Қазақстандық әнші есірткіге мас күйінде көлік жүргізгені үшін сотталды
Қазақстандық әнші есірткіге мас күйінде көлік жүргізгені үшін сотталды
© 24.kz
22,853
оқылды
Музыкалық топтың солисі есірткіге масайып, көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасымен көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұсталған Ә.Мұрат мырзаға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды. – Тергеу барысында анықталғандай, өткен жылдың қыркүйек айында Ә.Мұрат есімді азаматты мас күйінде көлік жүргізгені үшін елордалық полиция қызметкерлері ұстады. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Алайда биылғы жылдың 6 тамызында Ә.Мұрат есімді азамат тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні Мұрат мырзаның үстінен қылмыстық іс қозғалды және қамауға алынды, – деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов. 28 қыркүйек Бостандық аудандық  сотының үкімімен Ә. Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.