Құм театрына құштар бала көп
Құм театрына құштар бала көп
Елордада Құм театры пайда болды. Әлеуметтік жобаға 8 бен 15 жас аралығындағы балалар қатысады. Олар сенбі сайын кітап­ханада бас қосып, ертегі тыңдайды. Кейін қиялындағы кейіп­керлерді құмда бейнелейді. Айжан Жаркешова – құммен сурет салу өнерінің шебері. 12 жылдық тәжірибесі бар маман білімін жетілдіріп, түрлі әдістерді игеріп жүр. Жақында «Құм театры» жобасын қорғап, Балалар жылында балғындарға ерекше тарту жасады. Оған қаладағы №12 кітапхана қолдау көрсеткен.
– Жобаның мақсаты – балаларға қазақтың ертегілерін дәріптеу, құмды анимациялық көріністер, яғни, ертегіні қойып, көз алдында жанды түрде оның суретін бейнелеп беру. Балалармен талқылау жұмысын жүргізіп, одан кейін балалар ертегіні көргеннен кейін техникасын игеріп, құммен жұмыс істеуді үйренеді, – дейді Айжан Жаркешова.
Құммен сурет салу – пайдалы өнер. Телефонға телмірген заманда балалардың кітапханаға келіп, қазақы құндылықтарды бойға сіңіруі тіптен сүйсінтеді. Бастысы әлеуметтік жобаға қатысуға ынталылар көбейіп жатыр.