Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан және Ресей сарапшылары тәжірибе алмасуға арналған халықаралық онлайн алаңның екінші отырысында интернетке тәуелділік, кибербуллинг және лудоманиямен күрес мәселелері талқыланды. Онлайн алаңға жиналған халықаралық сарапшылар осы мәселемен күресудегі жеке тәжірибелерімен бөлісті.
«Интернетке тәуелділік қаупін жүйелі түрде азайту үшін алдымен заң аясында интернеттен қорғаудың көпжақты бірлескен жүйесін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, ғаламтор желісіндегі кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын бақылау шарт. Интернет-сауаттылыққа оқытуды күшейту және оны білім беру деңгейінде міндетті пәнге айналдыру да өте маңызды. Интернетке тәуелділік, кибербуллинг, интернет-қудалау, желілік порнография, интернет-алаяқтық сияқты негізгі тәуекелдерді қатаң бақылауымыз қажет», – деді Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының қызметкері Гао Вэньцзюнь.Ал әзірбайжандық сарапшы, Kapital Bank киберқауіпсіздік жөніндегі маман Амина Гаджиева бұл істе балалармен жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Негізгі мәселе – технология мен интернет емес, оны басқаларға зиян келтіру үшін қолданатын адамдар. Интернетте отырып, басқа адамдарға дөрекілік көрсетпеу және тағы басқа мінез-құлық турасында балалармен жұмыс істеу керек», – деді сарапшы.«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, интернетке тәуелділікпен күрес бойынша шетелдік сарапшылармен бірлескен алгоритм әзірлеу жоспарлануда. Осы жоба аясында балалар мен жасөспірімдердің білімін арттыру және интернетке тәуелділігінің алдын алу мақсатында GalamTOP онлайн курстары өткізілді, жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік, құмар ойындары және кибербуллинг деңгейі жоғары өңірлерді анықтау үшін 32 фокус-топтық талқылау жүргізілді, сондай-ақ бұл проблеманы алдын алу бойынша материалдарды тарату бойынша @GalamTOP Telegram арнасы жұмыс істейді.