Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы болды. Отырыс барысында депутаттар «2014 жыл 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.
«Хаттама Еуразиялық экономикалық комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру тетігін нақтылауды көздейді. Қабылданған заң Комиссия қызметкерлерінің еңбек шарттарының талаптарын жақсартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.Құжатта комиссия департаменттерінің директорларымен және олардың орынбасарларымен Комиссия алқасының жұмыс мерзімінен аспайтын мерзімге еңбек шартын жасасу көзделіп отыр. Комиссия қызметкерлері үшін оларды ұзарту мүмкіндігімен еңбек келісімшарттарының 5 жылдық мерзімі, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін өтпелі ережелер белгіленген. Сенаторлар отырыста депутаттық сауалдарын да жолдады. Асқар Шәкіров бастаған депутаттар тобы өрт сөндіру қызметтерінің жұмысына қатысты Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстарда болған өрт кезінде қайғылы жағдайға әкеп соққан проблемаларды атап өтті. Рысқали Әбдікеров суармалы жерлердің тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталып, суармалы егіншілік саласының қызметкерлері үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді ұсынды. Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдарға электрондық қызметтердің қолжетімсіздігіне назар аударды. Талғат Мұсабаев мемлекеттік автоматтандырылған шұғыл шақыру жөніндегі ақпарат жүйесінде кездесетін апаттар кезіндегі проблемаларды көтерді. Сұлтан Дүйсембинов автомобиль жолдарын жөндеу сапасының төмендігін және жол жөндеу жұмыстарын атқару кезінде жекелеген бас мердігер компаниялардың жауапсыздығын сынға алды. Амангелді Толамисов жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі шұғыл шешімді талап ететін мәселелер бойынша сөз қозғады. Серік Шайдаров жергілікті автомобиль жолдарын жөндеу сапасын бақылауды күшейту туралы айтты. Сондай-ақ жөндеу жұмыстары тиісті талдау жасалмай жоспарланатынына және «қалдық қағидаты» бойынша қаржыландыруға наразылығын білдірді.