Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, тұрғындармен жүздесті – видео
Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, тұрғындармен жүздесті – видео
Фото: БОРТ N1
1,881
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысының жұртымен кездесуі басталды.
«Түркістан – атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі», – деді Президент.
Сондай-ақ қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленгеніне тоқталды. «Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал  біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан  Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді», – деді.