Үш алыптың шығармалары дәріптелсін – Мәулен Әшімбаев
Үш алыптың шығармалары дәріптелсін – Мәулен Әшімбаев
1,402
оқылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. Онда былай делінген: Бүгін халқымыздың ұлы перзенті, заңғар жазушы, даңқты қаламгер Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Әдебиетіміздің тағы бір алыбы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртаза да көзі тірі болса дәл осы күні 90 жасқа толар еді. Сондай-ақ бүгін Шерағаңды ұстаз тұтып, соңынан ерген суреткер, көп оқырманның сүйікті жазушысы Оралхан Бөкейдің туған күні. Сондықтан 28 қыркүйекті қазақ әдебиетінің күні десек, артық бола қоймас. Жалпы Әуезовті оқу арқылы біз Абай айтқан ойдың тереңіне бойлаймыз. Шерағаңның шығармалары мен ой-толғамдарынан ұлттық рухтың айбарлы үні естіледі. Ал, Оралханның туындыларынан қаз-қалпындағы қазақы болмысты көреміз. Сол себепті үш алыптың шығармаларын дәріптеуге, әсіресе, өскелең ұрпақ арасында кеңінен асихаттауға баса мән берген жөн. Бұл – ұлттық мүдде тұрғысынан да аса маңызды қадам. Бүгінгідей атаулы күнде тілеген дұғаларымыз қабыл болсын. Жазушыларымыздың рухтары шат болып, мұралары мәңгі жасай берсін.