Отыздан асқан орта бар
Отыздан асқан орта бар
Елімізде жастардың санатын 14-35 жас етіп бекіту ұсынылды. Қазір қол­даныстағы жастар саясаты туралы заңда бұл көрсеткіш 14-29 жас деп белгіленген. Жаңа ұсынысқа сай, елдегі жастар санатына жататындар саны екі есеге өсіп, 6,2 миллион адамға жетпек. Яғни, осынша адам жастарды қолдау бағдарламаларына тартылғалы тұр. Мемлекет үшін бұл өзгерістің қандай қажеттілігі бар? Заң жобасын депутаттар бірінші оқы­лымда қарап, мақұлдап үлгерді. Жобаның мақ­саты «мемлекеттік жастар саясаты сала­сын­дағы қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру» деп көрсетілген. Заң жобасында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен жұмыс бойынша мемлекеттік органдардың жауапкершілігі нақты бекітілмек. Елімізде жастарды қолдауға арналған біраз бағдарлама бар екенін білетінбіз. Мысалы, әр өңірдегі әкімдіктер тұрғын үй алуға жәрдемдесіп, жастардың кәсіп ашуына жеңілдетілген несие немесе гранттар беретін. Бірақ оның бәрінде көбіне жастар санаты ескеріледі. Яғни, макси­малды шегі – 29 жас, бұл жастан асқандар жас­тарға арналған игілікті көре алмай жататын. Енді 35 жасқа ұлғайса, көп адамға мүмкіндік ашы­лады. Сәйкесінше, Үкімет пен әкімдіктерге де салмақ түсуі мүмкін. Сонымен, жастарға қа­тысты нендей өзгерістер болуы мүмкін. Маман­дардан егжей-тегжейлі сұрап көрдік. Елнұр Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі

Аса маңызды өзгерістің бірі

– 2021 жылы Мемлекет басшысы Парламенттің бі­ріккен отырысында «Жас­тар саясаты туралы» заңды жетілдіру бойынша тапсырма берген болатын. Жалпы, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң 2015 жылдан бері жүйелі өзгерістер көрмеген. Осы заңның ая­сында біз қазір біршама нормаларды қарастырып жатырмыз. Оның ішінде жастарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет, жас қызметкер секілді дү­ниелер бар. NEET сана­тын­дағы жастарды заң­дық негізде барлық мемлекеттік органның құ­зыретіне енгізіп жатырмыз. Олармен жан-жақ­ты, жүйелі жұмыс істелетін болады. Ал 35 жасқа дейінгі шекке келетін болсақ, бұл жастардың мүмкіндіктерін ұлғайтып, жастардың санын екі есеге көбейтеді. Аса маңызды өзгерістердің бірі. Парламент Мәжілісі және жергілікті мәсли­хат­тарға жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квота берілген. Енді таңдау мүмкіндігі 29 жас емес, 35 жасқа дейін өсетін болады. Бұдан бөлек, жер­гілікті өңірлердегі тұрғын үй бағдарламалары, жастардың кәсіп бастауына берілетін 2,5 па­йыздық несиені алу мүмкіндігі де артады. Аяулым Аяулым САҒЫНБАЕВА, демограф, Чехияның Карлов университетінің докторанты:

