Жаңаөзенде Азия чемпионаты өтті
Жаңаөзенде Азия чемпионаты өтті
384
оқылды
Жақында Жаңаөзен қаласында алғаш рет KWF каратэ-до кеку­шинкайдан II Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі дода Рахмет Өтесінов атын­дағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылды. Чемпионаттың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Халықаралық жалпы стильдегі каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов, Польшадан арнайы келген KWF халықаралық федерациясының бас хатшысы, қара белбеу 9-шы Дан иегері Анджей Древняк, төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, «Ақ жол» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Жаңбырбай Матаев қатысты.
Өңір басшысы Н.Ноғаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. «Сіздерді Жаңаөзен қаласында алғаш рет өткізіліп отырған KWF каратэ-до кекушинкайдан Азия чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Чемпионатты ұйымдастырушылар каратэ-до кекушинкай Федерациясына және қолдау көрсеткен демеушілерге алғысымды білдіргім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аудару, спортты халық арасында танымал ету, балалар мен жастарды спорт секцияларына тарту бойынша нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті. Осындай жоғары деңгейдегі спорттық жарыстар Жаңаөзенде алғаш рет өтіп жатыр. Бұл жиынның еліміз, өңіріміз үшін маңызы зор. Облыста осындай маңызды ірі жарыстар өткізу халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде спорттың дамуына үлкен үлес қосады», – деді Нұрлан Ноғаев.
Намысты додаға Азияның сегіз елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Олардың ішінде Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Сауд Арабиясы, Ресей және еліміздің спортшылары бақ сынады.
«Біз Мәскеуден келдік. Қазақстанға түрлі жиындарға жиі келеміз, қазақстандық спортшылар да бізде өтетін жарыстарға үнемі қатысады. Командамызда 12 спортшы бар. Олар – жартылай финалға шыққан әртүрлі салмақ дәрежесіндегі спортшылар. Әлемдік деңгейде біздің басты қарсыласымыз – Қазақстан. Бірнеше жыл бұрын Азия чемпионаты Астанада өтті. Ақтық жекпе-жекте 14 санаттың 12-сінде Ресей мен Қазақстан командалары кездесті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бүгінгі чемпионаттың ауқымы кең. Бізді қала халқының, жанкүйерлердің жылы қарсы алғаны қуантады», – деді Халықаралық каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды еліміздің спортшылары, екінші орынды Сауд Арабиясы иеленді. Ал үшінші орынды командалық есепте Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның спортшылары өзара бөлісті.
Айта кету керек, Жаңаөзен қаласында каратэ-до кекушинкай үйірмесі 2007 жылы ашылған. Қазіргі таңда үйірмеде 400-ден аса спортшыны 5 жаттықтырушы жаттықтырады. Осы уақытқа дейін 159 разрядты спортшы, 50 Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, 10 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін шынықтырды. Әсіресе, каратэ-до кекушинкайдан 2013 жылы Бек Өмірзақ пен Мұрат Жәумітбаев Баку қаласында өткен әлем чемпионатында Әлем чемпионы атанса, Аманқан Қыдыржан екі дүркін Әлем чемпионы атанды. каратэ-до кекушинкай Қазір Жаңаөзен қаласында 18 спорт нысаны жұмыс істейді, қала халқының 50 мыңға жуығы спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Сонымен қатар мемлекеттік бағ­дар­лама аясында демеушілердің қолдауымен ангарлық үлгідегі алты көпфункционалды спорт залы мен екі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы