Дәрігерлерді заң және қаржылық жағынан қорғау қажет – Мәжіліс депутаты
Дәрігерлерді заң және қаржылық жағынан қорғау қажет – Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру тетіктерін енгізуге байланысты пікірін білдірді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары өткен аптада жұмысқа алған болатын.
«Денсаулық сақтау министрлігі осы заң жобасы шеңберінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қылмыстық құқықбұзушылықтарды ізгілендіру, санкциялық шараларды төмендету туралы нормаларды ұсынып отыр. Бұл дәрігерлерді сақтандыруға бағытталған көптен күткен заң», – деді Ғ.Елеуов.
Депутат заң жобасына ұсыныстар беріп, нормалар енгізетінін, бұл заңның әрбір адамға тікелей қатысы бар екенін айтты.
«Мен өзім облыстық аурухананың кезекші хирургінен клиника басшысына дейін барған дәрігермін және тәжірибелі дәрігерлер қандай құқықтық проблемаларға тап болатынын жақсы білемін. Әрине, менің әріптестерім қателіктер жібермеуге тырысуы керек. Біз бұл заң жобасын жұмыс тобында кеңінен талқылауды жалғастырамыз. Өз кезегінде, біз дәрігерлерімізді де қорғауымыз керек. Бізде көптеген білікті дәрігер  бар. Оларды заң және қаржылық жағынан қолдауға тиіспіз. Сонымен қатар жастарды медицина мамандығына қызықтыра білуіміз қажет. Заң жобасымен жұмыста мұның бәрін ескеретін боламыз», – деп атап өтті Ғ.Елеуов.