Әдеби портреттер әлемі
Әдеби портреттер әлемі
474
оқылды
Жастық дәуреннің  базарлы ша­ғын­да «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») киелі шаңырағында кездесіп, қызметтес болған, содан бергі елу жылға жуық мезгілде сый­лас­тығымыз суымай, ағайындай ара­ласып, сырласып келеміз. Бір-бірі­міздің жазған-сызғандарымызды оқып, пікірлесіп тұрамыз... Жақында жарыққа шыққан «Қолтаңба» кітабын ұсынғанда «Тілінде қалжыңы, тілегінде бар шыны, азаматтығы мен адал­ды­­ғынан айнымайтын ақкөңіл Қуан ағама ізгі ниет, інілік тілек­пен ұсынамын» деген көтерме көңілмен жазылған сөзіне де, шын­­дықтың шырайын кел­тіре көр­кем кестелеген жаңа кіта­бы­ның мазмұны мен мақсатына да ри­зашылығымды білдіріп, оқыр­­мандармен пікір бөлісуге асық­тым. Кәсіпқой сыншы болмаса да, бүгінгі қоғам мен заманның тыныс- ахуалын тап басып танып, зерделей зерттеп, ойын қорытып барып қолына қаламын алған жазу­шы Жақаудың парасатты пайым­даулары көкейге қона кетері сөз­сіз. Себебі эссе кейіпкерлері бәрі­міз де сырттай білетін кісілер. Кейбіреуімен таныс шығарсыздар. Әсіресе, қаламгерлермен жүздесу кештерінде қолтаңбаларын алып, кітаптарын оқығандарыңыз да бар шығар. Бірақ жалпы жұртқа бей­мәлім қырларын ашып, шы­ғар­маларының сыр-сыйпатын кеңінен қамтып жазған көркем тәмсілдің тәлімі бөлек әрі керек. Оқи отырып ойланасың, көңіл көзің ашылып, ләззат аласың. Бұл бас-аяғы біртұтас туынды емес, жеке-жеке, арнайы жазылған эссе-портреттер. Тақырыптық жа­­ғынан әрқилы. Оның тарау-та­­рау­ға бөлінуінің себебі де осы­­дан. Ал әр тараудағы әдеби пор­трет­терді түгел қамтып талдау бір ма­қа­лада мүмкін емесі белгілі. Сон­дық­тан әр тараудың бірлі-екі­сі­не тоқ­та­лумен шектелмекпін. Қал­ға­нын түгел оқып, көңіліне тоқу қадір­менді оқырманның ықылас, ықтиярында... Алдымен «Тұлғатану» бөлімі­нің беташар әңгімесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр мен кө­лең­ке» кітабы жайлы ой-пайымға арналыпты. Мұндағы Жақаудың тапқырлығы мынау: кітаптың мақ­саты мен жазылу мәнерін бағалай отырып, оны автордың сыртқы саясаттың сайыпқыраны Қасым-Жомарт Тоқаевтың дип­ломатиялық қызметінің баянына жалғастыра жазып, бір оқпен екі қоянды атып алғандығы дер едім. Кітапта дипломатиялық қызметі барысында оның «қиын да күрделі, сәтті де серпінді сәттерде көрген-білгені мен түйгенін, талап пен тәжірибенің талқысынан өтудегі өмір сабақтарын, жауапты да аса ауыр да абыройлы істерде қарымы мен қажырлы еңбегін барынша байыппен» дәлел-дәйекті мысал­дармен баяндап шыққан. Жа­қау тәуелсіз мемлекетіміздің тағ­дырына тікелей қатысты елі­міздің сыртқы саясатының сындарлы жолы мен шыңдалу барысын, осы орайдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың міндетін мінсіз, абы­рой­мен атқарғанын барынша білгірлікпен талдай таразылап, кітаптың құндылығын дәделдеп, авторының еңбегін де ерекше атап көрсеткен. Кітаптың құндылығы оның алыс-жақын шетелдермен қоса өз мемлекеттерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Президенттері мен саясаткерлеріне жеке-жеке тоқталып, аттарын айтып, әрқайсысының сіңірген ең­бек­терін саралай салмақтап, та­рата әңгімелей бергені. Бұл рет­т­е Қасым-Жомарт Тоқаевтың олар­дың бәрімен де қызмет ба­бында кездесіп, тілдесіп, еңбек­терін оқып, елдерінің саяси-эко­номикалық, мәдениет, өнер-білім, ғы­лыми-техникалық салалардағы же­тістіктерін, ел аралай жүріп, көзі­мен көріп, содан сабақ алуды ой­ластырып, ел басшылары мен аза­маттарына құлақ-қағыс жасауы да қазақ қауымына қызметтің игі қадамы. Келесі «Ағалар мен іні­лер» та­­рауы түгелдей әдеби пор­трет­тер топтамасы. Жақаудың өмір-тір­­шілікте өзі жақсы біле­тін, шы­ғармаларын сүйсініп оқы­ған әріптестері жөнінде қалам тер­беуі де өзгеше өрім­ді. Ол қалам­дас­тарының шығарма­шы­лы­ғын бағалауда олардың адами қадір-қа­сие­тінен де сыр ашып, оқырманды әдеби кейіпкерлерінің болмыс-бітімімен толықтай таныстыра кетуді көздеген. Мысалы, Қадыр аға Мырза Әлімен екеуінің қызмет көліктері ортақ болғандықтан баспа үйіне келіп-кету кезіндегі жол үстіндегі әңгімелердің жадын­да қал­ған үзік үзіндісін оқырманға ұсын­ған.  

