Сәрсенбай ақсақал Ақтауға жетті
Сәрсенбай ақсақал Ақтауға жетті
770
оқылды
Ұлытау облысынан жаяу сапарға шыққан 72 жастағы қария Сәрсенбай Қотырашев Ақтауға жетті. Саяхатшы алты айда 17 өңірдің аумағын басып өтіп, 8 мың шақырым жол жүрген.
«Қазақ халқының қонақжай, кеңпейіл екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Жол бойы кезіккен тұрғындар мен өңір әкім­дері ыстық ықыласпен қарсы алды. Тоқтаған елді мекенімде кез келген адам көмек көрсетіп, бейтаныс екен демей, үйіне қондырды, құрмет білдірді. Отандастарыма алғысым шексіз», – дейді жиһангез.
Ақсақал күніне ең көп дегенде 40 шақырым жүріп отырған. Маң­ғыстау облысында ғана күніне 17 ша­қырым еңсере алған. Себебі өңір­дің екпінді желі оның жүрісіне кедергі келтірген. Сәрсенбай Қотырашев – ұста. Егде жаста саяхаттауының үш мақ­саты бар: бірі – Ұлытау өңірін елге таныту, екіншісі – өңірлердегі қолөнершілерді тіркеп, жинақтау. Ал үшіншісі – ұмыт болған қымыз мерекесін насихаттау. Сәрсенбай ата – осынша шақырымды жаяу жүріп өткен әлемдегі жалғыз адам. Сондықтан Гиннестің рекордтар кітабына енуі де ықтимал.
«Мамыр айында ол тарап (Гиннес рекордын тіркеушілер) межелі жерге белгіленген уақытта жеткенде хабарласу керегін айтты. Ақсақал Ақтауға келгенін айт­қаным­да, «енді тек орталық газет­терде жарияланса болды» деді. Сондықтан ақсақал осы әрекетімен елімізде ғана емес, бүкіл әлем мойындаған Гиннесстің рекордтар кітабына енуге жақын», – дейді Ұлытау облысының өлкетанушысы Бақтияр Қожахметов.
Сапар барысында Сәрсенбай Қотырашев көлікке мінбеген. Оның жанында өз қолымен жасаған сал­мағы 60 келі арбасы болған. Сапар барысында арбасының дөңгелегі 20 рет жарылған. Енді 6 жыл дайын­далып, 6 айда орындаған саяхатынан кейін ақсақал үйіне оралады. Ендігі мақсаты – әлемді жаяу аралап шығу. Марафоншы Ұлытау облысынан 31 наурызда шыққан еді.