Оқығанды тоқығандар қапы қалдырған заман
Оқығанды тоқығандар қапы қалдырған заман
Қазір оқуын бітірмей-ақ, екінің бірі саясаттанушы, эко­лог, тарихшы болып алды. Енді қазақстандықтар ұзақ жыл оқуға уақыт жоғалтпай, қалаған мамандығының ие­гері атана алады. Ол үшін арнайы қысқа курсын бітірсе болғаны. Өйткені курстар сер­тификаты ЖОО берген диплом­мен теңестірілмек. Қоға­мда мұны қызу құпта­ғандар да, одан шошын­ғандар да бар. Айтқандай, осы жа­ңашылдықты енгізуде Ең­бек ми­­нистрлігі қарсылыққа тап болған. Қаңтар оқи­ғаларынан кейін бас­шылығы ауыс­қан «Ата­мекен» паласы тайталастан бас тартып, ми­нистр­ліктің ығына жы­ғылды. «Атамекен» ақылға келді Бұл сала ұзақ жылдар бойы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­латасының басқа­руына берілді. Ол өзінің жанынан қаптатып білік­тілікті растау орталықтарын құрды, олар түрлі курстар үшін ақы жинап, табыс тапты. Мемлекеттен де қара­жат тасқындады. Қолданыстағы тәжірибе бойынша «Ата­мекен» ұлттық палатасы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарының білік­тілігін тәуелсіз аттестаттаудан өткізеді. Бұл функцияны жүзеге асы­ру үшін ҰКП Ма­мандарды сертификаттау орталықтарының реестрін жүргізеді. Мамандарды серти­фи­каттау орталығы (МСО) дегеніміз – ма­ман­дардың біліктілік деңгейінің солар таңдаған кәсіби қызмет түрлерінің жұмыстарын орындауға жарам­дылығы дәрежесін анық­тайтын заңды тұлғалар, салалық бірлес­тіктер, жеке кәсіпкерлер. Бірақ палата өзіне жүктелген маңызды істен нәтиже шығара ал­мады. Дамыған елдердің тәжірибесі саналатын «бейресми білім» секторы қарқынды өркендеу орнына, дамуда кен­желеп қалды. Ал дамыған ел­дерде азамат­тар­дың ұзақ оқып, көп білгені емес, жұ­мысты білікті орын­дай алғаны, дағдыма­шығы (skill) басты орынға қо­йылады. Әйткен­мен, жұмыс берушілер жұмысқа ал­ғанда алдымен құжатқа қа­райтыны мәлім, ендеше жоғары білімі жоқ, бірақ біліктілігі мен тәжірибесі жө­нінен соларды он орап кететін майталман маманның қабілет-қарымын салмақтап, тиісті бағасы мен құжатын беретін ұйым­дар қажет. МСО-лар сол биік дәрежеге жете алмады. Жыл басындағы белгілі оқиға­лардан кейін жағдай түбегейлі өз­геріп сала берді. МСО-ларды палата емес, мемлекет жетегіне алады. Әри­не, қазіргі кезде елімізде ақылы семинар өткізіп, оған қатысқанның бәріне сертификат тарата салатын немесе екі апта ішінде «маман» даярлап шығатын қаншама коммер­циялық фирма бар. Олардың кебін құшпауы, сертификатының салма­ғы болуы үшін Біліктілікті растау орталықтары жаңадан құрылатын Ұлттық біліктілік органының аккре­диттеуінен өтуге міндет­теледі. Өт­песе, оның сертификаты дипломға теңелмейді. Осы мақсатта «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы жазылды. Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен «Атамекен» пала­та­сы төралқасының төра­ғасы Ра­йым­бек Баталов кездесіп, осы құжатта көзделген жаңа тетіктерді талқыла­ған екен. Жүздесу оңаша, журналис­терсіз өткендіктен, қандай әңгіме болғаны белгісіз. Бірақ палата ми­нистрдің қадамына мақұл деп отыр.
«Министр жаңа кәсіби стан­дарттардың негізінде жұмыс беру­шілердің талаптарына сәйкес ке­летін мамандарды даярлау мақса­тында оқу бағдарламалары өзек­тендірі­ле­тінін атап өтті. Қызмет­керлердің кәсіби дағ­дылары мен құзыреттері кәсіби білік­ті­лік­ті та­нудың аккредиттелген орта­лық­та­рында расталатын болады», – деп қысқаша ғана мәлімет берді ол кездесуден министрлік.