Қазақ өлеңіне жаңа бет­бұ­рыс, соны соқпақ салуды көз­деп жазылған поэманың жазы­лу, жариялану, талқыға түсіп, айтыс-тартысқа айналғаны ха­қын­­дағы хикаясын еске түсіріп, Оразбектің содан кейінгі жазыл­ған шығармалары туралы толғақ­ты ойларымен жалғасқан эссесі көңіл төрінен орын алары ақиқат.

  Кешегі тәуелсіздіктің таңы жаңа атқан кездегі қиыншылықтар тұ­сында кітап баспаларының да қара­жат тапшылығына байла­ныс­ты бірсыпыра әуре-сарсаңға түскені белгілі. Сол жылдары Қадыр Мырза Әлі «Балауса», Жа­қау Дәуренбеков «Ана тілі» бас­па­ларын басқаратын. Қаде­кең­нің ұсынысымен екі директор ақы­сын бірлесіп төлейтін бір ма­шина жалдап алыпты. Ертелі-кеш қызметке бірге келіп, бірге кетіп жүрген жылдары атақты ақын­­мен тығыз араласып, естіген әңгі­мелерін жадында сақтаған Жа­қаудың жазбалары сондай қызықты. Жол қысқарсын дей ме, жоқ әлде әдепкі әдеті ме, әйтеуір әңгіменің тиегін ағытып, көрігін қыздыратын Қадекең. Өмірден көрген-білгені көп, атақты ақын-жазушылармен сыйластығы да, сырластығы да жетіп-артылатын кісі болғандықтан да Жақау оның айтқандарын аузын ашып тың­дау­дан жалықпайтын. Сөйтіп, ақыл­ман ақынның әңгімелерін күнделікті тыңдай жүріп, есінде қалған қағидалы ой-пікірлерін тіріл­тіп, оның адами қасиетін, шы­­ғар­машылық жолындағы ұс­та­ны­мын ортаға салып, көп­ші­лік оқырманмен бөліскен Жақаудың тапқан әдеби тәсілі де келісті. Бас-аяғы 18 үзік әңгімеден тұратын әдеби портрет Қадекеңнің кісілік бол­мысы мен ақындық шеберлігін бей­нелеуге қосылған құнды ең­бек. Ақын жүрегінің түкпірінде жа­сырынған жұмбақ сырларын ақ­тарып салған да, Жақау оны бұр­­малап боямай-ақ бізге баяндап бер­ген. Нағыз тұщынып оқитын эссе. Тапқыр сөз, жаныңа майдай жа­ғатын қағытпа қалжың айту­дан жан салмайтын ақылман ақын Қа­­дырдың айтқыштығы, аңға­рым­паздығы көпке аян. Жақау бол­са ақынның осы сырлары мен қыр­­ларын нақты мысалдар келтіре отырып, құлпыртып та құбылтып жазған-ақ екен. Шырайлы ойды шұ­райлы сөзбен айшықтаған қа­ламгерлік шеберлігінде мін жоқ. Жақаудың көңіліне түйгені: Қа­дыр ақын біреуді қағыта емес, қай­рап сөйлейді екен. Әу­лекі­лік­тің әуресіне түспей, шы­ғар­ма­шылығына қажетті қым­бат уа­қытын зая жібермеуіне жол аш­­қан Хамит Ерғалиев екен. Бір сапарлас болған кезде жас ақын­ды аспандата мақтай келіп, оны өзінің шәкірті екенін айтып аяқ­та­ған екен. Хамекеңнің өзінің мық­ты ақын екенін осындай емеурін­мен жеткізгені Қадекеңе сабақ бо­­лыпты. Қазақтың көрнекті жазушысы Оразбек Сәрсенбаевтың қаламгер­лік жолын ашқан шығармасы – «1961 жыл» поэмасы «Лениншіл жас­та» жарыққа шығып, әдебиет әле­мін дүр сілкіндіріп, бір-ақ күн­де атағын аспандатып жібер­генін баяндаудан басталған «Шабыт» эссесі де сондай бір ыстық ықы­­лас­­пен, ақиқатын айтып, ақта­ры­ла сырласқан көркем дүние екен. Қазақ өлеңіне жаңа бет­бұ­рыс, соны соқпақ салуды көз­деп жазылған поэманың жазы­лу, жариялану, талқыға түсіп, айтыс-тартысқа айналғаны ха­қын­­дағы хикаясын еске түсіріп, Оразбектің содан кейінгі жазыл­ған шығармалары туралы толғақ­ты ойларымен жалғасқан эссесі көңіл төрінен орын алары ақиқат. Әсі­ресе, Жақаудың «қазақ әдебие­ті­нің тыныс-тіршілігін, әдеби болмысын қыруар дерекпен, оқиғамен барынша қабыстыра, мәдениетті түрде» жеткізген «Өмір­­­нама» роман-күнделігі, оның жаңа жанрда жазылғаны жө­­­­ніндегі парасатты пікірлері кө­­­ңі­­ліңе