Халықтың сұранысынан шыққан ұсыныс

– Сонымен, Қазақ­стан­дағы жастардың сана­ты ұлғаятын болды. Бірақ на­зар аударатын бір нәрсе бар: егер 35 жасқа де­йінгілер деп айтылса, жастардың санаты 14-34 жас деп бағаланады. Яғни, 35 жасқа толғандар қо­сылмайды. Бір қызығы, деректе елімізде осы са­наттағы 6,2 млн адам бар деп көрсетілген. Ме­нің есептеуімше, шынында 5,6 млн адам болуы керек еді. 35 жастағыларды қосар болсақ – 5 млн 952 мыңнан астам. Тек 36 жастағыларды да қосқанда, 6,2 млн-ға жетеді. Мұның бәрін 2022 жылдың басындағы деректерді негізге алып айтып отырмын. Ал жауаптылар есепті қайдан алғанын білмеймін. Тағы бір түсініксіз тұсы, жас­тардың санатын неге 14 жастан бастағаны бел­гісіз. Олар өтпелі кезеңдегі жасөспірім саналады, әлі әке-шешесі жауап береді, төлқұжат алып үл­гермегендер. Сондықтан санатты 18 жастан бас­тау керек еді. Меніңше, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының жас ерекшелігіне сай 18-44 жас аралығы деп белгіленсе дұрыс болар еді. Енді жастар санатын ұлғайту олардың әлеуметтік-экономикалық индикаторларына қалай әсер ететініне тоқталсақ. Біріншіден, жастар санатының өсуі олардың белгілі бір бағдарламалар арқылы тұрғын үй алуына, бизнес бастауына гранттар ұтуына септігін тигізуі мүмкін. Екінші жағы, жастар санының өсуімен бірге NEET үлесі, жастар арасындағы жұмыс­сыздық, ауру, өлім, қылмыс, суицид сияқты әлеуметтік маңызды статистикалар да өседі. Яғни, жастарға қатысты деректер бұрынғыдай 14-29 жас аралығын емес, 14-35 жас аралығын қамтиды. Үшіншіден, 2006-2007 жылдардан бастап елімізде туу көрсеткіші өскенін ескерсек, енді жыл сайын жастардың саны көбейіп оты­рады. Төртіншіден, «Жастар кадрлық ре­зервін» білеміз. Онда 35 жастағылар да конкурсқа өте алады. Ал мына жақта жастар санаты 29 жаспен шектеліп тұрды. Мүмкін, осы да себеп болды. Менің ойымша, ең басты себеп, жастар са­натының өсуі – халықтың тілегі. Соңғы 5 жылдан бері жастардың градациясын көтеру жайында мәселе көтерілді. 2020, 2021 жылы да үлкен талқылауға түсті. Сондықтан жастар санатын өзгертуге тура келді деп ойлаймын. Мәселен, қазір жастар орта есеппен 24-25 жас шамасында магистратураны тәмамдайды. Одан кейін докторантураға түседі. Оқу біткенше жастардың санатынан шығып қалады да, түрлі әлеуметтік жеңілдікті ала алмай қалады. Еңбек нарығында жұмыс істеген уақыты аз болады. Міне, сондықтан керек болды. Қорыта айтқанда, бұл жастар саясатын жүргізуде өзгерістерге әкелуі мүмкін, әйтпесе демографиялық тұрғыда айтарлықтай маңызы жоқ. Рамазан Рамазан САТТАРҰЛЫ, әлеуметтанушы

Жастар санатын ұлғайту – дүниежүзілік тенденция

– Қазір жастар санатын өсіру – дүниежүзілік тен­денция. Сол себепті еліміз де әлеуметтік-демографиялық жағдайды еске­ріп, жастар санатын көбейтуді ұсынып отыр. Санаттың төменгі шегі түсінікті, физиологиялық, тұлғалық даму ерекшеліктеріне қарай белгі­ленеді. Ал жоғары шегі экономикалық әлеуетіне байланысты. 30 жасқа дейінгілердің бір бөлігі отбасын құрып үлгермейді. Материалдық жағынан әлі де өзгеге тәуелділері, әлеуметтік тәжірибесі қалыптаспағандары бар. Осы фак­торларды ескерсек, жастар санатын ұлғайтуға негіз бар. Бірақ мұның бір кері жағы бар. Үкімет пен әкімдіктерге жастар үшін біршама ресурс жұмсауға тура келеді. Өйткені жастарға арналған жеңілдетілген бағдарламаларға шығындалады. Мұндай кезде Үкіметке үміт артып отырғысы келе беретін жастар көбеюі мүмкін. Дәл қазір бұл амалдан мемлекет ұтады не ұтылады деп айту қиын. Жалпы, гуманистік тұрғыдан жастар санатын ұлғайтуға толық негіз болды.