осы теңізбен тығыз байланыс­ты. Яғни, ондағы халық балықшылық кәсіптен нәпақасын тауып, күнкөріс қамын күйттеп жүр. Сондықтан жобаның екінші кезеңі сәтті жүргізілсе, елдің несібесі де артары сөзсіз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы