Өрмек торда – өнер
Өрмек торда – өнер
153
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы мәде­ниет басқармасының ұйым­дас­тыруымен «Театр жылы» жобасы аясында театр сала­сы мамандары мен сарапшы­ла­ры арасында «Театр диало­гы» клубының тұсауын кесті. Бұл – қазақ драматургтері, ре­жиссерлері мен актерлері бас қосатын алаң болмақ. «Биыл – мерейтой толы. Атап айтсақ, Абай атамыздың 175 жылдығы, әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы атал­мақшы. Соған орай, Нұр-Сұл­тан қаласының мәдениет са­ласы несімен ерекшеленуі керек, қандай болуы тиіс деген ой мазалады. Ақылдаса келе, өнер саласының биік шыңы – театр бол­ғандықтан, жылды соған ар­нау­­ды жөн көрдік. Бұл – бос сөз, жал­ған ұран емес» деген Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет бас­қар­масының басшысы Нұрлан Сыды­қов осы бас қосу арқылы өзекті мә­се­лені талқылап, шешімін табу­ға тырысатынын жеткізді. – Қалада театрға барынша қо­лайлы жағдай жасалып жатыр. Әкімдікке қарайтын 6 театр бар, онда 800-ге жуық адам жұ­мыс іс­тейді. Соның 400-і – әртіс­тер. Жекеменшік театрды қос­қан­да бар­лығы – 18. Оның 9-ы – Сарыарқа ауданында, 6-ы – Есіл ау­да­нында, Алматы ауданында 1 театр бар. Оның өзі студенттерге арналған жекеменшік театр. Ал Байқоңыр ауданында бір­де-бір театр жоқ. Соңғы екі ау­дан­да 600 мыңға жуық адам тұра­ды. Не­гізінен өзге қаладан келу­ші­лер де, студенттер де осын­да мекендейді. «Өн­діріс», «Көктал», «Желез­но­дорожный», «Қара­өткел» се­кіл­ді елді мекендер­дің театрға келу­ге мүм­кіндігі жоқ. Қала тұрғын­да­рының мәдениетін театр қалып­тас­тыратын ұмытпайық. Сон­дық­тан халықты өзімізге тарту үшін қала шетіндегі елді мекен­дерге гастрольдік сапар ұйым­дас­тыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы. Мәдениет басқармасы осы орай­да арнайы бағдарлама жа­сап, сол бойынша жұмыс жүр­­­гізуді қолға алмақ. Мәсе­лен, Во­лон­тер жылы аясында апта­­сына 1-2 сағатқа актерлік ше­бер­лік бойынша дәріс өткізсе, шал­ғай жатқан аудандарда көр­кем үйірме ашуға болатынын айтты. «Қаладағы театрлардың ішінде 7-14 жасқа дейінгі бала­лар­ға арналған театр жоқ. Әри­не, қуыршақ театры бар. Ол 3-7 жас аралығындағы балаларға ар­нал­ған. Соған орай, заманауи форматта балалар және жасөс­пі­рімдер театры ашылады» де­ген Мәдениет басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Бақытжан Фазылқайыр билет бағасының арзан екенін айтып, онлайн саты­лым­ды жетілдіруді сөз етті. «Жастар» театры актерлерінің айлығы депутаттардың шайлы­ғын­­дай ғана», – дейді белгілі ре­жиссер Талғат Теменов. Оның айтуын­ша, республикалық театр­лар­дың жалақысына 50 пайыз қосылғанымен, қалалық және об­лыстық театрларға 35 пайыз өсі­ріпті. Айырмашылықты жо­йып, бөліп-жармай, жалақы­ның теңдестіруін сұрады. Қаланың өзін­де театрдың аздығын сөз етіп, кәсіби маманның жоқтығын айт­ты. – Театр жылына біз, театрлар, не береміз? Әкімшілік бізге не бе­ре­ді? Яғни, көрерменге не бе­ре­ді? Бүгінде кәсіби суретші, сурет­ші-гример, дыбыс режис­сері, жарық түсіруші мүлдем жоқ. Бұл мамандарды бұрын өнер училищелері дайындап шы­ғара­тын. Қазір ондай оқу орны жоқ. Консерватория жанындағы театр факультеті өткен ғасырдың 55-78 жылдары болған. Кейін Алматы театр өнері институты болып