Мектептің күзеті мен ізеті
Мектептің күзеті мен ізеті
© коллаж: Әсел Балтақызы
593
оқылды
Жақында Ресейдің Ижевск қаласында орналасқан мектепке белгісіз ер адам шабуыл жасады. Салдарынан 17 адам қаза тапты. Оның 11-і – оқушы. Мектептегі қаралы оқиға былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында да болған. Сол кезде қазақстандық оқу орындарында күзетті қатаңдату туралы айтылып, жедел шаралар қолданыла бастады. Білім ордаларына бейнекамералар орнатылып, арнайы күзет қызметі іске қосылған еді. Нәтиже қандай? Білім ошақтары балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп жүр ме? Мектепте төбелес те, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік те жиі бо­лады. Осыдан кейін әр ата-ана ба­ласының қауіпсіздігіне алаң­дай­ды. Ресми мәліметтер бойынша, елі­мізде 7 228 мектеп болса, оның жар­тысы ғана дабыл жүйесімен жабдықталған. 400-ден астам мек­теп қана мамандандырылған кү­зетпен қамтамасыз етілген. Ал кезінде Бала­лар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев Қазанда болған жағдайдан сабақ алуымыз керек екенін айтқан. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектеп күзетіне қойылатын та­лап жоғары. Күзет қызметі төтен­ше жағдайға әрдайым дайын болып, шұғыл шешім қа­былдай білуі тиіс. Бұл дегеніміз – бейнебақылау ка­мерасының орна­тылып, оның талап пен стандартқа сәйкес жұмыс істеуі.
– Осы орайда, біз халықаралық тәжірибе мен өзге елдерде болып жат­қан төтенше жағдайларға талдау жүр­гіздік. Кейбір мектептердегі бей­небақылау камерасы тиісті талап пен стандартқа сәйкес келмейді. Мем­ле­кет басшысының тапсыр­масына сәй­кес біздің министрлік құзырлы ор­гандармен бірлесіп, мектеп қауіп­сіз­дігін тәулік бойы қадағалайтын ар­найы күзет қыз­метімен қамтуға көш­тік. Аталған шаралар бюджеттен қо­сымша 2 миллиард теңге қаржыны та­лап етеді, – деген еді Дулат Жекебаев.
Содан бері мектептегі күзет пен бақылаудың күшейтілгеніне екі жылға жуық уақыт болды. Алайда салада кемшіліктер жоқ емес. Ай­та­лық, оқу жылының басында мек­тептер бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Десе де, жедел басқару орталығына тек 300 және одан көп оқушыға есеп­телген 2 605 мектеп қосылған. Тө­мен көр­сеткіштер Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында байқа­лады. 24 ірі қалада 1 351 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді, олардың 83 пайызы күзет агенттік­терімен шарт жасасқан. Ал Қос­танай, Пав­лодар, Атырау, Солтүстік Қазақ­стан, Түркістан облыста­рындағы бұл көрсеткіштер төмен. Ішкі істер ми­нистрлігі жүргізген тексеру нәти­жесінде 630 мектептің ғана терро­ризмге қарсы қорғалу талаптарына сәйкес келетіні анықталған. «Баяғы жартас – бір жартас» «Күзет қызметі туралы» заңның 5-бабына сәйкес, тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана нысандарды күзете алады. Білім беру мекемелерін күзету үшін мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдап алы­нады. Конкурстарда ең төмен баға ұсынған компания жеңіске жетеді. Төмен баға ұсынған компания ақшаны күзетшінің айлығынан үнемдейді. Осылайша, олардың айлығы 70-100 мың теңгенің ара­лығында. Мардымсыз қаржыны місе тұтпайтын жастар күзетші бо­лудан қашады. Сондықтан оқу орын­дарында көбінесе орта жастан асқандар күзетші болып жұмыс істейді. Зейнет жасына жете алмай немесе зейнетақысына үстеме бол­сын деп жүргендер үшін күзетшілік – күнкөріс көзі. Айлығына қарап «қадірсіз» мамандық десек те, азғантай ақшаны талғажу етіп отыр­ғандар қаншама?! Жақында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерді күзету үшін арнайы оқу-жаттығу өткізуді ұсынды. Оның пайымынша, мектептердегі маман­дандырылған күзет қызметкер­ле­рінің жұмысы көңіл көншітпейді. Ең алдымен министр қызметкер­лердің жиі ауысатынын, тіпті күн сайын ауысатынын атап өтті, бұл мектептердегі балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. Оған қоса, күзетшілер бала­лардың мінез-құлқы мен мектеп тәртібін білуі керек.