Ал саланың қазіргі жағдайы еш сын көтермейтін көрінеді. Ми­нистрліктің түсін­діруінше, аттес­таттау тетігі мәселесі мүлдем реттелмеген, қолданыстағы аттестаттау са­па­сына еш мониторинг жүргізілмейді. Ма­мандарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссияларының қызметінде айқындылық жоқ. Салдарынан жекеменшік компания­лар, жұмыс берушілер жұмысшылардың біліктілігін бағалау сертификатына сенім білдірмейді. Оның үстіне тиісті жабдық­талмаған орталықтар ештеңеге үйретпей, бұл қағазды бәріне үлестіретіндіктен, жұ­мыс берушілер өз қыз­меткерлерінің де біліктілігін арттыруға ынта-ықылас та­нытпады. Бейресми білім дарынның бағын ашады Әлемде «бейресми білім беру» ұғымы 1960 жылдардың соңында айналымға енді. 1967 жылы АҚШ-тың Вильямсбургында өткен халықаралық конференцияда жаһандық білім дағдарысы туындағаны жарияланды, оған оқу бағдарламаларының ескіріп қалуы, ресми білім беру саласының жылдам өзгерген жаһандық өзгерістерге тез бейімделе алмауы түрткі болды. Колледждер, университеттер жүйесінде маманның бар­лық қажетті біліктілік пен дағдыға қол жеткізуі мүмкін емес. «Бір рет жоғарғы білім алу» концепциясы ескіріп, орнына «Өмір бойы білім алу» (lifelong education) тұжы­рым­дамасы енгізілді. Бұл азаматтарды дағ­дарыс кезеңінде өзгерген ахуалға бейімделіп, басқа мамандықтың иесі атануына жол аша­ды. Қазақстан соған қазір көшіп жатыр. Ресми және бейресми білім берудің басты айырмашылығы сол, біріншісі тек университетте оқу аясындағы білімді ба­ғалап, диплом береді. Ал екіншісі – осы дәстүрлі, ресми білім беру жүйесінен тыс жүрген ұдайы білім процесі барысында игерілген білік-машықты бағалайды. Бұл жүйе ЖОО-ға түсу кезінде кездейсоқ ма­мандықты таңдаған, бірақ икемі де, ынта-іңкәрлігі де басқа кәсіпке бағдарланған тума таланттардың дарынын ұштауға жол ашады. оқыған Мысалы, Қаныш Сәтпаев 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітіріп, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беретін педагог болған. Егер сол қызметінде өмір бойы қалғанда, Қазақстан ең озық геолог-ғалымынан, Қазақ Ғылым акаде­миясын ұйымдастырған, отандық метал­логения мектебінің негізін қалаған тұлғадан айырылған болар еді. Туберкулезге шал­ды­ғып, Баянауылда сауықтырудан өтіп жүр­генде, Қаныш Имантайұлы сонда қы­мызбен емделіп жатқан геолог М.Усовпен бірге қазақ жерінің қазба байлықтарын зерттеуге ын­тықты. Қ.Сәтпаевтың барлап кеткен қазы­насының игілігін қазақ елі қазір де көруде. HR-менеджер, маркетолог Айдар Қасенов дамыған елдерде бейресми білім негізгі ресми білімнің қосымшасы болып табылатынын айтады.
«Мысалы, оларда режиссерлыққа оқып жүрген студенттер сахнаны жарықтандыру дизайны, сахналық костюм дизайны, stop-motion-анимация сияқты қосымша курс­тарды қоса оқып, ол салалардың да маманы бола береді. Оны университет қабырғасында немесе жеке, маманданған компаниялар арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл бойда бұғып жатқан дарынды ашудың тамаша жолы. Содан оларда бір факультеттің сту­денттері басқасының дәрістеріне оңай кіре береді. Сондай-ақ бейресми білім беру кедей топтардан шыққан, бірақ белгілі бір салада өз бетінше меңгерген біліктілігі бар жастардың көтерілуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт саналады», – деді ол.
А.Қасенов елімізде бұл саланы дамыту үшін қажетті іргетас қаланғанына назар аудартты. Жалпы саны 2 689 мамандықты қамтитын 623 кәсіптік стандарт бекітілді. 11 912 кәсіптен тұратын және 1 274 топқа біріктірілген Кәсіптердің ұлттық жіктеуіші құрылды. Еңбек кодексі мамандарды өз біліктілігін растауға ынталандырады. Егер олар кәсіпорындағы төменгі қызметін місе тұтпай, жоғарылағысы келсе, онда оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курста­рына, біліктілігін растауға қатыса алады. Бұл ретте Еңбек кодексі біріншіден, өз жұмыскерінің біліктілігін растауын жұмыс берушісінің қаражаты есебінен жүргізуге міндеттеді. Екіншіден, біліктілікті растау кезеңінде оның жұмыс орны, лауазымы сақ­талады. Үшіншіден, жұмыскері осы мақ­сатта жұмыстан сұранса, оны жіберуі, немесе толық емес жұмыс уақытына көшіруі тиіс. Төртіншіден, іссапарлар үшін қарас­тырылған көлемде орташа жалақы төлеуі керек. Бесіншіден, тәуліктік төлем, жол жүру және тұру құнын төлеуі қажет. Жүйе жемісін кімдер тере алады? Бүгінде «Кәсіптік біліктілік туралы» заңы Мәжіліске енгізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың тұ­жырымдауынша, бұл жаңашылдық жұмыс күшіне қойылатын, тез өзгеретін талаптарға сәйкес келуге мүмкіндік береді:
«Бұрын алған біліміңіз біліктілікті көтерусіз 10 жыл бойы өзекті болатын, бү­гінде көптеген мамандықтар бойынша дағ­дылар 2 жылдан соң ескіріп қалады. Заң жобасының маңызды жаңалығы сол, ол өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және информальды білім нәти­желерін мойындауды қарастырады. Аза­маттар тиісті орталықта кәсіптік біліктілі­гінің бар екенін растайтын құжатты ала алады және егер бұл кәсіптік стандартта көзделсе, сол құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пай­далана алады», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптердің тізбесін қалыптастыру көзделеді. Өйткені кез келген кәсіпті өз бетінше меңгеруге бол­майтыны даусыз. Осы тізілім Еңбек­минінің Ұлттық біліктілік жүйесінің цифр­лық платформасында жүргізіледі. Қазақстанда және дамыған елдерде дәрігерлер, қаржы аудиторлары және басқа да бірқатар мамандықтар қызметі лицен­зияланады. Мысалы, қысқа курс бітіріп, хи­­рург болуға жол берілмейді. О.Орда­баев­тың түсіндіруінше, басқа мамандықтар бо­йынша түлектер мен қызметкерлер жұ­мыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болу үшін өз біліктіліктерін өз еркімен растай алады. Заң жобасында қызметкерлерді де, жұмыс берушілерді де кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне тарту үшін бірқатар ынта­ландыру шаралары қарастырылады: ара­сында біліктілігін растайтын қызметкерлерге түрлі кепілдіктер мен жеңілдіктер беру, біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесі, яғни оны бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.
«Заң жобаларын қабылдау азаматтарға біліктілік деңгейін арттыруға, дағдылары мен құзыреттерін дамытуға, өмір бойы оқып, жаңа мамандықтарды игеруіне мүм­кіндік береді. Ал жұмыс берушілер осы жүйе арқылы қызметкерлердің қаншалықты кә­сіби жарамды екеніне нақты, тәуелсіз ба­ғалауға қол жеткізеді, өз ұйымындағы еңбек өнімділігін арттырады және білікті маман­дарды жұмысқа қабылдай алады. Жоғары білімі болмағандықтан төменгі қызметте жүрген білікті мамандарға жоғарғы білік­тілігі мен дағдыларына сәйкес келетін биік лауазымдарды тезірек тауып, табысын арттыруына жол ашады», – деп түйді сөзін вице-министр Олжас Ордабаев.
Жалпы алғанда, ұлттық біліктілік жүйе­сін (ҰБЖ) басқарудың үш деңгейлі моделі түзіледі. Бірінші деңгейде – Кәсіптік білік­тіліктер жөніндегі ұлттық кеңес: ол ҰБЖ стратегиялық басқаруға жауап береді және шешімдер қабылдаудың бірыңғай орта­лы­ғына айналады. Екінші деңгейде мемле­кет­тік органдар жанындағы Кәсіптік білікті­ліктер жөніндегі салалық кеңестер орна­ла­сады: олар өз саласын кәсіби білікті кадр­лармен қамтуға жауапты болады. Ал үшінші деңгейде Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі ұлттық органды құру көзделеді: оның құ­зырына ҰБЖ-ға әдістемелік және сарап­тамалық қолдау көрсету функциялары кіретін болады. Депутаттардың бірі: «Қазіргі жастар тек тиктокер болғысы келеді» деп қалды. Де­генмен жаңа жүйе мамандығын ауыстыр­ғысы келетін азаматтарға, декреттік дема­лыстан соң кәсіби біліктілігін растағысы келетін аналарға, өз саласында қажетсіз болып қалған зейнеталды жастағы егде адам­дарға, университет бітірмеген жұмыс­сыз жастарға қызықты болады деп күтілуде.