Арандатушылардың жетегіне ермей, бір Тудың астында бірлігімізді нығайтуымыз керек – Бақытбек Смағұл
Арандатушылардың жетегіне ермей, бір Тудың астында бірлігімізді нығайтуымыз керек – Бақытбек Смағұл
Фото: matritca.kz
645
оқылды
Мәжіліс депутаты, Парламенттегі "AMANAT" фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл қоғамда жалған ақпарат тарататындардың қатары көбеймесе, азаймай тұрғанын айтты. Депутаттың пікірінше, елдің тыныштығын сақтап, бірлікті нығайтуымыз керек. – Заман бұзылған сайын жерастынан жік шыққандай, түрлі кесапаттар қаптайды. Сондай зұлматтың бірі –  жалған ақпараттар легі. Сондықтан Бас прокуратура үндеуінде отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткенін ескертіп отыр. Алда зәлім күштер әрбір адамның санасы үшін алысатын болады. Сонда бір Тудың астынан табылып, арамызға сына қақтырмай, алауыздыққа алдырмай, бірлігімізді сақтауымыз керек. Әлемде қоғамы бас біріктіре алмай, қойдың құмалағындай шашырап кеткен мемлекеттердің тағдыры қайғылы болды. Оның бетін аулақ қылсын. Азаматтары бір-бірін аңдысқаннан гөрі, бірігіп алға басқан елдер озды. «Ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған байланысты Бас прокуратура ел азаматтарын, БАҚ өкілдерін, әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және жоғарыда келтірілген кез келген құқықбұзушылыққа, арандатушылыққа жол бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады», – деп үндеді Бас прокуратура өкілі. Абай болайық, ағайын! Қоғам қалғымауы үшін пікірталас та керек. Бірақ ол текетіреске емес, парасаттылыққа бастаса, ақылмен астасса, ұлттық құндылықтармен қабысса, игі.