 – Біз мектептерде маман­данды­рылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда негізінен тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете ал­майтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кей­бір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті, – дейді министр.
Ірі қалалардағы мектептер ар­на­йы күзет мекемелерімен ке­лі­сім­шарт жасаса, шалғай ауылдарда мұн­дай мүмкіндік жоқ. Сондық­тан ауыл мектептерін вахтер ғана күзетеді.
– Балалардың қауіпсіздігіне мұғалім ғана емес, арнайы күзетші де жауап береді. Бірақ ауыл мек­тептеріндегі күзет сапасы ақсап тұр. Алда-жалда мектепте Ресейдегідей қанды оқиға орын алса, оған төтеп беретін қауқарлы күзетші жоқ. Күзет қызметіне арнайы сертифи­каты бар, жас мамандарды тарту керек. Өкінішке қарай, күзетші­лердің басым бөлігі – қариялар. Себебі жастар 100 мың теңгеге күзетші болғысы келмейді, – дейді мектеп директоры Әділ Сайлаубек.
Мектеп инспекторлары жоқ Бұрын әр білім ошағында мек­теп инспекторлары болатын. Олар мектептегі тәртіпсіздік пен келең­сіздікті реттеп, оқушылардың қа­уіпсіздігіне жауап беретін еді. Бірақ арнайы күзет қызметі келгелі, мек­теп инспекторларының жұмысы тоқтаған. Білім ошақтарында оқыс оқиға бола қалса, күзет қызметі дабыл белгісі арқылы құқық қорғау органдарына хабар беруі керек.
– Мектептерге қарулы күзет орнату мәселесі Үкімет деңгейінде шешілуі керек. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі қолдау хат жазуы тиіс. Егер Ішкі істер министрлігі бұйрық аясында біздің мекемеге тапсырма бергенде, мектептерді күзетуге әзірміз. Сондай-ақ өңірде жекемен­шік күзет қызметтері де жұмыс іс­тейді. Барлығы арнайы жабдық­талған деп айта алмаймын. Себебі ол үшін лицензия алу қажет. Мек­тепті күзететін мамандарды бала санына қарай қою керек шығар. Сонымен қатар білім ошағының орналасқан жері, кіру есіктерінің саны да ескерілуі керек, – дейді Павлодар облыстық Маман­дан­дырылған күзет қызметі басқарма басшысының орынбасары Нұрғазы Биболов.
Оның айтуынша, білікті ма­ман­дар өңірдегі аса маңызды мемле­кеттік мекемелерді күзетеді. Білім ошақтарында қарулы күзетті былай қойғанда, оқыс оқиғалар болған кезде полиция департаментіне автоматты түрде хабар беретін дабыл белгісі де жоқ. Полиция де­партаментінің мәліметінше, мек­тепте төтенше жағдай болса, поли­ция қызметкерлерін «102» нөміріне қоңырау шалу арқылы ғана шақыра алады. Өзге жолмен көмек шақыруға мүмкіндік бола ма? Мәселе ата-аналарды да алаңдатып отыр.
– Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер Ижевск қаласындағы оқиғадай болса, онда әр секунд санаулы. Қауіпті жағдайда сабырлық сақтау қиын. Үрей үстінде оқушылардың да, ұстаздардың да жедел түрде те­лефон алып, «102»-ге қоңырау шала қоюы неғайбыл, – дейді ата-ана Серік Боранбаев. Сондай-ақ ата-аналар мектеп инспекторларының жұмысы тоқтап қалғанына қапалы. «Қазір балала­рымыз мектепте мүлдем қорғансыз күйде қалған сияқты», – дейді олар. Ал білім сарапшысы Өмір Шы­ныбекұлының айтуынша, мектеп­тегі қауіпсіздік белгілі бір оқиғалар болса ғана күшейеді. – Дәл қазір білім ошақтарында­ғы қауіпсіздік деңгейі жоғары емес. Қазан қаласында қанды оқиға тіркелгеннен кейін біздің де мек­тептер 4-5 ай қауіпсіздікті күшейтті. Алайда бұл науқан тез басылды. Балалардың қауіпсіздігі басты орында болуы тиіс. Сондықтан құзырлы мекемелер мектептегі қауіпсіздік жүйесін қайта қарағаны жөн, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Осылайша, аты бар, заты жоқ арнайы күзетке кеткен қаржының желге ұшқаны байқалды. Ал ми­нистрлік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, жыл соңына дейін кемшіліктерді жоя ала ма? Оны уақыт көрсетер...