"Ұлы Дала жорығы": соңғы сәтте қос команда жарыс жолынан шығып қалды
"Ұлы Дала жорығы": соңғы сәтте қос команда жарыс жолынан шығып қалды
Кеше, 28 қыркүйекте «Ұлы Дала жорығы» республикалық бәйге-марафонының 11-кезеңінде шабандоздар Түркістан облысы Созақ ауданы Абай елді мекеніне аялдады. Марафон-бәйгенің 11 күнінің қорытындысы бойынша, алғашқы үздік үштіктің қатарында – Маңғыстау командасы 97 сағат 33 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Жетісу шабандоздары 100 сағат 24 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Түркістан облысының командасы 102 сағат 18 минутта үшінші болып келді. Қазір жарыс сапында төрт команда келе жатыр. Кешегі күн қорытындысы бойынша, тағы екі команда – Ақтөбе облысы мен Қызылорда облысы шабандоздары жол қиындығы мен аттарының жағдайына байланысты жарыс жолынан шығып қалды.  width= Ақтық мәреге дейін оза шауып келген Ақтөбе командасының жарыстан шығып қалу себебін бас ветеринар Ольга Гробер түсіндіріп берді.
«Осы уақытқа дейін жеткен аттар қазір қатты шаршады. Дегенмен Маңғыстау аттарының жағдайы өте жақсы. Ақтөбелік арғымақтар соңына дейін үздік нәтиже көрсетіп келген еді, өкінішке қарай бір ат Бетпақ даланың ауа райына және ұзақ жолына дайын болмай шықты. Тұяғын тасқа жарақаттап алды. Әрі қарай диагнозын анықтау үшін рентгенге түсіру керек. Аттарының амандығы үшін Ақтөбе құрама командасы бірден жарысты тоқтатты», – деді О.Гробер.
Бас ветеринар Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған республикалық бәйгеге маман ретінде үлес қосқаны үшін қуанышты екенін, атбегілер үшін серпіліс берген тың жоба болғанын атап өтті.  width=
«Шабандоздар қазақ жылқысының мықтылығын дәлелдеді. Бұл марафон-бәйгеде жай ғана тауда жүрген аттар емес, нағыз қазанаттар қатысты. Арасында еш дайындықсыз келіп, жеңіске жетеміз дегендер де кездесті. Дегенмен өздеріңіз көргендей бастапқы сатыларда-ақ додадан шығып қалды. Кейбір команда дайындалмаса да, жай ғана ат мықтылығының арқасында 600 шақырымды еш қиындықсыз еңсерді. Халықаралық төрешілер мен ветеринарлардың кеңесіне құлақ түргендер финалға дейін жетіп отыр. Кейбір додадан шығып қалған қатысушылар жанымызға келіп, аттың күтіміне қатысты кеңес сұрап отырады. Жарыс бірінші рет өтіп жатыр әрі атбегілерге жаңа леп әкелген тың жоба болды. Айта кетерлігі, Түркістан құрамасы осы уақытқа дейін бірде-бір кеңесімізге жүгінген жоқ. Себебі аттың қыр-сырын өте жақсы білетіндері көрініп тұр», – деді бас ветеринар О.Гробер
Бұл ретте идея авторы әрі марафон ұйымдастырушысының бірі Бақытжан Тұрлыбек мәре жолында көш бастап бара жатқан командалардың әлеуеті мен сындарлы кезең қиындықтары туралы түсіндіріп берді.  width=
«Шабандоздар әу баста марафонды қысқа уақытта жүріп өтуге болатын бәйге деп түсініп қалды. Шындығында бұл – өте ауқымды аламан бәйге. Өйткені күн бойы жылқылар тоқтаусыз жүрді. Одан бөлек командалар арасында өзара бәсеке мен стратегиялық айла-тәсіл, бір-бірінің алдына шығу деген мақсат бар. Шабандоздар үшін жүлде басты орында емес екенін көзіміз анық жетті, олар намыс үшін осынау қиын жолға тәуекел етті. Мәселен, бір команда таңертең оза шауып, алға шығады. Ал артында келе жатқан екі команда қуалай жөнеледі. Бір-бірінің аттарын болдыртып, стратегиялық айла арқылы әлсіз команданы артта қалдырады. Әлбетте, әу баста жоспарлағанымызда осының барлығын білдік. Мәреге 4-5 команда жетсе, оның өзі үлкен жеңіс. Он бірінші айналымда шабандоздар 58 шақырымды түске дейін, 56 шақырымды түстен кейін жүріп өтті. Командалар күніне 100 шақырымнан артық жолды артқа тастап жатыр, мұны да ескеру қажет», - деп атап өтті Б.Тұрлыбек.
