Жақында заңгер әрі Medsupportkz қауымдастығының негізін салушылардың бірі Ақмарал Тұрсынова өзі қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа беруге келіскені туралы құжатты Instagram-дағы парақшасында бөлісті. 2020 жылдан бастап мұндай келісімді eGov порталы арқылы онлайн да рәсімдеуге болады. «Мен медицинаға, ғылымға сенемін. Қайтыс болған соң органдарым жер астында шіріп жатқанша, тірі жүрген бірнеше адамды құтқарғанын дұрыс көремін. Өзім өмірден өтсем де, жүрегім басқа бір кісінің кеудесінде соғып тұрса, шынымен бақытты болар едім», – дейді Ақмарал... Кәріз жүйесі істемейтін үй секілдісің 33 жастағы астаналық Анар Шәймергенова туған күнін жылына екі рет атап өтеді. Оның бірі – анасының құрсағынан шыққан күні болса, екіншісі – жаңа бүйрекке ие болған күні.
«Бала күнімде екі-үш күн бойы құлағым мүлдем естімей қалғаны есімде. Кейіннен бәрі де стрептококк ангинасынан басталғанын білдім. Апталап, кейді тіпті айлап ауруханада жататынмын. Жаңа жыл қарсаңында анам мен ағам жаңғақ қосылған орама бәліш әкелетін. Палатадағы балалар теңдей бөлісіп жеп алатынбыз. Бірнеше туған күнімді аурухана қабырғасында қарсы алдым. Бұл – өзінің ережелері бар басқаша балалық шақ болатын. Бір-бір жарым ай бойы бірге уақыт өткізгендіктен, бір-бірімізге бауыр басып, дос болып кететінбіз. Кейде кейбірімен келесі жылы қайта қауышамыз. Енді біреулері біздің ортамызға ешқашан оралмады», – деп еске алады Анар өзінің балалық шағы жайлы.Ангинасы асқынып, созылмалы гломерулонефритке шалдыққан оның 2018 жылы екі бүйрегі де істен шығады. Салмағы небәрі 35 келі тартып, комаға түсудің аз-ақ алдында қалған Анарға жасанды бүйрек аппаратын қосады.
«Бүйрек ағзадан зәр мен токсиндердің шығуына ғана емес, гемоглобинге де, гормондарға да, тұздардың баласына да, ағзадағы жалпы зат алмасуға да жауап береді. Бірақ бүйрек тәулігіне 24 сағат немесе аптасына 168 сағат жұмыс істесе, гемодиализ аптасына 12 сағат қана жұмыс істейді. Көз алдыңызға 79 адам (адамда осыншама орган бар) тұратын үлкен үйді елестетіңізші. Үйде кәріз жүйесі істемейді. Сондықтан аптасына үш рет ассенизатор келіп, барлық қалдықты 4 сағаттан сорып әкетіп отырады. Диализ шамамен осылай жұмыс істейді. Ол – бүйрек ауыстырғанға дейін пациент өмірін сақтап тұратын әдіс қана, яғни ем емес. Диализді неғұрлым көп қолданған сайын сізге сәтті трансплантация жасалу мүмкіндігі соғұрлым азая береді», – дейді Анар.Кейіпкеріміз диализбен өмір сүре берудің неліктен қауіпті екенін бізге былай түсіндіріп берді:
«Мен диализде төрт жыл дерлік болдым. Осы уақыт ішінде, біріншіден, менің жүрегім үлкейіп, онда саңылау пайда болды. Диализ кезінде жүрекке көп салмақ түседі. Екіншіден, қан қысымың үнемі жоғары болады, мен 210/110-мен жүретін едім. Бір кездері күн сайын жедел жәрдем шақыруға тура келді, өйткені қысымды өз бетіңше түсіру мүмкін болмайтындай күйге жеттім. Үшіншіден, ісігің қайтпайды, себебі – ағзаң сұйықтықты шығара алмайды. Әр процедурада менен 1,5-2 литр сұйықтықты шығаратын. Төртіншіден, бітпейтін тахикардия мен ентігуден шаршайсың. «Бисоплор» ішуді бір күн ұмытып кетсем, ыдыс-аяқты шкафқа қою мұңға айналатын. Бесіншіден, банан, жаңғақ, картоп секілді құрамында калийі көп азық-түлікті мәзірден біржола шығарып тастайсың. Одан бөлек, асқазан жарасы, остеопороз, ми ісігіне шалдығу қаупі де сен үшін жоғары», – дейді Анар.Шөлің қанғанша су ішудің өзі бақыт Туыс-донор да, мәйіт-донор да табылмаған соң Анар краунфандинг арқылы 70 мың АҚШ долларын жинап, Беларусьте ақылы трансплантация жасатам деп шешеді. Бұл ел әлемде трансплантология саласы жақсы дамыған мемлекеттердің бірі саналады, бірақ донорлық орган алғысы келген шетелдіктерге отаны ақылы негізде жасайды.
