Құдай қуалап ұрды…
Құдай қуалап ұрды…
308
оқылды
Ол кабинетінде керіліп, жұмыс істеуге ерініп, қаламсабымен столды тықылдатып отырған. Бір кезде, есігі сықырлап ашылғандай болды. Бірақ, ешкім көрінбеді. Жанына келген біреу күрсінгендей болды. Бірақ, тағы да, көрінбеді. Ашық тұрған терезе сарт етіп, өзінен-өзі жабылғанда, Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп-интернаттың директоры А.Базарханова орнынан ұшып тұрып: – Бұл кім? – деп сұрады. Ешкім жауап қатпады. Зәресі қалмаған директор тал түсте талып қала жаздады. Жан-жағына үрейлене қарады. Жын ба? Шайтан ба? Елес пе? Кеңкелес пе? Түсінсе, бұйыр­масын. Кабинетінен шыға беріп еді, әлде бір күш оны итеріп, креслосына отырғыза қойды. – Мамааа, бұл кім? – деп сұрады ол тағы да. – Мен. – Меніңіз кім? – Мен. Құдайыңмын. – Көрінбейсіз ғой? – Құдай көрінбейді. – Ке–кешіріңіз, мен асығыс едім, – деген ол қалтырай түсіп, орнынан тұра беріп еді, әлдекім бетіне шапалақпен салып қалды. Әлдекім емес, көзге көрінбей тұрған Құдай еді. – Ойбай, неге ұрасыз? – деп сұрады бұл жыламсырап. – Құдайыңды, мені ұмыттың. – Ұмытқан жоқпын. По– помню... – Құдайыңды ұмыттың, өзің басқаратын жетім балаларға арналған мектеп– интернатқа бөлінген қаржыны асай бастадың. – Жооқ. – Жаның шықсын! Емдік дене шынықтыруға бөлінген қаражатты қылғыттың ғой? – Қа-қалай? – Сабақ өткізбесең де, оқу сағаттарын жүргізген болып, жалақы алып келдің! Жетімдерден жегенше, жер басып жүрмей-ақ қойсаңшы? – деген Құдай тағы да шапалақпен салып қалып еді, директор кабинетінен қаша жөнелді. Сол қашқаннан қашып отырып, орынбасарының артына тығылды. – Сізге не болды? – деп сұрады орынбасары. – Мені құдай ұрды! – Құдай ұрғаны несі? Бірдеңе бүлдіріп қойдыңыз ба? – Қазір ғана Құдай шапалақпен салып қалды. – Қайдағыны айтпаңызшы? Сізге елестеп кеткен шығар? – Ойбай, әне, келе жатыр! – деген ол орынбасары кабинетінен шығып, акт залына кіріп кетті. Онда балалар концертке дайындалып жатыр екен. Жетімдердің артына барып тығылды. Құдай ол жерге де жетіп келді. – Не деген әккі едіңіз? – деп сұрады Құдай. – Кешіріңіз, Құдеке... – Интернаттағы қызметкерлерге «Қосымша жұмыс істегендері» үшін қомақты жалақы аударып отырдыңыз. Олар есеп-шоттарындағы ақшаны сізге табыстап отырды. Шын мәнінде, қосымша жұмыс істемеді ғой? – Иияяя. – Қалай ұялмайсың? – деген Құдай оның бетіне шапалақпен салып қалды. – Ойбай, бетім! – Сенде бет бар ма еді? – Бар ғой. – Бар болса, жетім балалардың ауыздарынан қалай айырып аласың? – Кешіріңіз. – Кешірмеймін! Біреуге ақша қарыз едің. Одан қалай құтылдың? – Ақшасын апарып бердім. – 729 мың теңгені қалай таптың? – Жолдан тауып алдым. – Жооқ, мемлекеттен сауып алдың! Оның жұбайын «жұмысқа алған» болып, жұмыс істемесе де, жалақыны апарып бердің. Саған рахат екен де! Қазақта «Құдай ұрды!» деген сөз бар ғой. Шынында, Шығыс Қазақстан облысындағы жетім балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры А.Базарханова бюджеттің 12 миллион қаражатын жымқырып, масқара болды! Сөйтіп, «ақылды әйел» төрт жылға бас бостандығынан айырылып тынды. Оой, не деген «жынды»...

Мұхтар ШЕРІМ