Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев Атырау облысындағы мұнай өңдеу зауытының зиянды қалдықтарын азайту бағытында шара қабылдауға шақырды. Бүгін Нұрлыбек Ожаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына Атырау облысының аумағындағы атмосфераға күкіртсутегі, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, азот оксиді секілді уытты заттектердің бөлінуін азайту мәселесін көтеріп, мұнай зауыттарынан шығатын қалдықтардың атмосфералық ауаға әсері жайлы депутаттық сауал жолдады.
«Облыс аумағында күкіртті сутек, күкірттің қостотығы, көміртек тотығы, азот тотығы сияқты уытты заттардың атмосфераға шығарылуын төмендету жөніндегі іс-шараларды Үкімет деңгейінде қатаң бақылау қажет. Соңғы үш жылдың көрсеткіштері бойынша ТШО, NCOC, АМӨЗ сияқты мұнай алыптары атмосфераға 320 мың тонна ластаушы заттарды лақтырған. Сонымен қатар, Экология министрлігі тиісті технологиялық процестер мен экологиялық талаптарды ескере отырып, компанияларды қалдықтарды азайтуға мәжбүрлеудің орнына, үш жылға 726 мың тонна лимит бекітті. Яғни, ауаның ластануына жағдай жасады. Бұл ластаушы заттардың нақты қалдықтарына қарағанда 56%-ке көп» - деп түсіндірді депутат.Сонымен қатар ол аймақтағы өзендердің ластануына қатысты да алаңдаушылығын білдірді.
«Бұл ретте, Атырау облысындағы экологияға қатысты Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл және тағы басқа өзендер және қарт Каспийдің тағдыры үлкен мәселе. Жергілікті атқарушы органдардың күнделікті назарындағы апатты мұнай скважиналары, қоқыс полигоны, кәріз тазарту құрылымдары, «Тухлая балка», «Квадрат» мәселелері әрқайсысы өз алдына проблема екенін де білесіздер. Дегенмен, бүгінгі сауал, үш алпауыт мұнай компанияларының атмосфераны ластауы жайында қозғалды» - деді Мәжіліс депутаты.