Мейірманның Мұхтары едім...
Мейірманның Мұхтары едім...
471
оқылды
Сонау сексенінші жылдардың орта­сында Алматыда жұмыс таппай, жылап жүргендердің бірі едім. Жылағанда, етегім жасқа толып, еңіреген жоқпын, жүрегім жылайтын. Ол кезде журналис­тиканы бітіргеніңмен, газет-журналдарға «дік» ете қалу дегеніңіз, өте қиын болатын. Содан бір күні, атақты жазушы ағам Дулат Иса­бековке бардым. «Жұмыс тауып беріңіз, аштан өлетін болдым!» – дедім. Ағам Алматыда аштан өліп қалмауыма тілеулес болып, қазір ғимарат орыны сырылып тасталған, «Қазақстан» қонақ үйінің жанындағы облыстық қуыршақ театры ди­ректорының басты­ғымен телефон арқы­лы сөйлесті де, мені сонда жұмсады. Қуан­ғанымнан, құлап қала жаздап, құлды­раңдап, бастыққа кел­дім. Қуыршақтарды құшақтай ала­тындай, көңілім көтеріңкі. Бастық Дулат ағаның сөзін сид аңдата салған жоқ, жұмысқа қабылдап, мені әдебиет бөлі­мінің меңгерушісіне жіберді. Қара торы жігіт ағасы мені көзілдірігінің астымен қарай қарсы алды. Салған жер­ден: – Мені танисың ба? – деп сұрады. – Жооқ, – дедім мен. – Неге танымайсың? – Кешіріңіз, бір жерден көрген ситяқтымын... – Бір жерден емес, кинодан көрдің, – деді ол. – Қандай кино екен? – деп жанына отыра кеттім. Сәл, бойым үйренейін деді. – «Менің атым Қожа» киносын көрдің ғой? – Көргенде қандай! – Мен сол Қожамын! – Қожа? – Қожаны ойнаған Нұрлан Сегізбаев деген ағаң боламын! – деп қолын ұсынды. Алғашында, сұсты көрінген Нұрлан ағам жайдары екен, көңілім көтеріліп қалды. «Менің атым Қожадағы» Қожаны тірідей көргеніме таң қалып, тесіле қарап қалып­пын. Сол кинодаға қара домалақ бала, сол қара домалақ күйінде жігіт ағасы бо­лыпты. Өсе келе ешкім ағарып кетпейді ғой. Есіме Алматыға алғаш келгенім, ҚазМУ– дің журналистика факультетінің бірінші курсында оқып жүрген «сары балапан» екенім, қалалықтардың асхана­да түрегеп тұрып та, кофе ішетінін алғаш көргенім есіме түсті. Көшеде келе жатқанмын ғой. Бір кісіні көрдім, бетінің бәрі мұрын. Қызығып кетіп, қарсы беттен өте беріп, кері бұрылдым да, қайтадан қарсы жүрдім. Жалпақ, әрі қотыр-қотыр, шотыр-шотыр мұрынды көріп, таңданып өттім. Осылай үшінші мәрте қай­талағанымда, ол білегім­нен ұстай алып, қолымды мұрнына олай да бір, былай да бір сүйкегені. Сосын: – Мұрын көрмеп пе едің? – деп сұрады. – Ке– кешіріңіз, – деймін мен. – Мен Әуезов атындағы театрдың әртісі Серке Қожамқұловпын! – дегенде, шалқамнан түсе жаздадым. Атақтының аты-жөнін білем ғой, кинолардан көр­генмін. Жата қалып жабысып, қол­таңбасын алғаным есімде. Осыны ойланып отыр­ғанымда, Нұрлан ағам: – Арақ ішесің бе? – деп сұрады. – Жо-жоқ, аға, айран ішемін, – дедім әзілге тартқым келіп. – Онда сені жұмысқа алмаймын, бас­тыққа айтам, – дегенде зәрем ұшты. – Неге? – деппін. – Әзілдеп отырмын. Сынап жатқаным ғой, – деп ол риясыз күлді. Сол қуыршақ театрын­да бір жыл жұмыс істедім. Сце­нарий­лерді қараймыз. Осы театрда Бек­болат Парманов деген режиссермен таныстым. Осы жерде бағдаршамға тоқтаған көліктей, сәл бөгелейін, бір қызықты айтайын. Кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры дегенде, ел елеңдеп, ішкен астарын жерге қоятын. «Тамашаны» тамашалап отырғанда, әккі ұрылар қора­дағы қойларын да ұрлап кеткен одыраң оқиғалар болды. «Тамаша» тарландарымен таныстығым, осы театрға интермедиялар жазумен айналысқанда басталды. Құдай­берген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Уәйс Сұлтанғазиндермен етене жақын