Тендерде тентіретушіге тосқауыл бар ма?
Тендерде тентіретушіге тосқауыл бар ма?
561
оқылды
Тендерлерде жеңуден емес, тендер жеңімпазын жығып беруден күреп табыс табатындар бар. Оларды кәсіби шағымшы деп атайды. Енді Үкімет осы кесапаттармен күресті қайта өрістетпек. Себебі жалған шағым тасқыны алапат ауқымға жетті: 2022 жыл басталғалы 10,5 мың шағым түскен, оның бар-жоғы 2 мыңы шын болып шықты. Көп компания мен кәсіпкер тағдыр тәлкегіне ұшырады, адал емес жеткізуші танылып, банкрот болды. Содан қаншама жоба тоқырады, мысалы жаңадан іске қосылған мектептер саны азайды. Ал жаңа күрес шаралары нені көздейді? «Құлагерді» өлтіру – табыс көзі Бұл хикаяның басталғанына біраз болды. 2018 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап Goszakup.gov.kz мем­лекеттік сатып алу веб-порталын­да «элек­трондық шағымдану» функционалы енгізілді: Үкімет тендер қоры­тын­дысына келіспеген қатысушыларға шағымын веб-портал арқылы электрондық түрде жолдауға мүм­кіндік берді. Яғни, бұрынғыдай, құжат жинап, Ас­танаға бет қойған ұшаққа билет алып, елордада ша­былып, еңсесі биік кеңселердің табалдырығын тоздыру қажет бол­май қалды. Барлығы қашықтан жасалады: цифрландыруға жауап­ты тұл­ға­лардың сүйікті сөзімен айтқанда, бәрін үйден шықпай тындыруға болады. Содан қу бастан қуырдақтық ет қырқатын пысықай жандар мұны заңсыз баю көзіне айналдырып алды. Схема қарапайым: мықты компания майшелпек тендерге қатысып, зор әлеуетімен де, қы­зықты ұсынысымен де қарсылас­тарын шаң қаптырып кетеді. Мем­лекет оған халықаралық трасса төсеуді, мектеп, аурухана, спорт сарайы сияқты әлеуметтік нысанды салуды немесе басқа да миссияны сеніп тапсырады. Кенеттен сол мемлекеттік сатып алуда қатысу­шылардың ең соңында тезек теріп қалған әлдебір фирма алыппен жағаласа жөнеледі: портал арқылы шағым жолдайды. Масқарасы сол, бұл жерде ша­ғымның мазмұны, наразылықтың дәйектілігі маңызды емес. Ең бас­тысы, шағымның жазылу фактісі. Шағым түскен екен, құзырлы орган оны белгіленген уақытта, әдетте бір ай ішінде қарап, зерделеуі тиіс. Осы кезеңде жобаны жүзеге асыру тоқ­татылады. Мерзім аяқталар тұста тағы шағымдар жаууы мүмкін. Ақыр соңында көктемде басталуы тиіс құрылыс күз не қыста басталады, 31 желтоқсанда қаржылық жыл аяқталады, бірінші кезеңге бөлінген ірі сома игерілмей қалады. Үкімет басшысы сол үшін вице-министрге не әкім орынбасарына сөгіс жа­риялайды. Олар ызалы жүрек, долы қол жағдайда, әй-шәйға қаратпай, дәйектемелеріне құлақ аспай, мер­дігерді сотқа береді. Сот компа­нияны жосықсыз өнім беруші деп таниды. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңына сәйкес, «мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер 24 ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді». Арамза фирмалар бұдан қалай пайда табады? Біріншіден, әлде­бір бақталастардың тапсырысын орындайды: одан мол пара алып, шағым борату арқылы оның бәсе­келесін әлгі қара тізімге кіргізіп, жайратады, қуатты кәсіпорынды барлық тапсырысынан айырады, дәрменсіз жағдайға жеткізеді. Рейдерлік басқыншылықта да кейде осы тетік қолданылады. Екіншіден, шағым жазған соң ол жеңімпаз компаниядан ақша бопсалайды: сұрағанын берсе, шағымын кері қайтарып алады. Жалпы, қашықтан заңсыз, жөнсіз шағым беруді аламан бәйге­де қара үзіп, алға озған Құлагердің маңдайынан ұру сияқты қа­раулыққа теңеуге болады. Қыстырдым деп, қыстырмайды... Жамбылдық кәсіпкер Түймегүл Қалақбайқызы 2020 жылы аса қым­бат тұратын жоғары технологиялы жабдықтар мен күрделі техника жеткізуді қарастыратын мемлекеттік сатып алу додасында бақ сынапты. Ілгері кеткен, бірақ қарсыласы әлгі тәсілмен ақыры мәре жолының жиегіне шығарып тастапты.
