Киногерлердің көңілі күпті
Киногерлердің көңілі күпті
© коллаж: Елдар Қаба
Осыдан он жыл бұрын жыл сайын шамамен 7-8 туынды жарыққа шықса, бүгінде жалпы саны 40-тан астам кәсіби және әуесқой режиссерлердің фильмі көрермен назарына ұсынылады екен. Бұл тек толықметрлі көркемсуретті фильмдер ғана.  Бұдан бөлек, соңғы жылдары деректі, анимациялық фильмдер де көптеп түсірілуде. Бірақ көрерменге жол тартқан осы ұлттық кинолар асқақ рухты оята алмай келеді. Ал автор­лық кинотуындылардың тақырыбы ортақ. Отбасы ошақ қасындағы бәйбіше мен тоқал­дың мәселесін арқау ететін отандық кинолар өскелең ұрпаққа қандай тәрбие бермек? Құжат қол қоюға жіберілді 2019 жылға дейін елімізде кино туралы арнайы заң болмаған. Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда фильмдердегі ұлттық тіл, прокат сияқты кино қатынастарды реттейтін 6 бап қана жұмыс істеді. Сол себепті, заң жобасы негізінде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негізінде ұлттық киноөнімдерді қолдау қорын құру, республика аумағында фи­льмдерді жүйелеу және есепке алу мақсатында фильмдер про­каты, мониторингінің ақпараттық жүйесін құру, жекелеген заңды тұлғаның жұмысы арқылы ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдерді және олардың бас­тапқы материалдарын сақтау мәселесі басты назарға алынды. Сөйтіп, «Кинематография туралы» заң қолданысқа енді. Алайда бір қайнауы іште қалған шикі заң кино саласының мамандарының көңілінен шықпады. Өйткені заң жобасында нақтылай түсетін, әлі де болса басын ашып, анықтауды қажет ететін олқы тұстары көп екенін киногерлердің өзі әлі күнге айтып жүр. Ал биыл құжатқа қайта толықтыру енгізу көзделген. Парламенттің қос палатасы мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберілген құжатта отандық кинематографияны ынталандыру үшін бірқатар өзгеріс енгізуді көзделіпті. Сондай-ақ ұлттық фильмдерді халықаралық ареналарда ілгерілету және ұлттық фильмдерді түсіруге бөлінетін қаржының 70 пайызын – тарихи, патриоттық және имидждік, 30 пайызын – жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдер жобасын бірге қаржыландыруға бөлудің жаңа тәсілдерін айқындау үшін қажетті жағдайлар жасау кіргізілген.
Заң жобасына жетекшілік жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, қазір фильмдерді шығаруды қаржыландыру рәсімдері мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларына сәйкес келмейді. Бұл түпкілікті тауар өнімі – сапалы фильм алуды толық іске асыруға кедергі келтіреді. Осыған байланысты де­путаттар «ұлттық» деп таныл­уға үміткер фильмдер мен киножобаларға «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның нормаларын тартпай, мемлекеттік қар­жы­лық қолдауды жүзеге асыруды ұсынған. «Бұдан басқа, «Кинематография туралы» заңның ұғымдық ақпаратының редакциялары нақтыланды әрі жақсартылды. Мемлекеттік бюджет есебінен елімізде және шетелдерде ұйымдастырылатын әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды қаржыландыру, мемлекеттік музейлерге тарихи-мәдени мұраны қорғау және сақтау, фильмдердің мемлекеттік қорын айқындау, қазақ тілін қолдау және дамыту мақсатында балаларға арналған шетелдік анимациялық фильмдер мен отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қар­жы­лық қолдау жүйесін енгізу, ұлт­тық фильмдерді шығаруға бө­лінетін қаражатты бөлудің жаңа тәсілдерін белгілеу мәселелеріне қатысты оң өзгерістер мен түзетулер қарастырылды», – дейді депутат. Сенатор Жанболат Жөргенбаевтің сөзінше, кинематография саласының материалдық-техникалык базасын сақтау мен дамытуды жүйелеу көзделеді. Сондай-ақ ұлттық киноны колдау орталығы жанынан Ұлттык комиссия құру механизмі қарастырылған. «Заң жобасы аясында мемлекеттік қаржыландыру субъектісі қатарына жеке кәсіпкерлерді қосу ұсынылып, фильмдердің мемлекеттік қорын айқындау және оны сақтаудың қағидаттық тәсілдері өзгертілді. Мемлекеттік фильмдер қоры – киноколлекция. Ұсынылып отырған түзетудің негізінде барлық Мемлекеттік фильмдер қорын сақтайтын бір заңды тұлғаны белгілеу ұсынылды», – дейді Жанболат Жөргенбаев. Депутат Сәлімжан Нақпаев та «қоғам идеологиясына жұмыс істейтін кино өнері бір орында тұрмайды» дегенді айтады. Оның сөзінше, уақыт өте жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуы қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізуді талап етеді. «Заң жобасына енетін толықтырулар отандық кинематографияның дамуын жаңа сатыға көтеретіні даусыз» деп санайды депутат.  Сондай-ақ ол «Кинематография туралы» заңның нормаларын іске асыру кезінде бірыңғай құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету үшін жаңа анықтамалар енгізілгенін айтады. Олар «киносериал», «киноспектакль», «кинематографиялық қызмет субъектісі», «сахналық-қойылымдық құрал», «балалар анимациялық фильмі» және «отбасымен көруге арналған фильмі» ұғымдарын енгізу көзделген. Мұндай анықтамалық заңды түсіну мен жүзеге асыруға нақты мүмкіндік бермек. Осылай деген депутат «заң жобасын талқылауға жұмыс тобынан басқа, мәдениет саласының, кино өнерінің мамандары мен сарапшыларының да ұсыныс-тілектері ескерілді» деп отыр.
Дубляждың мәселесі шешімін табуы тиіс Кино саласы мамандарының сөзіне сенсек, соңғы 10-15 жылда «Қазақфильм» киностудиясы өздігінен бірде-бір фильм өндірмеген. «Қазақфильм» бір ғана қаражат көзімен келісімшарт жасасып, бюджеттің көбін жеке шығындары үшін жұмсап, киноөндірісті түгел аутсорсингке беріп тастаған. «Қазақфильм» деген логотипі бар фильмдердің барлығын жекеменшік мердігер-компаниялар түсіреді. Мысалға, кино саласындағы қаржыны реттейтін бірден-бір оператор – Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмыс істеп жатқанына екі жыл болса да, киностудия әлі де киноөндіріс үшін тікелей министрліктен қыруар қаражат алып келеді. Бұл аз болғандай, енді министрлік «Қазақфильм» АҚ-ға кино түсіру үшін қажет қаражатты тікелей бөлуді көздейтін жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдамақ. Кинотанушы Баубек Нөгербек «ұлттық фильмдерді қолдау үшін ақша айналымын жасайтындай заңды тетік қарастырған дұрыс» деп отыр. Мәселен, Франциядағыдай ұлттық фильмдерді барлық кинотеатрларда прайм-тайм уақытында екі апта бойы көрсетуге мүмкіндік беру керек. «Бізде прокат мәселесі ұлттық фильмдер үшін күр­делі. Прокатқа алады, ыңғайсыз уақытқа қояды. Оның үстіне, барлық кинотеатрлар алмайды. Ал ұлттық фильмдерін прокатқа алып, прайм-тайм уақытта ғана көрсетуге міндеттеп қойған елдер бар. Түскен ақша қорға түседі, қордан қайтадан ұлттық фильмдер шығаруға қолданылады. Яғни, қаражат айналымда жүреді», – дейді кинотанушы. Екінші мәселе – қазақша дубляж. Өкінішке қарай, қазақтілді көрермендер әлі күнге дейін өз тілінде кино көре алмай келеді. Кинотеатр кестесінде «қазақша» деп жазылғанымен, фи­льм орыс тілінде көрсетілетін сәттер аз емес. Қорыта айтқанда, кино саласында жүйелі саясат ұстанбайынша, ұлттық мүддеге сай келетін сапалы фильмдер өндіру мүмкін емес. Әйтпегенде, кейінгі жылдардың өзінде ғана түсірілген фильмдердің саны мен оларды бюджеттен қаржыландырудың көлемі артпаса, кеміген жоқ. Кино қоғамға қызмет ету үшін сала мамандарының пікірі ескерілуі керек-ақ.