танысып кеттім. Тіпті, Мейірмен Нұре­кеев ағам мен Алматыға келген сайын күлімдеп: – «Оо, менің Мұхтарым келді!» – деп қарсы алатын. Сол сөзінің өзіне ішімнен мәз болып қалатын едім. Өйткені, Мейірман ағаның Мұхтарымын ғой. Енді қуыршақ театрындағы режиссер Бекболат Парма­нов­пен таныстығым жайында, әрі қызықты бір оқиға жөнінде айтайын. Парманов мені бірде қонаққа ертіп барды. Ол үйде бес-алты қонақ бар еді, ал, көзіме оттай басылғаны-атақты әнші Әлібек Дінішев еді. Ол кісінің қолын алып, әңгімелесу бақытына ие болдым. Мына қызықты қараңыз, дастарханның қарсы бетінде ерлі-зайыптылар отырды. Қасы-көзі қиылған әйел күйеуі барын ұмытып кетті ғой деймін, махаббаты «быжж» етіп тұтанды да, Әлібек ағама тамсана қараумен болды. Жанында отырған мен оны тез байқай қойдым. Шынында, Әлекең көрсе көз тоятын, сұлу да, сымбатты, сері жігіт ағасы еді! Теледидардан талай көргенмін ғой. Әйелдің дегбірі кеткені соншалық, қасын керіп, көзін қысады дейсің. Тамсанып, тым-тырыс отырса мейлі ғой, қасын керіп, көзін қысып, кірпіктерін қағып, қайткен күнде Әлекеңді өзіне назар аудартуға тырысты. Жас емеспін бе, оны да байқап қойдым. Штирлец сияқты. Жалғыз мен емес, оның күйеуі де Штир­лец екен, сыздауық сияқты жарылғалы отыр. Бомба дерсің. Егер ол жарылса, бәріміз аман қалмайтындаймыз. Бір кезде, шыдамы шытынап кетті ғой деймін, суып қалған, ішіп отырған шәйін Әлекеңнің бетіне шашып жібергені! Бітті, Бәтима! Енді төбелес басталады! Дәл осылай ойладым. Бірақ, мен ойлағандай болмады. Әлекең тектінің ұрпағы емес пе, тіпті, мән де берместен, бетіндегі шәй сәмесін төс қалтасындағы ақ орамалымен сүртіп, қасында отырған кісіге әңгімесін жалғастыра берді. Ештеңе болмағандай. Ал, шәй шашқан кісі «мандраж» болып қалды. Мінеки, осы оқиғаны Мейірман Нұрекеевке айтып берген едім, ішек– сілесі қата күліп алды да: – Менің Мұхтарым, «Тамашаға» сұранып тұр! Осы оқиға желісімен интермедия жазшы. Мен орындайын! Лұқпан Есен бастыққа өзім айтам! деді. Қызғаншақтар туралы интермедия жазуымды өтінді. «Мақұл, Мейірман аға!» – деп уәде бердім. Алланың ісіне шара бар ма, «Тамашаның» тарландары бірінен соң бірі, мәңгілікке аттанып жатты. Арасында Мейірман ағам да бар. Бірде «Тамаша» театры Шымкенттегі «Қаза­қстан» кино театрында концерт беретін болды. Автор ретінде сахнаның бір бұрышына мені отырғызып қойды. Қуанышым қойныма сыймай, билетті базарлар аралап жүріп саттым. Сонда, Мейірман ағамның айтқаны ғой: «Әй, менің Мұхтарым, сенің сатираңды ұмытып қалдым», – дегені. «Ойбай, олай болса, сахнада қалай орындайсыз?» – деп дегбірім қалмады. «Қорықпа, менің Мұқтарым, бас бар, бастың ішінде ми бар. Жалпы оқиғаның сұлбасын білемін ғой!» – деп риясыз күлді. Шынында, айтқанын­дай болды, Мейірман аға нағыз импро­зиватор еді ғой, бөгеліп қалу деген ол кісіде жоқ. Табан астында сөз құрастырып, интермедияны одан бетер жандандырып жіберетін еді. Солай болып шықты да. «Менің Мұхтарым, жақсы орындалды ғой деймін, шәй ішкім келіп, шөлдеп тұрғаным», – деді. Қандай «шәй» екенін түсіне қойған едім. Сол бір жылдар еске түссе, сахналық сатираның нағыз өрлеу ғасыры болғанына көз жеткіземін. Қазіргі қаптаған театрлардың дөрекі сахналық көріністерінен мезі болғандай­мыз. Әсіресе, есіме алған сайын, Мейірман ағаның: – «Оо, менің Мұхтарым келе жатыр!» деген дауысы көкейімде күм­бірлеп, көзіме еріксіз жас келеді. Қайран, менің ағаларым!

Мұхтар ШЕРІМ, сатирик жазушы