«Мемлекетіміз қаншама мил­лиард халық қаржысын жұмсап, мемлекеттік сатып алу жүйесін цифрландырды. Бірақ бұл кәсіпкер­лерге құт емес, көбіне кесір әкел­гендей. Мен мысалы, Жамбыл об­лысының Білім басқармасы ұйым­дастырған ашық конкурстарына қатыстым. Бірнеше миллиард мем­лекет қаражаты бөліске салынды. Сонда бұл саланы нағыз былық жайлағанына куә болдым. Бір жа­ғынан жекелеген шенділер тендер талаптарын белгілі бір компания­ларға ыңғайлы етіп жазып, соларды ілгерілетті. Мысалы, Жамбыл об­лы­сында белгілі бір жыл бойы істейтін сервис орталығы болсын деген та­лап енгізді. Осыдан-ақ біраз жет­кі­зуші орта жолдан шығып қалды», – деді ол.
Ал жеңімпаздарға қарсы қа­тысушылардың бірі шағым бора­тыпты.
«Сорақысы сол, конкурстардың нәтижелеріне шағым жазған «Ол­жас» ЖШС барлығында «Қоса бе­ріліп отырған құжатқа сәйкес ша­ғымды қарауларыңызды сұраймын» деп жазған, алайда ешқандай да құжатты қыстырмаған! Яғни, ша­ғымның мәні де, мазмұны да бел­гісіз. Ең ғажабы сол, осы шағым­сы­маққа Ішкі мемлекеттік аудит де­партаментінің қызметкерлері «Өтініште келтірген дәйектеме­леріңіз расталды» деп жауап берген! Дәл осындай «сайқымазақ» тірлік конкурстардың көбіне қатысты болды. Мен оның бәрін құзырлы органдарға хатымда нақты атап көрсеттім», – деді Түймегүл.
Оның мәліметінше, аталған қатысушы барлық конкурстық өтінімдерінде ең жоғарғы бағаны көрсеткен және ақыр соңында же­ңімпаз болған. Өзін аяқтан шалды деп есептегенімен кәсіпкер әйел алда жаңа конкурстарда бағын сы­нап көрмек. Басқа амалы жоқ. «Дағдарыс жағдайында халықтың төлем қабілеті төмендеді. Бизнес үшін мемлекеттік сатып алуға қа­тысу табыстың ең бір ірі көзі са­налады. Өзіне сенімді компания­лар іріктеу айқын, әділ өтсе же­ңемін деп ойлайды», – деді ол. Оның үстіне, Жамбыл облысында басшылық ауыс­ты, жаңа команда келді. Мұндай былықтардың бәрін Үкіметтегі жауапты тұлғалар біл­мейді емес, біледі. Бірақ сонымен күрес алға баспай тұр. Қаржы ми­нистрлігі осы тарапта реформа жүр­гізуді үш жыл бұрын қолға алған. Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Енді Әділетті Қазақстандағы жаң­ғыру аясында бұл салада да жа­ңарулар жүргізіледі деп күтіліп отыр. Қаржы министрлігі кәсіби шағымшылармен (профессио­наль­ные жалобщики) күрестің жаңа тетіктерін қалыптастыратын заң жобасын әзірлеуге кірісті. [caption id="attachment_220110" align="aligncenter" width="1426"]тендер © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Құжаттың бір жаңалығы – тендер қорытындысына шағым беру енді тегін болмайды: белгілі бір сомада кепіл қаржы енгізуі керек. Егер шағымы расталса, онысын қайтарып алады. Шағымы жалған деп танылса, қаражаты бюджетке аударылады.
