Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияда өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысуда. Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен бақ сынасады. Олар – көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі. Мәжіліс Төрағасы дүбірлі дода алдында Қазақстан құрама командасы мүшелерімен арнайы кездесті. Оларға Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізіп, жеңіс тіледі.
– Қазір күллі Қазақстан халқы сіздерге жанкүйер болып отыр. Қоржындарыңыз алтынға толсын. Қазақ спортшыларының қандай мықты екенін дүбірлі додада дәлелдеп, ел абыройын асқақтата беріңіздер, – деді Ерлан Қошанов.Іс-шара аясында Ерлан Қошанов Түркия Республикасының Президенті Режеп Таийп Ердоғанмен кездесті. Мәжіліс Төрағасы Атажұрттан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен зор ықыласын жеткізіп, Түркияда алғаш рет өткізіліп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуымен құттықтады.
– Жыл өткен сайын біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық артып келе жатыр. Бұл Өзіңіздің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен достық қарым-қатынастарыңыз бен жемісті диалогтың нәтижесі деп білемін. Осы орайда Сіздің осы жылғы қазан айына жоспарланған Қазақстанға сапарыңызды асыға күтудеміз. Бұл сапар бауырлас елдеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі нығайуына зор мүмкіндік туғызатынына сенімдіміз, – деді Ерлан Қошанов.
– Қазақстандағы тұрақтылық бүкіл өңір үшін маңызды. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары мен кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Қазақстандағы үдерістерді ерекше бақылап отырмын. Жалпы, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. Осы орайда парламентаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы зор, – деді Р.Т.Ердоған.