Жеделдік – біздің негізгі қағида
Жеделдік – біздің негізгі қағида
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
395
оқылды
Биылғы күздің алғашқы айы ауыр сынақтан басталды десек, артық айтпаған болармыз. Өздеріңіз білетіндей, айдың басынан бастап бірқатар аймақта ыстық ауа райы мен жауын-шашынның болмауына байла­нысты табиғи өрттер өршіді. Тек қыркүйектің 2-8 жұлдызы аралығында ғана еліміздің аумағында 40-қа жуық табиғи өрт және 100-ге жуық жану фактісі тіркеліп отыр. Ірі өрттер Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу және Қостанай облыстарында болған. Елді алаңдатқан Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы өрттің ауданы 43 мың гектарды қамтыды. Алапат өрттің қалың түтіні орманды жағалай орналасқан елді мекендердегі халықтың тынысын тарылтып, үйлеріне қауіп төндірді. Өрт басталғаннан бастап оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин бастаған ТЖМ жедел тобы ұшып барды, елді мекендерден 2 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Өкінішке қарай, өрт салдарынан 1 адам қаза тауып, 12 адам зардап шекті, сондай-ақ 91 тұрғын үй өртеніп кетті. Өртті сөндіру желдің 20-23 м/с-қа дейін жеткен екпініне, өсімдіктердің тығыз өсуіне, қалың түтіннің едәуір аумақты жайлап кетуіне, кірме жолдардың болмауына және табиғи су көздерінің шалғайда орналасуына байланысты қиындады. Жедел топ үйлесімді іс-қимылдары мен уақытылы қабылданған шараларының арқасында Озерное, Лесное, Аманқарағай және Бағаналы ауылдары мен Аманқарай ауылының маңындағы өрттің алдын алды. Өрт орнындағы ахуалды бақылап отырған Мемлекет басшысы өрттің одан әрі өршу қаупіне қарамастан Қостанай облысына барып, Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттерден зардап шеккен аумақтарды тікұшақпен аралап шықты. Өрт болған жерде Қостанай облысындағы өрттерді жою жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, бірқатар нақты тапсырма берді. Бүгінде табиғи өрт салдарынан зардап шеккендерге қалпына келтіру, үй салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері бөлімшелерінің жеке құрамымен, сондай-ақ өрт сөндіруге жұмылдырылған еріктілермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды жоюға қатысушылардың барлығына көрсеткен батылдығы үшін алғыс білдіріп, олардың марапаттауға ұсынылатынын атап өтті. Өз сөзінде Мемлекет басшысы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбекақысы мен әлеуметтік жағдайына да тоқталды. Шын мәнінде, жедел әрекет ету және төтенше жағдайлардың салдарын жою, адам өліміне жол бермеу, залалды барынша азайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің негізгі міндеті.

Нұрболат ДЕРБІСОВ, ҚР ТЖМ Өртке қарсы комитетінің төрағасы