«Маған қайтыс болған 37 жастағы Оксана есімді әйелдің бір бүйрегін салды. Мен оған алғысымды іштей күнде айтып жүремін. Шөлің қанғанша су іше алудың өзі қандай бақыт екенін білсеңіз ғой. Диализде болғанымда ағзамда сұйықтық көбейіп кетпес үшін суды бір-екі ұрттап қана ішетінмін», – дейді Анар.Кейіпкеріміз бүгінде жаңа бүйрегін «сұлуым» деп еркелетеді. Ал сау бүйректің қадіріне жетпей отырған адамдарға қынжылады.
«Бүйрек үнсіз өледі» деп айтады. Оның ауру екенін физикалық түрде сезбеуіңіз мүмкін. Энергетикалық сусындар мен темекі – бүйректің қас жауы. Энергетикалық сусындарды көп ішкен бір танысым енді диализде. Адамдар өзінде бардың қадірін білсе екен деймін. Ота жасатар алдында «қандай күтім жасауға да дайынмын, тек сау бүйрегім болса екен» деп қатты армандадым. Мен қазір де қаншама дәрі ішемін, өйткені бәрібір бөтен адамның органы болғандықтан, ағзаң оны 100 пайыз қабылдамайды. Бірақ сонда да диализде отырған кезімнен өзімді мың есе жақсырақ сезінемін. Енді мен ентікпеймін, Алматыдағы Ботаникалық бақтың ана басынан мына басына дейін шаршамай жетемін, көзімнің сарғайғаны кете бастады, жұмысқа тұрдым, қысқасы, нағыз дені сау адамның өмірін сүріп жатырмын», – дейді Анар.Бір марқұм бірнеше тірі адамды құтқара алады Қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа бергісі келген қазақстандықтар мұндай келісімді емханаларда немесе eGov платформасы арқылы онлайн толтыра алады. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мәліметінше, бүгінге дейін елімізде өзі қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа беру құқығын білдірген адамдардың 24 мыңнан астамы бұдан бас тартса, 2,5 мыңдайы келісім берген. Алайда адам көзі тірісінде келісім бергенімен, қайтыс болған соң туыстары бұған қарсы болып жатса, дәрігерлер оның органдарын ала алмайды. Бұл проблема, әлбетте онсыз да саны аз потенциал донорларды одан әрі азайтады. Аталмыш орталық ұсынған деректерге сүйенсек, 2012 жылдан бері қайтыс болғаннан кейін 104 адамның органы донорлыққа пайдаланылған, сөйтіп 400 пациентке трансплантациялық ота жасалған. Яғни, қайтыс болған бір адам көзі тірі бірнеше адамды өлімнен құтқара алады, өйткені оның жүрегі, өкпесі, екі бүйрегі, бауыры, ұйқы безі, терісі, жілікмайы донорлыққа жарамды болуы мүмкін.
«Орынкүл деген таныс апайым бар. Өкінішке қарай, баласы Асқар көлік апатынан көз жұмды. Анасының рұқсатымен Асқардың жүрегі, бауыры, екі бүйрегі донорлыққа алынып, төрт адамның жанын сақтап қалды. Қазір Орынкүл апай «мен баламды өлдіге санамаймын, ол төрт адамның ішінде өмір сүріп жатыр» дейді. Бұл, бір жағынан донор күтіп жүрген науқас үшін үлкен көмек болса, екінші жағынан, марқұмның артында қалған туыстары үшін кәдімгідей жан медеуі», – дейді кейіпкеріміз Анар Шәймергенова.Бүгінде елімізде 3 жарым мыңдай адам донорлық органға мұқтаж. Нағыз аманаттың қадірін солардан артық ешкім білмес...