Оның айтуынша, соңғы меже саналатын – Түркістан мәресіне 20-дан астам жылқы жолға шықты. Ал шығып қалған командалар жарау аттарының күшін сынауға бара жатыр.
«Біз үшін, алғашқы жоба үшін – айтарлықтай жетістік. «Ұлы Дала Жорығы» – қазақты атқа мінгізуге бағытталған жоба. Жастар тәрбиесі мен олардың бойында мінез қалыптастырудағы маңызы ескеріліп барып туындаған идея болғандықтан, бұл жобадан ұлттың ұтары көп. Халықтың ықлас-қошеметі ерекше. Жарыс жолынан шығып қалған команда келер жылы дайындықпен келетінін айтып, бекініп отыр. Бұл марафонның әділетті өтіп жатқандығының белгісі. Өйткені жылдар бойы ат спорты әділетсіздік құрбаны болып келді. Бұл жерде сайдың тасындай іріктелген шабандоздардың ерік-жігері мен төзімі сынға түсіп жатыр», - деді Б.Тұрлыбек.
 width= «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің бас төрешісі Надежда Купцова жарыс жолында бақ сынасқан жылқылардың аман-сау екендігін жеткізді. Сондай-ақ, мыңдаған шақырымдық бәйге ұйымдастыру бойынша көп жылдық тәжірибесі бар маман «Ұлы Дала Жорығы» марафонының келешегі зор деп біледі.
«Марафон бастала қалғанда, шабандоздардың қызуқандылығын көріп уайымдап қалғаным рас. Бәйге мен көкпарға шауып жүрген шабандоздар әу баста марафон ережесін бірден түсіне алған жоқ. Олардың жылдар бойғы қалыптасқан өзіндік ережелеріне өзгеріс енгіземіз дегенше бірталай уақыт кетті. Ветеринар мамандардың табандылығының арқасында айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Яғни, аттардың барлығы дерлік аман-сау.  Ал жол өте қызықты әрі күрделі. Аттардың дайындығын арттырып жіберсе, мұндай марафонның келешегі үлкен болады деп ойлаймын.  Мәселен, мен өзім саяхаттағанды жақсы көремін. Маман ретінде ған емес, адам ретінде осынау ортада жүргенімнің өзі үлкен әсер сыйлады. Қазақстанда бұған дейін де қашықтағы, классикалық түрдегі жарыстарға қатысқаным бар. Сондықтан «Ұлы Дала Жорығы» марафонының өзгеше форматы бірден назарымды аударды. Балкарияда өтетін Шеркес дербиінің ережелік һәм мағыналық сипаты бөлек», - деп атап өтті Н.Купцова.
Бас төреші қазақы қонақжайлықтың орны айрықша екенін, халық бойындағы жылқыға деген махаббат пен сүйіспеншілікті көріп таң қалғанын айтады.
«Қаншама өңірлерді басып өттік, сонда байқағаным халық бойында жылқыға деген үлкен махаббат бар екен. Қонақжай халықтың ақ-адал пейілінен қаншама күш-қуат алдым. Қазақы қонақжайлықтың орны айрықша. «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінде қазақ пен жылқының жаны егіз екенін көрсетті. 12 күн бойы сапарлас болған жандар бір бірімізбен бауырға айналып кеттік. Марафон аяқталатын шешуші сәтте толқып тұрмын. Егер маған келер жылы жарысқа келуімді сұраса, ойланбастан келісакен болар едім. Өйткені осынау даладағы халық шығармашылығы тудырған – ат спорты индустриялық қоғамдағы өмір ритміне айналып отыр. Дәл осындай дәстүр кейіндеп қалған кезеңде қазақ халқының жылқыға мән беруі мені қуантады. Бір сөзбен айтқанда – тамаша!», - деді таңданысын жасыра алмаған ол.