қона кетеді. Өз өмір жо­лы­мен байланыстыра жазылған ро­манды оқып шыққан Герольд Бель­гердің: «құнды, әсерлі, қы­зық­ты, мазмұнды, ғибратты» деген ақ адал алғысөзіне сүйене сөз с­а­бақтаған Жақаудың түйінді тұ­жы­­­рымдары «Шеңбер» сынды қа­зақ қоғамының кезеңдік ты­ны­­сын шалқар шабытпен, өмір шын­дығымен өрілген өре­лі роман жаз­ған көрнекті жазу­шы Оразбек Сәр­сенбаевтың шығарма­шы­лы­ғына берілген әділ баға деп білеміз. Жақау қаламгерлік қарымы мен азаматтық парызы жарасқан жақсы ағалары Сейдахмет Бердіқұ­лов­тың редакторлық, Нұрмақан Оразбековтің баспагерлік қыры мен қажырлы қайраткерлігін, ұл­тының намысын оятып, рухын кө­терген елдік ерен еңбегін жұрт­шы­лық жүрегіне жеткізіп баққан. Енді бір ерекше тоқталып өте­тін мәселе – Жақаудың жа­қын араласқан, қызметтес бол­ған, қанаттас қаламгерлерінің шығар­ма­ларын үзбей оқып жүретіні. Оның жарқын мысалын мына кіта­бына әдеби портреттері енген бір топ қаламгер: сыншы, қоғам қай­раткері Сағат Әшімбаев, ақын­дар – Жарасқан Әбдірашев, Нұрлан Оразалин, жазушылар – Орыс­бай Әбділдаұлы, Баққожа Мұ­қай, Сейітқазы Досымов, Ма­ғира Қожахметова, Қайсар Әлім, Сұл­танәлі Балғабаев, Ырым Кенен­баев, Жанат Елшібеков, Жанболат Аупбаев, сондай-ақ ізбасар інілері Шәмшидин Паттеев, Қали Сәрсенбай, Самат Ибраимның суреткерлік соқ­пақ­тары дара-дара сараланған. Ай­талық, Сағаттың әдеби сынға соны із салғаны, Жарасқанның қа­зақ поэзиясының өресін де, өрі­­сін де жаңа белеске көтергені, Бақ­қожаның бүгінгі өмірдің, жаңарған қоғамның кейіпкерлерін сом­дағаны, Мағираның өнердің өрен жүйріктерін зерделей зерт­те­гені, Сұлтанәлінің дарынды дра­­матург екенін қоса, қазақ диас­по­расы мен ұлт тілінің толғауы тоқсан мәселесін дәйектегені, Жан­­­болаттың тағдыр жолы өзгеше адам­дар хақындағы толғаныстарын барынша байыппен, сергек сезім, сара сөзбен кестелеп, жарқырата жазғаны ғажап-ақ! «Қолтаңба» кітабының тағы бір ерекшелігі – сыршылдығы мен шыншылдығы дер едім. Оқыр­манын бірден баурап алары ақиқат. Жақаудың эссе тақырыбын тауып қоюы да тапқырлықтың дәлелі. Қаламгердің бағасын бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Айталық, Қали­хан хақындағы ой өрімін «Шың», Қадыр шығармашылығын «Сөзжебе», Сейдахмет туралы эссе-элегиясын «Сәкең сөзге сый­­май­ды», Жарасқан жайлы эссе­сін «Жар­бұлақ», Баққожа тура­лы сы­рын «Шабыт шырағы», Жан­бо­лат хақындағы ой-пайымын «Тұл­ғалар тағдырнамасы», Сұл­тан­ә­лі жайлы жылы лебізін «Сұлтанның қызыл кітабы» деп айдар тағуына таңдай қақтық. Әр мақаласының мазмұн-мақсатына орайластыра топтастырып, тарау-тарауға бөліп құрастырған кітабының пішімі де атап көрсетуге әбден лайықты. Кітаптың келесі тарауы «Мінез­дің» жанры әдеби миниатюралар деп аталыпты. Атына заты сай. Қыс­қа қайырыммен түйінделген, 132 адамның түрлі мінезі мүсін­дел­ген. Әрине, сөзбен. Ал кісінің қырық қырлы, тоқсан сырлы мі­нез-құлқын айнытпай, көз алдыңа елестете суреттеу оңай емес. Ол үшін тіл байлығы, сөздің мол қоры болуға тиіс. Оның үстіне, ақын-жазушылардың мінезін си­паттаудың жөні тіпті басқа. Оны сөз басында Жақаудың өзі де айтыпты: «Кейде ойға алып қарасаң, қаламгерлер мен өнер адамдарының мінезі бір-біріне ұқсамайтын әлем екен. Көбіне елемейміз. Елең еткізетіні де бар. Асылы, барды бағалай білу, айта жүру де абзал».   Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты