Бағаның өсуі, жалған көрсеткіштер мен есептің бұрмалануы: денсаулық саласындағы өткір мәселелер «AMANAT»-та талқыланды
Бағаның өсуі, жалған көрсеткіштер мен есептің бұрмалануы: денсаулық саласындағы өткір мәселелер «AMANAT»-та талқыланды
«АМАNАТ» партиясы жанындағы республикалық Білім және денсаулық сақтау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында медициналық қызметті, міндетті медициналық сақтандыруды қаржыландыру мен ерекше балалардың қажеттіліктері жайында мәселелер көтеріліп, қатысушылар арасында талқыға салынды. Жиынға қатысушылардың айтуынша, медицина саласының жеткіліксіз қаржыландыруынан емханалардан гөрі, бүкіл деңгейдегі ауруханалар көбірек зардап шегуде. Жүргізілген сараптама нәтижесінде, 58 медициналық ұйымда қаржылық есебі бұрмаланған, төсек-орынның саны мен ем-дом алып, айыққан жағдайларды көбейтіп жіберген. Сонымен қатар  емдеу құнын да қымбаттатқан екен. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Бақтыбаеваның айтуынша, халықтың жеңілдік санаттары  бойынша жоспарланған 345 миллиард теңгенің орнына 483 миллиард теңге көлемінде қызмет түрін тұтынған. Сонымен қатар  МӘМС-қа қатысты кем тұстары да анықталды. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ай сайын қаражат аударғанымен, көп мұғалімдер дәрігердің қабылдауына кіре алмай жүргені жайында «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы, Мәжіліс  депутаты Жұлдыз Сүлейменова сөз қозғады. – Биыл жазда депутаттар өңірлерді аралаған кезде мұғалімдер МӘМС-қа қатысты көптеген сауал жолдаған. Соның бірі – қорға ай сайын ақша аударса да, емханаға жылына 1-2 рет қана қаралады. Бір сөзбен айтқанда, қызметтің сапасы емес, қолжетімсіз болуында. Олар алдымен кезекке тұруы керек, онысы екі айдан кейін келеді. Сондағысы қарапайым жұрт қатардағы дәрігердің қабылдауына кіре алмай отыр. Ал Қазақстан бойынша 300 мыңнан астам мұғалім бар. Оның бәрі сақтандыруға ай сайын қаражат аударып отыр, – деді депутат. Оған қоса, МӘМС-тың арқасында кейбір санаттағы азаматтар жеке стоматологияда тісін емдей алатыны белгілі. Бірақ оның сапасын тексеру тағы мүмкін емес. Басқосуда ерекше балалардың қажеттіліктері де айтылды.  Қазақстандағы ерекше балалар ата-аналары одағының төрайымы Рауан Сағадиева мүмкіндігі шектеулі баланың физикалық және психикалық денсаулығына көмек қажет екенін айтты. Өйткені оларға тиесілі барлық жеңілдіктің бәрі бірдей берілмейді екен. – Ұсыныс ретінде айтарым, әсіресе  алыс ауыл-аймақтарда диагностикалық орталықтары мен түзету кабинеттерін ашып, Севоран маскасын пайдалана отырып, жансыздандырып, тегін стоматологиялық көмек көрсету қажет. Өйткені анестезияның бұл түрі қымбат тұрады. Сондықтан көп адамның қалтасы көтере бермейді. Бірақ бұл ерекше балаларға өте қажет дүние. Себебі  осының арқасында олардың тісін емдеуге болады. Алайда ондай балалар тіс емдеудің не үшін қажет екенін түсіне бермейді. Сол себепті дәрігердің айтқанын орындай бермейді. Салдарынан дәрігерлер олардың ауру тістерін күшпен жұлып тастайды, – деді Рауан Сағадиева.