Директордың дені дұрыс па?
Директордың дені дұрыс па?
363
оқылды
«Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» – деп бекер айтылмаған ғой. Қазіргі жастар ештеңе түсіне алмайды. Бәрін тіке түсінеді. Сосын, түсіне алмай, тістеніп жүргендері. Әй, адам деген әр сөзді аударып, төңкеріп, қағып, сілкіп дегендей, мағынасына зер салса қайтеді, а? Бұл оқиға қызық болды. Ымға да, дымға да түсінбейтін жас маман мектеп директорының кабинетіне кіріп, кібіртіктеп тұрып қалды. – Апай, жұмыс іздеп келіп едім? – Мамандығың? – Мал дәрігері. – Бізде «Мал анатомиясы» деген сабақ жоқ қой. – Оны білем. – Мамандығың деймін? – деп сұрады мектеп директоры. – Гинеколог. – Мектепке гинекологтың қатысы қанша? – деп көздерін жыпылықтатты директор. – Мамандығың жоқ па, басқа? – Краншы. – Немене? – Крановчица. – Сен өзі мектепке келіп тұрғаныңды білесің бе? Құрылыс алаңына келгендей сөйлеп тұрсың ғой? – Апай, менің бірнеше дипломым бар. Әйтеуір, жұмыссыз қалмайын деп, оқи бергенмін ғой. Өзім қалаған мамандығым бар. Қазақ тілі мен әдебиеті маманымын. – Е, бәсе сөйтпейсің бе, бағанадан бері әр мамандықты сандырақтағанша. Жас маман күлімсіреп, директорға қарады. Ол да жымиған болды. «Шамасы, мына қыз ештеңенің мәнін, бірдеңенің дәнін көрмеген болды ғой?» – деп ойлады ішінен директор. Сосын, креслосына қисая қозғалды да: – Ахмет Байтұрсыновты танисың ба? – деп сұрады. – Жоқ, танымаймын. – Қалай танымайсың? – Сіздің оқу ісі жөніндегі орынбасарыңыз ба? – Міржақыпты да танымайтын шығарсың? – Танимын. – Ол кім? – Менің курстасым. – Ммм. Жас ммаман да өзінше қулығы бар бой­жеткен еді. Директордың қитұрқы сұрақтарына «топас» ретінде жауап берген. Ал, директор осындай топас мамандарды жақсы көреді, кейін өзіне қарсы шықпайды, айтқанын орындайды. Директор оған бұрылып: – Жұмысқа аламын, – деді. Қыз қуанып кетті. Орнынан ұшып тұрып, директорды құшақтап, бетінен шөпілдетіп сүйе берді. Директор жақтырмай қалды. – Немене пәлесің, шошаңдап! Бетімді жалай бергені несі? – Апай, сізге көп рахмет! – Рахмет болғанда, БМТП... – Ол не? – деп таң қалды жас маман. – БМТП– деді директор жәй ғана. – Түсінбедім, апай? – Түсінбесең, түсініп кел. Кабинеттен көңілсіз шыққан жас маман ішінен: «БМТП, БМТП, БМТП», – деп қайталай берді.. Құрбысынан да сұрап көрді. – Айко, БМТП деген не сөз? – деп сұрады. – Білмедім. – Осы сен не білесің? – Өзінен сұрамадың ба? – Айтпады ғой. Мектеп директоры жұмбақ апай екен. – Директордың дені дұрыс па? – Дені дұрыс. – Онда, бар да, ұрыс. – Е? – Мен ондай жұмбақ сөзді білмеймін, ашық айтыңыз де. Түнімен ұйықтай алмаған жас маман «БМТП, БМТП, БМТП» – деп сандырақтап шықты. Ертеңіне директордың кабинетіне келді. – Апай, БМТП дегеніңізді түсінбедім. Ашық айта аласыз ба? – Қысқарған сөз ғой. Әр сөздің бас әріптері. – Ондай білмеймін, апай. Директор оны оңашалап, құлағына сыбырлады. Жас маманның көздері алақандай болды. Басын шайқап, кабинеттен атып шықты. Ал, ойланыңыздар, директор оған не деді? Жас маман неге басын шайқап, ашуланып шығып кетті? Білмейсіздер ме? Онда айтайын, БМТП– диреткордың сөздерді қысқартып айтып, жұмбақтаған, сақтанған түрі. Таратып айтқанда: «Бір миллион теңге пара» – дегені. Түлкібас ауданы, Майлыкент жалпы орта мектебінің директоры Ақмарал Айсадықова ағылшын тілі пәнінің маманын жұмысқа орналастыру үшін бір миллион теңге сұрамады, небәрі екі жүз мың теңге ғана сұрады. Аз ғой. Неге өйтті екен? Тым болмаса, екі жүз он мың теңге десе қайтеді екен? Сосын, ЕЖМТП деп жұмбақатаған да жоқ! (Екі жүз мың теңге пара.) Болмашы ақшаға бола, антикорға ұсталып қалып, сот үкімімен 6 миллион теңге айыппұл төлеп құтылғанына шүкір деңіз! Парқорлық, пара, ол деген жазылмайтын жара...

Жұмаштың ЖҮГЕРМЕГІ