бөлініп шықты. Ал Театр және кино институты ректоры бол­ғанымда 300-ге жуық адам оқыды. Бүгінде «Шабыт» акаде­мия­сында 800-ге жуық бала бар. Қазір Қазақ мемлекеттік кино және театр институтын бөліп алатын уақыт келді, – деді режиссер. Халық әртісінің айтуын­ша, қаланың мәдениет басқарма­сы­ның қолдауымен бүкіл театрдың ай сайынғы қойылымдары жайында кітапша шығарылып, сауда орта­лықтарында біріккен касса жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. «Қаланың барлық жері баннерге толы. Сол жерде дүниенің жарна­ма­сын көресің. Бірақ соның бірін­де театр қойылымдарын кез­дес­­тірмейсің. Сондықтан қала әкім­дігі осыны жарнамалауды мой­нына алып, тегін жасауы ке­­рек. Және әр қойылымның бюд­­жетін көтеру қажет. Мыса­лы, «Астана Операның» бір спектакліне қырғын ақша құйыл­са, бізде бар-жоғы 3-3,5 млн ғана беріледі. Соған орай, біз қы­тай­­дың сапасыз дүниесін ала­мыз, ол 2-3 қойылымнан кейін то­­зып, түгі қалмайды. Со­дан ке­йін сахнамыз жұпыны болма­ған­да не болады?! Соңғы 20 жыл­да театр саласынан бірде-бір адам министрдің орынбасары болмады. Көбіне музыкант пен композитордан шығып жатыр. Әрине, олардың ісін жоққа шыға­рып отырғаным жоқ. Қай-қай­сысы болсын, сыйлаймын, құр­мет­теймін. Алайда елімізде 60-дан астам театр болса, оның сойылын соғатын бір адам болуы тиіс. Оның өзі біздің ортадан шыққаны дұрыс», – деді Талғат Теменов. Жазушы-драматург Роза Мұқанова болса, мұн­дай бас­та­ма­ны жөн көріп, ұйымдас­ты­ру­шыларға ризашылығын білдірді. Бастаған іс аяқсыз қалмауын сұра­ды. «Мені алаңдататын бір дү­ние – директордан бастап, еден жуатын адамға дейін ең­бека­қы қаралған. Ол мәселе ше­шіл­ген. Ал сахнада қойылған драматургтің шығармасына қала­мақы қаралмаған. Оны кім қада­ға­лайды? Кімге қандай деңгейде қаламақы беріледі? Міне, осы мә­селе біздің мәдениет заңында нақты көрсетілмей отыр. Шыны керек, қазір әркім өз қалауынша береді. Көңілі соққанға бәленбай миллион, соқпаған жанға 350 мың теңге қоя салады. Дамып отырған елдің өнерді қолдап отырғандағы бұл қылығы бәрімізді ойландыруы керек», – дейді жазушы. Оған қоса, жазушы көр­кем­дік кеңестің жан-жақтан ша­қы­рылғанын құп көрді. «Ре­жис­­сер, драматург, компози­тор, мұ­ның бәрі тек театрдың ішінен болса, театр өспейді. Сондықтан көркемдік кеңеске сол саланың адамы міндетті түрде қатысып, басқа қаладан шақырылса, театр­да өрлеу пайда болады», – деді Роза Мұқанова. Клуб отырысы ашық фор­мат­та өтіп, театрдың өзекті мәсе­­лелері, даму жолдары және театр жылына байланысты жыл бо­йы­на жалғасатын іс-шаралар тал­қыланды. Жиынға қаладағы бар­лық театр жетекшілері қатысты. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімдігі мен мәдениет басқар­масының ұйғарымымен Театр жылына орай «Сахна саң­лағы-2020» марапатын 27 нау­рыз­да өткізбекші. Оған былтырғы жылдың наурызынан биылғы нау­рыз­ға дейінгі аралықтағы спек­такльдер сүзгіге алынды. Сөй­тіп, үздік спектакль, үздік ре­жиссер, үздік актер, үздік актри­са, екінші пландағы үздік актриса мен актер, үздік сценография, үздік балет әр­тісі, үздік опера әртісі және үз­дік менеджер номинациясы бе­ріледі. Бұл марапат «Оскар» жүл­­десіндегідей ерекше сән-сал­та­натпен өткізілмек.   Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС