Тоқаев Шымкентте стадион шатыры құлағанда Туды алып шыққан 3 жігітке алғыс жариялады
Тоқаев Шымкентте стадион шатыры құлағанда Туды алып шыққан 3 жігітке алғыс жариялады
271
оқылды
Шымкент тұрғындарымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев футбол матчы кезінде құлаған шатырдың астынан Туды алып шыққан ер адамдарға алғыс жариялады, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз патриотизмнің іс-әрекет арқылы көрініс табатынын айтып, Шымкенттегі футбол матчындағы оқиғаны есіне алды.
"Былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры Тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты. Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ", – деді ол.
Президент Туды алып шыққан жігіттердің Отанға адалдығы жастарға үлгі болуы керегін қосып өтті.
"Қастерлі Туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға алғысымды жариялаймын", – деді Тоқаев.
Еске салайық, Шымкентте "Ордабасы" мен "Ақсу" командалары арасындағы матч кезінде шатыр құлаған еді. Шатыр астынан адамдарды іздеген футбол жанкүйерлері Қазақстан Туын көріп қалып, қирандылардың астынан алып шыққан еді.