Ер адамдар 55, әйелдер 52,5 жастан бастап: қазақстандықтар зейнетке ерте шыға алады
Ер адамдар 55, әйелдер 52,5 жастан бастап: қазақстандықтар зейнетке ерте шыға алады
5,808
оқылды
Қазақстанда ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитетін енгізу жоспарланып отыр. Ол ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және олардың әрқайсысына жеке кесте бойынша өмір бойы төлемдер белгілеуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған еді.
Заңдағы жаңалықтардың бірі – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитетін енгізу. «Мысалы, ерлі-зайыптылардың, 55 жастағы күйеуі мен әйелінің 11,6 млн теңге және 5 млн теңге мөлшерінде зейнетақы жинағы бар. Бұл ретте күйеуі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен зейнетақы аннуитетінің ең төмен құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін – 9,2 млн теңгені құрайды. Тиісінше, әйелдің жинақ сомасы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз. Жинақты біріктіріп және бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасай отырып, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өмір бойына төлем ала алады», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, бірлескен зейнетақы аннуитеттерін енгізу азаматтардың жинақ бастамаларын арттыруға және зейнеткерлікке шыққан кезде оларға қосымша жинақтарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Дамыған елдерде зейнетақы аннуитеті шарттары - зейнетақы жүйесінің ажырамас бөлігі. Скандинавия елдерінде (Дания, Швеция, Норвегия) бірлескен аннуитеттер ерікті өнімдер болып табылады, ал Латын Америкасы елдерінде (Чили, Мексика, Аргентина) бірлескен аннуитеттер міндетті сипатқа ие», – деді М.Хаджиева. Fingramota.kz хабарлауынша, 2022 жылы елімізде ер адамдар 63 жаста, әйелдер 60,5 жаста зейнетке шығады. Бұдан былай әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын 6 айға ұзартылып, 2027 жылы 63 жасқа жетеді. Алайда зейнет жасын күтпей, зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге болады. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті қаражат жинағы болуы керек. Бұл сома салымшының жынысы мен жасына байланысты өзгереді. Сақтандырушы компаниядан ер адамдар зейнетақы аннуитеті бойынша төлемді 55 жастан, әйелдер 52,5 жастан бастап ала алады.