Қарағанды облысында су тасқыны қатерін жою мақсатында кешенді Жол картасы жасалып, оған бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген еді. Алайда бүгінгі таңда су басу қаупін тудырып отырған бөгеттер мемлекет қарауына толық өткен жоқ. 2015 жылы Қарағанды облысында 35 ауылды су басты, ондағы 1760 үй су астында қалды. 340 бас мал қырылды. 4000-нан астам адам эвакуацияланды. Зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу үшін бюджеттен 719 миллион теңге бөлінді. Ал 2017 жылы су тасқынынан Қарағанды облысына шамамен 160 миллион теңге шығын келді. Су тасқынынан Бұқар жырау ауданы көп зардап шекті. Мұнда 123 үй күрделі жөндеуден өтті. Нұра, Шет, Қарқаралы және Абай аудандарында 17 тұрғын үй құрылысы мен 274 аула қалпына келтірілді. Шығынды өтеуге облыстық бюджеттен тиісінше 148 млн теңге және 12 млн теңге бөлінді. Жол картасында су шаруашылығы нысандары бойынша барлығы 6,8 млрд теңге қарастырылды, оның ішінде 2,6 млрд теңге республикалық бюджеттен, 4,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Сонымен қатар Жол картасы бойынша тоғыз көпір және 56 су өткізу құбыры миллиард теңгеден астам сомаға жөнделді. Жол картасы аясында республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 640 млн теңге бөлінді. Осынша қаражат қарастырылғанына қарамастан, биыл да Қарағанды облысы су тасқыны қаупінің алдында тұр. – Бүгінде бізде 190 км әртүрлі қорғаныс құрылысы, оның ішінде бөгеттер бар. Қазір біз су қоймасынан су ағызуды алдын ала бастаймыз, қарды тазалауды белсенді жүргіземіз. Құрылыстың басым бөлігі атқарушы билік органдарының балансында. Осы жылы жазға дейін бұл жұмысты аяқтауға тырысамыз. Бірақ алдын ала тексеру құрылыстың қажетті техникалық жағдайда екенін көрсетті. Бөгеттерді ұстау және қызмет көрсету үшін бюджеттен қаражат берілген, ал балансқа берілмеген бөгеттерге демеушілік қолдау қарастырылады. Жалпы, су тасқынына дайындық жұмыстары тәулік бойы жүруде, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек. Дәлірек гидроболжам жасау үшін мамандар өзен бассейндерін тұрақты бақылайды. Облыста 1 қаңтардан бастап 8 гидробекет ашылды. Барлық гидроқұрылыстар тексерілді. «Су тасқынының алдын алу бойынша Жол картасын» іске асыру аясында Нұра және Шерубай–Нұра өзендеріне санация жүргізіледі. Облыстық бюджеттен Топар бөгетін күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. – Қарағанды облысында үш ірі су қоймасы бар: Кеңгір, Шерубай–Нұра және Самарқанд. Қазіргі уақытта Самарқанд су қоймасынан суды ағызу есебінен Нұра өзенінің арнасын шаю жұмыстары жүруде. Мұз астындағы су арнаны толтырады. Бұл бітеліп қалу немесе басқа да кедергілердің алдын алуға мүмкіндік береді. 20 ақпан күні Шерубай – Нұра су қоймасынан су ағызуды бастау жоспарланып отыр, – деді Нұра – Сарысу бассейндік инспекциясының басшысы Мүслім Аққожин. Қарағанды облысында су тасқыны кезінде елді мекендер үшін қауіп төндіруі мүмкін гидротехникалық құрылыстар анықталды. Олардың саны шамамен 50 нысан. Мамандар су ағызуды тереңдетіп кеңейтті, өзен арналарынан қоқыс шығарды. Сондай-ақ бөгет жоталарына жартасты топырақ төгіліп, тегістелді, су өлшегіш сызғыштар орнатылды. Сонымен қатар Саран және Федоров су қоймаларында реттегіш шлюздері жөнделді. Биылғы жылы Топар және Тихоновка апаттық гидротехникалық құрылыстарына күрделі жөндеу жұмысы басталады. Сондай-ақ оларды паспорттау және декларациялау жүретін болады. Өткен жылы Соқыр өзенін санациялау аяқталды. 2020 жылы Шерубай–Нұра және Топар өзендерін санациялау жоспарланып отыр. Бұқар жырау ауданының Чкалов ауылы су басу қаупі жоғары аймақтар қатарына кіреді. Бұл елді мекен облыс және ТЖД басшылығының ерекше бақылауында. – Апта сайын жағдайды бақылаймын. Біз метеорологтармен, ТЖ департаментімен тығыз жұмыс істейміз. Су тасқынына дайындық үшін барлық қажетті техника бар, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, биылғы жылдың қаңтар айында қар нормадан үш есе көп түскен. Осыған байланысты Нұра өзені бассейніндегі ылғал қоры 157%-ға дейін өскен. Самарқанд су қоймасында су төгу жұмыстары басталды. Ақпан айының соңына дейін тағы 14 млн текше метр су ағызылады. Бұл ретте су қоймасындағы ылғалдың ең төменгі деңгейі 154 млн текше метрден төмен болмауы тиіс. Осы жерден суды Теміртаудағы ЖЭО турбиналарын суыту үшін пайдаланады. Қазір «Қазгидромет» мамандары су тасқыны кезеңіне нақты болжам жасау үшін зерттеу, өлшеу жұмыстарын жүргізуде. Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы