Қазақ сатирасының антологиясы
Қазақ сатирасының антологиясы
359
оқылды

Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ (1905-1983ж.)

Қазақ кеңес дәуіріндегі әдебиетіміздің негізін қаласқан, оның қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан әдебиетіміздің түрлі салалары мен жанрларында қалам тартып, мазмұнды, мағналы туындыларымен әдебиет тарихын байта түскен қарымды қаламгер. Асқар Тоқмағамбетов ақындығының жемісті саласы – оның сатиралық шығармалары. Өткір тілді сықақ өлеңдері, фельетондары мен мысалдары өмірдің ілгері дамуына бөгет болып отырған ескінің қалдықтарын түйреп, әшкерелеуде үлкен қоғамдық қызмет атқарды. Туған әдебиетіміздің классиктері Бейімбет Майлин «Тілің, Асқар найзадай өткір екен» деуі де, Мұхтар Әуезовтың «Қырғи тілді ақын» деп бағалауы да, Қалтай Мұхамеджанов «Тіл ұстартуда Асқар – жеке мектеп. Өйткені Асекең- қазақ тілінің қалайсынан күміс, қаңылтырынан құрыш құйған зергер» деп бағалауы да, Асқар ақынның сатира жанрындағы аса дарынды қуаты барлығын сыпаттаса керек. 1929 жылы басылған «Күлкі-сықақ» атты тұнғыш сатиралық өлеңдер жинағынан бастап басқа да жинақ кітаптарына жарияланды. Сатиралық туындылары өткен өміріміздің тарихи үні болып қалмақ. Ал, «Желіккен жеңгейлерге» (1939ж.), «Мылжыңның баяндамасы» (1939 ж.) , «Честное слово» (1937ж.), «Құлқын туралы құпия сыр» (1940ж.) тәрізді сатиралық өлеңдері әлі күнге арыла алмай келе жатқан кеселдеріміздің дәл басып айтқандықтан да, әліде өміршең.   Честное слово Бетіне қарай, күлімдей келеді, Күлсе қарасаң, күлімдей береді, Майпаздап жүріп, мәпелеп сөйлеп, Жыландай жылжып, білінбей келеді.   Жаныңа жайлап, жағына келеді, Жай-күйін айта, шағына келеді, Жақындай түсіп, жағымпазданып, Саулығыңды айта, сағына келеді.   «Честное слово» – сөзінің басы, «Значит, факт» – сөзінің нашы. Күйіне сөйлеп, күйгелектеніп, Келіп те қалад көзінің жасы.   Сүттен ақ, судан таза келеді, Түп-тұғияның қаза келеді, Жел болып желпіп, от болып шалқып, Сыртыңнан өсек жаза береді.   Алтындап алған тісі болады, Үлкен де болса, кіші болады, Ақсия күліп, ақшия қарап, Сондай бір «честный» кісі болады.   Донос пен арыз аттанып жатады. Арызға қоса хат жазып жатады. «Честное слово» фактысы мол деп, Папкаларды ашып, ақтарып жатады.   Сөзінің бәрі: «депті» – мен келеді, «Құртуға уақыт жетті!» – мен келеді. «Честное слово, бір жолдас айтты, Ол шынын айтып кетті!» – мен келеді.   Сөзінің көбі цитатпен келеді, Өмірі көрмеген кітаптан келеді. Көкірегін қағып,көтере сөйлеп, Жек көрген адамын сықақтай келеді.   Етегін сіліксең «акты» шығады, Женің сіліксең «факты» шығады, Қойнын ақтарсаң, қолаба-қоржын, Сүрленген арыз папка шығады.   Көрінген адамды шатып жатады, Қағаздан мылтық атып жатады. «Честное слово» – фактымен толып, Шындықтан бірақ қашық жатады.      Желіккен жеңгейлерге Түнімен ұйықтап, түсте тұрады, Кейде сағат үште тұрады, Бір-екі сағат жуынып жүреді. Үйдің апшысын қуырып жүреді Бір-екі сағат айнада тұрады, Бір бетін, бір сыртын айнаға бұрады. Сипалап майлап, сылайды келіп, Дударлап шашын бұрайды келіп, Қампиған қарны икемге келмей, Резинкамен қынайды келіп. Модадан мода таңдайды келіп, Тастайды қас пен маңдайды керіп. Өзі бір басқа, киімі басқа, Не көрсе соның бәріне жерік. Істейтін түк те жұмысы болмайды. Үй ішімен бір ісі болмайды. Сондықтан жеңгей еріге түседі. Еріккен жеңгейлер желіге түседі. Телефонды алып звонит етеді, Звонит етсе – ақ машина жетеді. Мастерской мен магазин қалмайды, «Ателье модтардың» киімін таңдайды. Сәл ашуланса ауырып қалады, Сәл көңілденсе сауығып қалады. Біреудің алтын сағатын көрсе, Иісмай, яки жағатын көрсе, – Есебін тауып сатып алады. Сатып алмаса жатып алады. Кесе де сынады, шайнек те сынады, Есік, терезе, әйнек те сынады. Амалы бар ма күйеуі жазған ?! Қалтасындағысын беред де шығады. Байына жеңгей есеп береді, Екеуі отырып есепке енеді: Жиырма-отыз сом қасына керек, Қырық-елу сом шашына керек, Он-он бес сом тырнаққа керек, Бес-алты сом қымбат та беред. Пудра-мудрасы бар, Шашының кудрясы бар, Одеколон, духиі бар, Біз өкше туфлиі бар, Мойнында тағы түлкісі бар, Үш жүз сомдық сумкасы бар, Айна менен тарағы бар, Толып жатқан бөлек-салағы бар... Қалап жүріп қалпақ алады, Қалпағы бір күнде салтақ болады. Өйткені: бір күн шекесіне киеді, Келесі күні желкесіне киеді. Онан соңғы күні төбесіне киеді. Қалпақ пен шашта тыным болмайды, Ұйпалай берген соң бұрым да оңбайды. Әліпті бірақ таяқ деп білмейді, Оны өзіне ұят деп білмейді. Ең үлкен жұмысы шайға отырады. Тәтті пирожный майға отырады. Сәл дәмсіз болса, сілкіп тастайды, Сұлықпен қолын сүрте бастайды. Бір баласын нұқып қалады, Бір баласын түртіп қалады. Бірін-біріне соғады. Бірте-бірте іріге соғады. Ұзыннан-ұзақ қыңқыл шығады, Қыңқылдан барып, ыңқыл шығады. Путевка алып, Қырымға кетеді, Көлденең небір шығынға кетеді. Күйеуі мұнда қарызданып жатады, Белшесінен қарызға батады. Біз мұны айтқанда: Киме демейміз, ішпе демейміз, Машина мініп, түспе демейміз, Ішу де, жеу де, кию де керек, Құр масылдыққа тыю да керек.   «Дейді екендер» дейді екен «Дейді, дейді» дегенге, Дейділер не дейді екен? – Десек кейбір дейділер Мынадай да дейді екен: «Елге шыққан бір уәкіл, Бір үйден қой жейді екен. Қайдан келді осы қой, Оны қалай сойды екен? Әлде колхоз қойынан Әкеп сойған қой ма екен? Қалай жеке меншіктен, Бір қой соя қойды екен? Қой, осыны бір жерге «Білдірейік» – дейді екен. Оған біреу топшылап, Тағы былай дейді екен: – Қойшы, қойды қоқытпай, Айтатын сөз сол ма екен? Сельмагта жүр келіншек, Оны әкеп кім қойды екен? Сұлуын-ай шіркіннің, Өзі сылқым, оңды екен. Аудандағы бұл бикеш Кіммен таныс болды екен? Соны да бір жазайық Жоғарыға, дейді екен. Сол да сөз бе Бір қызық Мұнда жатыр дейді екен. Біздің бастық қонаққа Қандай малды сойды екен? Кеше келген дөкейлер Түні бойы сонда екен. Көк шынылар кіріпті Сегіз бе әлде он ба екен? Бір мықтысы ауданның Бар деуші еді, сол ма екен? Әлде қарын бөлесі; Әлде күйеу, жиені Болса болар, бәрі де Көк жағалы, тонды екен.   Осы біздің Өрекең, Биыл тіпті қоңды екен. Күнде қонақ үйінде Сілтеуі оңды-солды екен. Соны да бір білейік, Қаржы қайдан келді екен? Естай пальто киіпті, Ой, тамаша, оңды екен! Қоқима бөрік, көк жаға Қай фермадан келді екен? Мұны білмей болмайды, «Дейді екендер» – дейді екен. Тексере қалсаң анықтап, Боп шығады: «дейді, дейді екен». Райфоға бастық боп Біреу келед дейді екен. Қандай екен руы, Қай ауылдан болды екен? Таныстары кім екен? Бір жуан жүр, сол ма екен? Осыны да білейік, «Дейді екенді» лепіртіп Тағы айтар кім болды екен? Сылдыр – суайт, сұғанақ, Сұқты көзді молда екен. «Әддуния – жипатон! – Дөние нажас» – дейді екен. Бермесеңдер тасаттық, «Қиямет болад» дейді екен. Мал сойғызып, Сорпасын ішіп, Етін жейді екен. Жұлдыз туса жарқырап, «Сұмдық! Сұмдық» дейді екен, Күн жаумаса, оған да – Мал сойғызып жейді екен. Ұл тумаса әйелі – Бұл не ғажап болды екен? «Қой, садақа берейік, Ұл боп қалар», – дейді екен. «Дейді екендер» топшылап, Мынадай да дейді екен: «Қойбағаров бір үйге Қонып кетті», – дейді екен. «Селтеңбайлар осындай Толып кетті» – дейді екен. «Бір тілші кеп, орынсыз Жазып кетті», – дейді екен. «Архивтерін ауылдың Қазып кетті», – дейді екен. Анығын ашып ақтарсаң, Боп шығад: «дейді, дейді екен». * * * Осы «дейді» жойылмай, «Дейді» және қойылмай, Әділ заңның шоқпары Мықтап тимей сойылдай, Тигізіп жүр кесірін, Тиянақсыз «дейдімен», Ашық жазып, дәл айтып, Құтылмай болмас «дейдіден!»    «Демейділер» демейді «Дейді екендер дейді» деп, «Пәлендер ішіп-жейді» деп, Көбірек ашса көмейді, «Демейділер» көргенін, Көрдім, сірә, демейді. Жағынумен жан сақтап, Әркімге бір жалтақтап, Өзін-өзі демейді. Сойылып жатқан қой көрсе, «Бұларың не» демейді. «Құйылып жатқан арақтың Шөлмектері көбейсе, «Жетер, тоқтат» демейді. «Қонақ қойдан жуас» деп, Аша түсед көмейді. Өгізі өлсе ферманың, Орнына тұяқ төлейді. «Қаз орнына қарғаны» Қазымырлап бөлейді. Бұған да әлгі Жалтекең, Бір ауыз сөз демейді.   