Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына барды. Маңызды сапар. Қазір ашық заман. Ашық қоғам. Қазақ қай дәуірде болса да тарихын ұмытпаған: қиналғанда да, қуанғанда да ата-баба рухына сүйенген; осы ежелгі дәстүр бүгінгі заманда жалғасын тауып жатыр; Президенттің Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып медет сұрағаны тектен-тек нәрсе емес; мұнда қазақтың хандары мен билерінің, батырлары мен бектері мәңгі мекен тапқан! Президентіміз Түркістан облысы тұрғындарымен кездесіп, елдегі және әлемдегі жағдайды түгел саралап айтып берді. Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен сөз алғанда Қазақ елінің территориялық тұтастығы мен егемендігін қорғау мен сақтаудың амалын негізге алғанын атап өтті. Меккеге барған сапарында елдің амандығы мен игілігі үшін арнайы дұға жасағанын да қаперге салды. Тайталасқан заман. Дүниені дүние билеген дәуір. Алпауыттар айқасы жүріп жатыр. Қазақ елі осындай алағай да бұлағай қанша кезеңді басынан өткерді. Бұл – үлкен сынақ. Білімің мен білігіңе сүйенбесең, Абай айтқандай "ақылың мен қайратыңа, еңбегіңе жүгінбесең, көрінген күштінің қанжығасына бөктеріліп кету оңай. Ынтымақ пен бірлік – халқымыздың қуаты мен қалқаны!" Мемлекет басшысының қасиетті Түркістанға тәу етуі – ежелден қалыптасқан елдік дәстүрді ұстануы. Мұнда үлкен мағына бар. Президент ауқымды реформаларды қолға алды. Кейбіреулер "қаңтардан бері не өзгерді, бәрі баяғы қалып" дегенді айтады. Жүйелі реформа бір күнде жасалмайды. Осыны түсінген абзал. ІТ мамандарының тілімен айтсақ, матрицаны жаңалау, яғни қоғамда үлкен "перезагрузка" жүріп жатыр. Ең мықты деген супер компьютердің өзіне "қайта тыныстау" қажет болатынын ескерсек, қазақ қоғамына да сондай кезең туғанын түсіну қажет. Президенттің сөзіне құлақ түрейік: «Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек». Барынша айқын. Мейлінше нақты. Ештеңені жаба жасырып, бүркемелеп отырған жоқ. Сондықтан елдің бүтіндігі мен берекесін ойлайтын зерделі азаматтар мемлекетшілдік бағыттан жаңылмай, уайымға салынбай, қайратына қайрат, айбатына айбат қосса дейміз.
Нұртөре Жүсіп,
Сенат депутаты