Шығысқазақстандықтар үшін жыл сайын үлкен әбігермен, алаңдаушылықпен өтетін көктемнің ең қиын кезеңі – көктемгі су тасқыны күн санап жақындап келеді. Сақтық шараларын барынша күшейту керегін, бір сәт те арқаны кеңге салуға болмайтынын өткен аптада өңірде күрт жылынған күн райы тағы бір рет ескертіп кетті. Оның үстіне биыл шығыста қар жылдағы мөлшерден екі-үш есе артық түсіп отыр. Күн жылынысымен мұншама қар телегей теңізге айналып, аймақ тұрғындарына қауіп төндірері сөзсіз. Облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта облыстың су қоймаларындағы жиналған ылғал қорының деңгейі қажетті нормадан 2,5 есе асып кеткен. Ал «Қазгидромет» РМК берген ақпаратта Бұқтырма су қоймасы аймағындағы өзендер бассейнінде ылғал қоры көп жылғы орташа нормадан 15, Ертіс өзенінің тармақтарында 40-65 пайызға жоғары екені айтылған. Облыстың таулы өзендеріндегі қар қоры да жылдағы мөлшерден 20-50 пайызға артық түскен. Осыған қарамастан өңірдегі құтқару қызметінің мамандары қазір гидрологиялық жағдай қалыпты, тасқынға алаңдауға негіз жоқ екенін, өзендер деңгейі шекті мөлшерден төмен екенін айтады. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» демекші, облыста тасқынға тосқын жұмыстары қарқын алған. Жедел штаб толық күшінде жұмыс істеуде. Әсіресе, қар қалың түскен аудандарда жұмыс қызған. Мәселен, Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданында жауған қардың биіктігі – 129, Алтай ауданында – 104, Шемонайхада – 90, Үржарда – 83, Бородулихада – 78, Көкпектіде – 62 сантиметрге жетіп отыр. Әсіресе, шығыстағы Шемонаиха, Шар қалаларында, Шалабай, Семияр, Дмитриевка, Қатонқарағай, Көкпекті, Самар ауылдарында қар нормадан бір жарым есе көп. «Қазгидрометтің» айтуынша, аймақтағы қалған елді мекендерде қардың қалыңдығы 60 сантиметрден аспайды. Әр аудандағы қардың қалыңдығына орай жердің қатуы да әртүрлі қалыптасып отыр. Мысалы, Шемонайхада небәрі 6 см болса, жазықтағы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 103 см-ге дейін тоң қатып қалған. Жалпы алғанда, облыста жердің қату тереңдігі 2018 және 2019 жылдарға қарағанда төмен. – Көп жылғы зерттеудің, бақылаудың нәтижесіне сүйенсек, шығыстағы үш қала мен 15 ауданға қарасты 108 елді мекенді көктемгі тасқында су басуы мүмкін. Оның ішінде қазіргі уақытта 30 ауылды су басу қаупі сақталуда. Егер ауа райы күрт жылынса, қауіп күшейе түспек, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Анастасия Скляр. Өз кезегінде облыс басшылығы да қол қусырып қарап отырған жоқ, 2020 жылдың көктеміндегі тасқын уақытында атқарылар жұмыстың жоспары жасалып, алдын алу шаралары қабылдануда. Су басуы мүмкін аумақтардың картасы да жасалған. Төтенше жағдайларды жою үшін кезек күтпейтін шығын ретінде облыстың және қалалар мен аудандардың жергілікті бюджетінде 1,8 млрд теңге қаржы салынған. Сондай-ақ өңірдегі білім беру мекемелерінің, мәдениет үйлерінің, қонақүйлердің базасында 300 мың адамды орналастыруға мүмкіндік беретін 339 эвакуациялық бекет құрылған. Жеті ауданда өзендердегі мұзды жаруды ұйымдастыратын учаскелер анықталған. – Көктемгі су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларға облыс бойынша жеке құрамның 4860 адамы, 2570 бірлік техника, 166 жүзу құралы және 260 дана мотопомпы дайын тұр, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер. Мамандар осылай деп көңілді жұбатқанымен, көктемгі су тасқынының қаупі облыс орталығы Өскемен қаласының өзінде де сезілуде. Қыс бойы толассыз жауған қарды шығарып үлгермеген көммуналдық қызмет тек жолды тазалаумен ғана шектелген. Қалалық ТКШ бөліміндегілер бірінші кезекте тек көлік жүретін жолдың бойын тазалап жатқанын, келесі кезекте аулаларға шығатындарын айтады. Мұны тұрғындармен есепті кездесу барысында қала әкімі Жақсылық Омар да растады. – Өскемен қаласында 946 аула бар, коммуналдық қызмет олардың барлығын тазалап үлгермейді. Себебі бізде техника саны жетіспейді. Дегенмен қыс біткенше, қардың бәрін қала сыртына шығаруға тырысамыз. Жағдайды бақылауға аламыз, – деді қала әкімі. Тұрғындарды алаңдатқан жағдайға Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов дәл осындай жауап берді. – Қардың қалың түскен жерлерін, қай жерде тасқын болуы мүмкін екенін алдын ала біліп отырмыз. Соған сай жоспар жасадық. Жақын уақытта қар шығару қарқынын арттыра түсеміз, – деді Семей әкімі. Әрине, мұның бәрі жоғарыда айтқандай ауа райына байланысты екені анық. Коммуналдық қызметтер күнтізбеге қарап қыстың біткенін күтіп жүргенде, ертең-ақ күн күрт жылынып, айнала түгел телегей теңізге айналмаса болғаны. Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан