Бас прокуратура қамаудағы Мәсімовке қатысты мәлімдеме жасады
Бас прокуратура қамаудағы Мәсімовке қатысты мәлімдеме жасады
©www.dw.com
2,333
оқылды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов шынында да қамауда ма? Бұл сұрақты журналистер бүгін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке қойды, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазір істі (Мәсімовтің – авт.) арнайы прокурорлар тергеп жатқан жоқ. Іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінде. Іске құпиялылық грифі берілген. Сол себепті іс материалдары жариялануға жатпайды. Осы іс туралы білетін белгілі бір адамдар ғана бар. Бізде дәл осы істі тергейтін белгілі бір прокурорлар тобы бар», – деді Әсет Шындалиев мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, «ҰКҚ ақпаратына сәйкес, осы іс бойынша тергеліп жатқан адамдардың бәрі қамауда, ешкім ешқайда кеткен жоқ».
«Қазір істі тергеу аяқталды. Іс-материалдарымен танысу жүріп жатыр. Тәртіп бойынша іспен танысады. Ол бір ай емес, екі-үш айды алуы мүмкін. Танысқан соң арыздарын береді. Тергеуші ол арыздарды қарайды. Ол арыздарды қарағаннан кейін прокурорға жібереді. Прокурор оны қарайды да, сотқа жібереді», – деді ол.
Еске сала кетсек, Қаңтар оқиғаларынан кейін 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қамауға алынған болатын. Ол сол тұста «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен ұсталған. Тергеу амалдарына байланысты оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Мәсімов ұсталған соң алты айдан кейін оның інісі Нұрлан Мәсімовты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шекара қызметі Ресеймен шекараны жалған құжаттармен кесіп өту әрекеті кезінде ШҚО аумағында құрықтады.