Біз мақтаншақпыз!
Біз мақтаншақпыз!
219
оқылды
Кенеттен мақтанғым келді. Мұнай өңдеу зауытынан шығатын құбырдың үстіне ырғып мініп алдым. Есекке мінгендей. Керемет сезімге бөлендім. Жүрегім өрекпіп, көңілім көтеріліп, айхой шіркін, ән салғым келіп кетті. Мұнайдың үстінде отырмын ғой. Отырмын ғой десем, отыр екенбіз! Жан-жағыма қарасам, құжынаған халық мұнай құбырының үстіне отырып алыпты. Бәрі мақтанып отыр. Құбырды сүйіп, сипалап қойған келіншектерге қызығып кеттім. Темірді сипалағанша, мені сипалап... Бір кезде, полицейлер келді. Маған жақындап: – Неғып отырсың? – деп сұрады. – Мұнай үстінде отырмын. – Сен бе, бастаған? Түс былай! – Біз қандай бай елміз! Мұнайдың үсінде отырмыз ғой! – Түс деймін! – Мұнайымызбен мақтанамыз! Дизель жоқ, бензин қымбат дегендер мақтана алмайтындар! – дедім мен. – Байлар коттедждерімен, қымбат көліктерімен мақтанады! – деді қасымда отырған қайыршы қасын керіп қойып. – Сен неғып отырсың? – деп сұрады полицей тағы біреуден. – Білмеймін. – Білмегені қалай? – Жұмыс жоқ. Сосын, мұнай үстінде отырған елміз ғой деп, мақтанайын деп... – Сен ше? – деді бір бойжеткеннен. – Мұғалім едім, жұмыстан қысқартып тастады. Сосын, мақтанайыншы деп осында келдім. – Керемет бақыттысыңдар! Үкімет сегіз ай жарылқаймыз деп алдап келді, енді өтірікшілер еліненбіз деп мақтаныңдар! – дедім мен. Ақырында, полицейлер бәрімізге гүл беріп тарқатты. Мақтай кетіп еді, мәз болып, тарқап кеттік. Бірақ, ертеңіне бір қапшық қантты әрең тауып, астананың кең көшесінің біріне көтеріп әкелдім. Сөйттім де, қанттың үстіне отырып алдым. Көлік қозғалысы тоқтады. Полиция да тауып ала қойды. – Неғып отырсыз? – Қанттың үстінде. – Неткен адамсыз? – «Крышасы» кеткен адаммын. – Неғып қанттың үстінде отырсыз? – Қантымыз көп болса да, жеткізе алмаймыз, қант құмар елміз деп мақтанғым келді. Олар мені қуып шықты. Ертеңіне базардан қой сатып алдым да, арқа жүнінің арасына ұя салдым. Үкімет үйінің алдына полицейлер жетіп келді. – Қой қасында неғып отырсыз? – деп сұрады бірі. – Бозторғай қой үстіне жұмыртқаласын деп. – Тауықтың жұмыртқасын салып қойыпсыз? – Біздің елдің бозторғайлары да мақтаншақ! Өзіндей жұмыртқа туа алмаса да, тудым деп кетсін! Әзіл-шыны аралас дейміз бе, жоқ, шындығы сорғалап тұр дейміз бе, осындай әңгіме естіген құлағымда жазық жоқ. Шынында, мақтанғанда, алдымызға жан салмаймыз. Менделеев элемент­терінің үстінде отырмыз деп бөсеміз. Бірақ, уранның, басқаның пайдасы халыққа тиді ме? Байлардың қалтасын томпитқаннан басқа? Шенеуніктер бетімен кеткен бағаны ауыздықтаймыз деп кеуделерін тоқпақтады. Мақтанды. Кеуделері тоқпақтайтын барабан сияқты. О – о, «жұлдыз» әншілердің бәрі мақтаншақ болып кетті. Бірі Дубайда, бірі Америкада демалып жүргендерін жарыса жазып жатады. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Түркияда бір тойының дүркіреп өтетініне мақтанды. Біз де қосыла мақтана жаздадық. Жұлдыздардың ішінде Қайрат Нұртас тіптен мақтаншақ. Бір түстік асына пәленбай мың теңге жұмсайтынын естігенде, көздеріміз көбелек болып кетті. Мейлі, қанша жұмса да, өз еркі, бірақ, әлеуметтік желіге жарнамалап керегі не еді? Әнші Ерке Есмахан сахналық көйлектерін жарнамалаумен мақтанып әуре. Ашық сахнада өткен концертінде: «Туу, мына желді-ай, көйлегімді желбіретіп жіберді ғой? Қалай, көйлегім сіздерге ұнады ма?» – деген сұрағы «хит» болып кетті. Көшеде кездескен әйелдердің бәрі бір-біріне көйлектерінің етектерін көтеріп, «Қалай, ұнайды ма?» – деп сұрайтын болды. Осылай, қонаққа барғандарын, ішкен-жегендерін, тіпті, жүкті болып қалғандарын, ғашықтарымен сүйіскендерін жазып, жарнамалап, мақтанып жататын әншілерге не деуге болады? Бүркіт деген әнші де шетелде болған жерлерімен мақтанып, желіге салып отырады. Шетел азаматтарына тұр­мыс­қа шыққан қыздар да, мақтанудың майын тамызып жүр. «Ата-анама пәленбай мың доллар қалың мал төледі. Мен бақыттымын!» – деп өтірік жымиятын қаракөздеріміз ақшаның , байлықтың құлы болып кетті. Ия, біз мақтаншақтар еліненбіз. Сіз ше? Сіз мақ­таншақ емессіз бе?

Ратқұм МІРЕШ