Қыста кейбір ферманың Малдары шөп жемейді. Құдықтан су ішпейді, Тілімен қарды күрейді. Жатса, астына сыз батып, Арқасына мұз қатып, Айдалаға түнейді. «Демейділер» оны да, Көрсе де түк демейді. «Жанашыр жалғыз мен бе» деп, «Сендер айт « деп кезейді. Кезейді де көрінбей, Өзі сырттап жөнейді. Оңашада сумаңдап, Тіл қылышын безейді. «Ескі әдет пен қылықтың Етек-жеңі кеңейді» – Дегенде оның дауысы Бүлкілдете көмейді. «Дәлдеп айтшы» дей қалса, Құр тамағын кенейді. Жалпылдап солай дейді де, Етегін сілке жөнейді. Өйткені, жазған Жалтақбай Бас аманын тілейді. Сондықтан да сыпайы, Үстірт қана шенейді. Сырты бүтін, іші арам, Мұндайды жұрт не дейді? Бітеу жара, жегі құрт, Жексұрынға теңейді. Өйткені олар неге ашып, «Мынадай бар» демейді?   Бөкей мен Дөкей «– Астанадан Дөкей кетті! Күтіп алсын Бөкей депті. Абыржып ол сасып қалды, Кнопканы басып қалды. Телефондар шырыл қақты, Сым біткендер діріл қақты. Бүгін үлкен кеңес болды, Бөкей қызыл өңеш болды: – Астананың бір Дөкейі, Келе жатыр қаламызға. Ондай сырды құпиялы Түсінбейтін баламыз ба! «Астанадан Дөкей кетті! Күтіп алсын Бөкей депті, – Дегеніне қарағанда Мен өзімше түсінгенім, Жай бір таныс кісім менің По-моему емес шығар, Дайындалу керек шығар...   Біріншіден: вокзал тіптен, Черт возьми, сасып кеткен. Ең арғысы түкіргіш жоқ, Жөні түзу сыпырғыш жоқ. Пиво дей ме, шашлык дей ме, Соның бәрін жаптырыңдар, Киоскалар аштырыңдар. Сырахана деген сөзге Қалың қағаз жапсырыңдар. Бәрін бүгін жайнатыңдар, Ыстық су да қайнатыңдар. Мен айтпай-ақ білесің ғой, Лозунгалар ілесің ғой. «Хош келдіңіз», – көше сайын Жазылулы болсын дайын.   Керек-жарақ магазинге Жеткізілсін бүгін түнде. Сүт те болсын, ет те болсын, Көзге түсер бетте болсын! Майда-шүйде колбаса да Болады ғой ол, болса-да, Тау-тау болып ұн да тұрсын, Қызыл балық бұл да тұрсын, Кит балықтың икрасы – Дөкейлердің жейтін асы. Жайнап тұрсын көрген түстей, Арақ-шарап «Московский!...»   Бәрі-бәрі, бәрі болсын, Магазиннің сәні болсын. Көшелерге су септіріп, Жібермеңдер тым кептіріп, Сәрсен, соған өзің бас боп, (Жатып қалма үйде мас боп)? Бітір соны таң атқанша, Қазір осы сағат қанша ? Деп алды да Бөкей сөзді Онан әрі тағы созды: – Дүкендегі сатушылар, Мүмкін, тәлпіш қатын шығар... Соның бірі болмас болсын, Шепчик киіп келер болсын. «Пожалуйста, прошу» деп, Тұрар болсын түк ашу жоқ. Тағы - тағы бір тапсырма, Көше сайын іліп қойған Майда – шүйде көп жапсырма! Қала сәнін алмас болсын, Ол да ұмыт боп қалмас болсын! – Деп Бөкейдің сөзі бітті, Отырғандар үйге зытты. Көп шабуыл, айқайменен Дөкейді олар солай күтті. Енді Бөкең үйге жетті, Әңгімені былай шертті: – Үйге Дөкей келіп қалар, Оттың басын көріп қалар... Десе, Әйелі шырыл қақты, Күйеуіне мынаны айтты: – Қонақ үйге келген жақсы, Оттың басын көрген жақсы. Үйіңде түк болмай қалса, Онда бар ғой, өлген жақсы. Шақырғаны Дөкей болса, Шақырушы Бөкей болса... Онда үйіңнің сәні болсын, Мыналардың бәрі болсын: Хрустальдан ваза болсын, Шыңылдайтын таза болсын, Хрустальдан фужер болсын, Шампанға оның іші толсын, Сервиз