Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Азаттық рухы» сайтына берген сұхбатында 3 мыңға жуық үлескердің проблемасы қалай шешіліп жатқанын әңгімеледі. Бұл мәселеде өзінен бұрынғы әкімдердің неге қауқарсыздық танытқанын да атап өтті.
«Иә, ұзақ мерзімді құрылыс мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Алайда, бұл менің ғана жеке еңбегім емес, бұл жерде мемлекеттің сіңірген еңбегі зор. Әсіресе, қалыптасқан ахуалға байланысты Мемлекет басшысы бюджеттен біршама қаражат бөлді, себебі оны аяқтау керек, яғни мемлекет қиыншылықта қалған, алданып қалған азаматтарды әлеуметтік қамқорлыққа алды. Мәселен, 2019 жылдың жазында 16 мыңнан астам отбасын құрайтын алданып қалған үлескер болды. Бұл жерде 150 мың көппәтерлі тұрғын үйдің проблемасы бар еді. Біз әр шағымның артында мұқым бір отбасының тағдыры тұрғанын түсіндік. Әр шағымның өз тарихы бар, бірінде жобалық-сметалық құжаттама жоқ, құйылған инвестиция жоқ, бірақ үйлер сатылған. Тағы бірінде бір пәтердің 2-3 иесі бар, яғни бір пәтер 2-3 адамға сатылған. 500 отбасының мәселесі осыған ұқсас», - деп атап өтті елорда әкімі.Мысалы, «Зере» ТК Алматы ауданында орналасқан, 300-ге жуық үлескер отбасы осы тұрғын үйге ақша салған. Ал үй жоқ, 300 отбасы бұл үйді күтуде.
«Жақын жерге жанармай құю бекетін салып тастаған. Алайда, онда мұндай нысан түспеуі тиіс. Біз бұл мәселені шешіп жатырмыз, қазір үй салынып жатыр, ал жанармай құю бекетін басқа жерге ауыстыру керек. Жаңа вокзал жақта да осындай ұзақ мерзімді құрылыс бар, 600 үлескерге арналған үй болуы керек, бірақ ол сатылмаған. Біз мұнда жеке инвесторды тарттық, 100 пайыз жеке инвестициялар есебінен аталған кварталдың мәселесін шешеміз. Біз оларға жер береміз, инфрақұрылымға көмектесеміз. Себебі бәрін мемлекет есебінен салу өте қымбат болады және көп ақша қажет етеді”, - деп түсіндірді елорда әкімі.Алтай Көлгінов өзге де сақалды құрылыстардың проблемасы алдағы екі жыл ішінде шешімін табатынын атап өтті.