Бүгін, 29 қыркүйекте «Ұлы Дала жорығы» республикалық бәйге-марафонына қатысушы шабандоздар елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды артқа тастап, мәреге жетті. «Ұлы Дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің марапаттау кеші «Түркістан арена» стадионы аумағында жалғасты.
Жабылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «АMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей, «Ұлы Дала жорығы» жобасының идея авторы Бақытжан Тұрлыбек және еліміздің көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.
«Міне, баршамыз Ұлы Даланы дүбірге бөлеген, 1 200 шақырымды бағындырған айтулы аламанның қорытынды сәтін тамашалап тұрмыз! Бұл – бұрын-соңды болмаған марафон-бәйге. Отандық спортымыз үшін де, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы Дала жорығы» бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елдің рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар», - деді Д.Абаев.«Ұлы Дала жорығы» төл құндылықты түгендеп, ұлттық келбетті оятқан құбылыс екендігін айтқан министр бірегей жоба келешекте де жалғасуы қажет екендігін жеткізді. Бәйге қатысушыларына арнаған сөзінде «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның ұлттық спортты, соның ішінде ат спортын дамытуға алдағы уақытта да айрықша атсалысатынын атап өтті.
«Азамат пен арғымаққа сын болған айтулы аламан, «Ұлы Дала жорығы» өз мәресіне жетті. Сарыарқа төрінен Президентіміздің құттықтау сөзімен басталған бәйге түркінің алтын бесігі Түркістанда аяқталып отыр. Жаһанданудың жылқыдан басталғанын, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен шыққанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Оған энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысы дәлел. Енді осыны жаһанға паш етіп, қазақ қазанатының мықтылығын, атқа қонған азаматының ерлігін көрсеткен жоба жылдан-жылға жалғасын таба берсін. Барша қатысушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін!», – деді Асхат Оралов.Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей бәйге-марафонды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрлігі мен «AMANAT» партиясына алғыс білдірді.
«Ұлттық спорт қауымдастығы бұл шараны әу бастан қолға алды, жан-жақты қолдау білдірді. Қауымдастық президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов қазір Түркияда өтіп жатқан көшпенділер ойынына қатысуда. Ол барша Түркістан жұртшылығына осы шараны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды. Осынау әлемде теңдесі жоқ бәйге-марафон отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа сайыс форматын енгізуге негіз болады деп сенеміз. Марафонды келешекте халықаралық деңгейде ұйымдастырып, Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) өткізетін жарыстар қатарына қосу жоспарланып отыр», – деді Ә.Әлденей.