болсын столовой, Шайный сервиз ол бөлек қой, Суық салат, тураған ет, Неше түрлі винегрет, Алма, жүзім, жаңғақ, дәнек, Бәрін тауып қою керек... Буға піскен мәнті болсын, Қонақ жесе тәнті болсын. Пельмен, қауап, семіз қазы, Поджаркілер болсын даже... Тоңазыған балық болса, Фаршированный тауық болса, Төрт-бес жерде торты болса, Ылғи первый сорты болса... Хворост-кәудірек нан, Күміс мойын тұрса шампан. Шет елдердің веньягі, Біздің елдің коньягі. Семіз қойдың басы тұрса, Сүйіп жейтін асы тұрса, Сонда қонақ шақырдым де, Ондайларың болмаған соң, Арнап үйге шақырдың не?!   Деді әйелі кербезденіп, Бөкейіне есеп беріп. Бөкей байғұс тыңдап қапты, Ойлап-ойлап выход тапты, Ресторанға тұра шапты... Ертеңінде поезд күтті. «Опаздал» боп зорға жетті. «Жұмсақ вагон», – деген сөзді, Оқығанша әрең төзді.   Бірге оқыған Бөкей дейтін, (Бөкей оны Дөкей дейтін). Вагоннан тек сол-ақ түсті, Шұрқырап кеп қолын қысты, – Телеграмды алыпсың ғой, Түу, қартайып қалыпсың ғой!.. Мен баяғы Бөкеймін ғой, Сенше айтқанда «дөкеймін» ғой... –   Лақылдап ол күліп жатыр, Жай-жағдайды біліп жатыр, – Сен екен ғой, басқа десем, Қайтер едің: «шошқа» десем... Бөкей зорға үйге жетті, Күн-түн шабу босқа кетті. Міне, осындай Дөкей күткен Болмаса екен Бөкей біткен!   Ақымақтың «ақылы» Кеше өлгенше ішіпті, Көзімді ісіріпті, Бетке таңба түсіріпті, Ұрты салбырап тұр, Терісі жалбырап тұр Көйлек те жыртылыпты, Бір жеңі қырқылыпты. Ұртын ұстаса мұртым жоқ, Мұртын сипаса ұрты жоқ. Кеше алған айлығын, Көрсетем деп байлығын, Шашыпты да, төгіпті, Көрінгенді сөгіпті, Теуіпті, ұрыпты, Жығылыпты, тұрыпты, Қалтада тиыны жоқ, Үйде сау бұйымы жоқ, Бәрін де сындырыпты. Бәрін де тындырыпты. Есімде бірі жоқ, Енді мәселе ірі боп, Отырғаны мынау... – Ойпырым-ау! Сұмдық екен, – дей береді, Өйткені, Ақымақтың ақылы Түстен кейін енеді.   Біреу жара – пара Біреудің қойының басы боп, Біреудің көзінің жасы боп, Көрмеген құқайы жоқ, Ұтылмаған ұпайы жоқ. Азған-тозған пара, Жарылмаған дара, Кез бола қалса саған: – Кімсің? – десең оған, – Парамын! – дейді. – Қайда барасың? – десең, – Сонау үйге барамын! – дейді. – Осынша оралып, Жүргенің не қараңғыны оранып? – Десең ол шынын айтады: – Өйтпесем пара болам ба? Онда бітеу жара болам ба? Білдірмей жарылмасам, Күні бұрын дарылдасам, Бүйтіп өмір сүрмес ем, Әлі күнге жүрмес ем. Сондықтан да әріден келем, Хандардың да мойнына міндім, Ханымдардың да қойнына кірдім, Бидің қазанында қайнадым, Молданың азанына байландым. Тозған десең тозған-ақпын, Құритын-ақ жазған-ақпын. Қылмыстының қалтасында, Жылпостықтың арқасында Қалып жүрген сияқтымын, Заман алдында ұяттымын, Мынау ғой сиқым, Ылғи ғана қиқым... Бітеу, сасық жарасың, Аты-шулы Парасың, Осы оңбаған түріңмен Қашанға дейін барасың?!