Ғимарат құшақтағандар
Ғимарат құшақтағандар
284
оқылды
Алматыдағы Ғылым акедемиясынан шық­қан біреу, ғимараттың қабырғасын құшақтап, біраз тұрды. Сосын, аспанға қарады, шашын тарады, нетті, жөніне кетті. Бір кезде, ғимараттан шыққан бір ғалым әйел де, аз-кем кідірістеп тұрды да... Ия, ол да ғимараттың қабырғасын құшақтап, екі қолын құс қанатындай жайып, тақала тұрып алды. Сосын, аспанға қарап, ернін бір жалап, қобыраған шашын тарап, нетті, ол да жөніне кетті. Мына қызық көріністі, «тегін концертті» көрген бір депутат акедемияның есігі тұсына жақындағанда, бір ғалым шыға келді. Ол да, қабырғаға тақала түсіп, екі қолын жайып жіберіп, ғимаратты сипалап, сүйіп, нетті, күрсініп алып, жөніне кетті. – Қызық екен, ә? – деген дауысқа жалт қарап еді, бір қария күліп тұр екен, таяғына сүйеніп. – Ата, ғимараттан шыққандардың қабыр­ғаны құшақтағандарына түсінбей тұрмын, сіз білесіз бе? – деп сұрады депутат. – Жоқ балам, мен де түсіне алмай, жетпей тұрғаны шамам? – Сиынатындай, мавзолей емес, қасиетті қорған емес... – Бірдеңені қимай жүрген сияқты ғой? – деп қария насыбайын ата бастады. Сол кезде жалтыр бас бір ғалым есікті айқара ашып, сыртқа шықты да, портфелін жерге қойып, қабырғаны құшақтады. Сосын, аспанға қарады, әне, мәз болып, талтаңдап кетіп барады... – Ғалымдардың іштері пысқан-ау? – деді қария. – Дені дұрыс тірлік емес қой, – деді депутат. – Баяғыда жазушы, депутат Шерхан Мұртаза айтпап па еді? «Біздің ғалымдар сиыр сияқты. Кейбір сиырлар шөп жейді, жем жейді, бірақ сүт бермейді», – деп. Бұлар еріккендер ғой деймін? – Ия, президентіміз де, «Біздің ғалымдар ғылым туралы баяндама жазумен ғана шектеліп отыр. Сосын, салалық журналдар шығарады. Болды, бітті. Акедемиктердің өздері академия­ның болашағына сығырайып қарайды» – деді емес пе? – деген депутат қарияға сөз лақтырды. Ол қағып алып: – Біздің ғалымдар ас ішіп, аяқ босатарлар! Қандай ғылыми жаңалық ашыпты? Қашан? – деп тұрғанда, бір қасқа бас ғалым шыға келді де, қабырғаны құшақтап, сипалап тұрып алды. – Әй, шырағым, неменеге құшақтап тұрсың? Біз де құшақтайық та? – деп сұрады қария. – Пожалыста, құшақтай беріңіз! – Жоқ, не үшін құшақтайсыңдар? – Білмеймін, бәрі құшақтаған соң, мен де құшақтай салайын, – деген қасқабас жөніне кетті. Сосын, тағы бір әйел шықты. Ол қабырғаны құшақтаған жоқ, қаздаңдап кетіп бара жатыр еді, қария алдына тұра қалды. – Шырағым, сен неге құшақтамайсың? – деп сұрады. – Кімді? Сізді ме? Зачем? – Құшақтамайсың ғой деймін? – А, зачем, аташка? – Мені емес. – Енді кімді? – Мына қабырғаны. – Аа, поняла, – деп орысша шүлдірледі әйел, – Ата, мұнда отырғандардың біразы СССР-ді қимайтындар ғой. Бастықтар да. – Ал, неге аспанға қарайды? – деп сұрады депутат. – Сіздер де, ғимараттың биіктегі маңдай­шасына қараңыздар. Депутат жоғары қарады да, басын шайқап алып, жөніне кетті. Шал шалқасынан түсе жаздады. Алматыдағы ғылым акедемиясы маңдайшасына не жазылған еді? Сенбесеңіздер, сонда барып, аспанға қараңыздар, еріндеріңізді жалаңыздар. Баяғыда құрдымға кеткен СССР– ді есіңізге аласыз. Тәуелсіздігімізге тәубе десеңіз де... Маңдайшада былай: «Қазақ ССР Ғылым академиясы» деп жазылған күйі қалыпты! Көрмес, түйені де көрмес!

Лара ӘБДІҚЫЗЫ