Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді?
Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді?
Фото: yandex.kz
562
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 15 524 шетел азаматы еңбек етеді. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 594 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімше басшылары үшін 3 901 рұқсат (екінші санат). Тартылған еңбек күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 894 және 911 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 430 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 604 адам тартылды. Қазір Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 748 жұмыс беруші бар. Онда 400 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96%. Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 6 139 адам (40%); тау-кен өнеркәсібі және карьер қазу – 1 489 адам (10%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 256 адам (8%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 158 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 1 154 адам (8%). Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 576 адам, Үндістан – 1 740 адам, Түркия – 1 701 адам, Өзбекстан – 1 535 адам, Ұлыбритания – 1 127 адам. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота бөледі. Қаңтарда министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.