Сондай-ақ, Бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтін маман жылқы тұқымының азайып бара жатуы қос елге тән ортақ мәселе екенін атап өтті. Бұл орайда бүгінгідей марафондардың дәстүрге айналуы ат спортына тың серпіліс беретіні анық.  width=
«Бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей жүріп аңғарғаным, екі елдің ортақ мәселелері бар. Ресейде де жылқы тұқымдары жойылып барады. Дегенмен қатысушылармен сөйлесе келе түсінгенім, марафонға қатысып жатқан шабандоздардың дені жылқы шаруашылығын дамыту, өсіру, жастарды тарту, аттарды дайындауға қатысты ықыласты. Ал бүгінгідей шешуші сәтте шабандоздарға тек қана сәттілік тілеймін! Сәттілік барлығымызға қажет. Ең бірінші шабандоздар тынығуға тиіс. Жарыс жолын басып өтуі үшін барымызды саламыз. Қолымыздан келетінін аянып қалмаймыз. Мәре жолындағы жылқылардың амандығы – біз үшін басты құндылық. «Ұлы Дала Жорығы» – таңғажайып оқиға, сондықтан ғұмырлы болатынына сенемін», - деді Н.Купцова.
Марафон қатысушылары аялдаған өңір тұрғындары сән-салтанатпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Қойнауына құт қонаған қарт Қаратаудың баурайы шұрқыраған малға, төңірегі шежірелі аңыз-әфсанаға толы. Өлкетанушы Мүсірәлі Шалмағанбетұлы қасиет қонған өңірің тарихын тарқатып берді. Айтуынша, шабандоздар ат басын тіреген Абай ауылының көрнекті жерінің бірі – Келіншектау. Көнеден жеткен аңыз бойынша, мыңғырған малы бар бай қызын ұзатарда жасауының бәрін алтыннан жасапты. Ұзатылып бара жатқан кезде қыз көшті тоқтатып, жасауды тексереді, сөйтсе итаяғы ағаштан жасалған екен. Әкесінің мұнысына көңілі толмаған қыз дереу төркініне кісі жібереді. Әкесі болса, қызының дүниеқоңыздығы мен тойымсыздығына ренжіп, «бүйткенше тас боп қатып қал!» деп ашуланады. Әкесінің қарғысы заматта орындалып, әлгі қыз да, жасауын артқан түйелер де, керуен де тас пен тауға айналып кеткен екен. Сол керуен қатып қалған жер Келіншектау аталған деседі. Ал іргесіндегі Қыземшек кентінде 4 мыңға жуық тұрғын қоныстанған. Кент Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 201 шақырым жерде жатыр. «Республикалық марафон-бәйгенің тарих пен аңыз-әпсаналарға бай өңір арқылы өткеніне қуаныштымын. «Ер қанаты – ат» дейміз. Біз үшін үлкен қуаныш, той сияқты өтіп жатыр. Келесі жылы да жалғасын тапса игі», - деді ауыл тұрғыны Мүсірәлі Шалмағанбетұлы. Айта кетелік, бүгін, 29 қыркүйекте еліміздің рухани ордасы – Түркістанда «Ұлы Дала Жорығы» жеңімпаздары белгілі болады. Бүгін Түркістан облысына қарасты Абай елді мекені маңынан аттанған марафоншылар, шеуші кезең – он екінші айналымға жолға шықты. Атқа қонған шабандоздар киелі Түркістан шаһарын бетке алып, ең күрделі кезең саналатын Қаратаудың шатқалды асуынан қиялап барады. Кешкі сағат 21:00-де «Түркістан арена» стадионында «Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық бәйге марафонының жабылу салтанаты өтеді. Анықтама үшін: «Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда. Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы.  Бас серіктес – «Самұрық Қазына» АҚ. Серіктес – «Sportqory» спортты қолдау қоры.