«Жыл сайын мемлекеттік аудит органдарының атына әлеуетті өнім берушілерден негізсіз шағымдар өте көп түседі. Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым беруді біразы шарт жасасуды тоқтата тұ­руға қол жеткізу үшін пайдаланады. Ал бұл мемлекеттік сатып алу про­цесін ұзаққа созады. Шағым беру­шілердің арасында «кәсіби ша­ғымшылар» пайда болды, олар үшін шағым жасау мемлекеттік сатып алуды бұзудан заңсыз пайда табудың құралы саналады. Осыған байла­нысты негізсіз шағым беруді бол­дырмау үшін шағымды қамтамасыз ету тетігі ұсынылады», – деп тү­сіндірді министрлік мамандары. Бұл жаңалық 92 мыңнан астам әлеуетті өнім берушіге қатысты бо­латын көрінеді.
Өтірік айтқандар алым төлейді Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің де­регінше, оның аумақтық департа­менттері 2019-2022 жылдары ка­мералдық бақылау аясында мемле­кеттік сатып алуды ұйымдасты­ру­шылардың іс-әрекеттеріне не әре­кетсіздігіне қатысты 82 074 ша­ғым­ды қарапты. Шағымдар легі тау ба­­­сынан құлаған жентек қардай ұлғайып барады: 2020 жылы – 15 920, 2021 жылы – 32 546, ал 2022 жылдың басынан 10 507 шағым қаралды. Сонымен бірге жалған шағым­дар легі де арту үстінде: аумақтық департаменттер қарау нәтижесінде 2019 жылы 10 088 шағымды, 43,66 па­йызын, 2020 жылы – 8 132 ша­ғым­ды немесе 51,08 пайызын қа­нағат­тандырудан бас тартты. 2021 жылы тендерлерге шағымдардың 31,14 пайызы немесе 10 135 шағым, 18,68 пайыз немесе 6 080 шағым ішінара қанағаттандырылды. 50,18 пайызы немесе 16 331 шағым расталмады. Жыл басынан бері ­түс­кен ша­ғымдардың 19,38 пайы­зы не­месе небары 2 037-сі толық рас­тал­ған. Тағы 27,95 пайыз не 2 937 ша­ғым ішінара қанағаттан­ды­рылды. Алайда 39,38 пайызы не­месе 4 138 шағым фейк болып шы­ғыпты. ­Ве­дом­ствоның байла­мын­ша, ша­ғым­да­нушылар­дың үл­кен бөлігі әділдік іздемейді. Демек, олардан арылған жөн.
«Ұсынылып отырған тетікке сәйкес, әлеуетті өнім беруші мем­лекеттік сатып алуға қатысты ша­ғымын электрондық әмиян арқылы қамтамасыз етуі тиіс. Уәкілетті ор­ган оның шағымын толық немесе ішінара қанағаттандырса, шағымды қамтамасыз етуі қайтарылады. Уә­кілетті орган шағымын қанағат­тан­дырудан бас тартса, қаражаты рес­публикалық бюджет кірісіне есеп­теледі», – деп хабарлады Қаржы министрлігі.
Шағымды қамтамасыз ету со­масы лоттың сомасына байланысты болады, сондай-ақ шекті сома бел­гіленеді. Министрлік кепіл қаржы­ның көлемі тендер лотының жалпы сомасының 0,1 пайызына тең бол­сын деп ұсынып отыр. Бірақ ең жоғарғы межесі 100 АЕК-тен көп болмайды (1 АЕК – 3063 теңге). Мысалы, шағын лоттың сомасы – 1 300 000 теңге ғана болса, шағым беру құны – 1300 теңгеге теңеледі. Ал егер лоттың сомасы – 1,3 мил­лиард теңге тұрса, оған шағым беру 306 300 теңгеге түседі. Әйткенмен, сарапшылар бұл соманы 1 пайызға дейін өсіруді ұсынады. Мемлекеттік сатып алулар маманы Жасұлан Мусин кәсіби шағымшылар шағымын қайтарып алу үшін жеңімпаздан тендер сомасының шамамен 5 пайызын сұрайтынын айтады. Бұл бірнеше миллионға жетеді. Ендеше оларға 300 мың теңгені төлей салу қиынға түспесі даусыз. Бұл тетікке қатысты соңғы шешім мен сома Парламентте бел­гілі болады. Әрине, егер заң жобасы депутаттарға жетсе: құжатты ми­нистрліктердегі мүдделі шенділер бұғаттап тастауы да ғажап емес.