Ұлы даланың ұлағатты өлкесі
Ұлы даланың ұлағатты өлкесі
789
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Прези­дент жергілікті жұртшылықпен кездесіп, Семей қаласы, Абай облысының Қазақстан тарихындағы әрі төл шежіреміздегі айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.
– Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыла­рымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәде­ниеттің тарихи орталығы, – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Ал Семейдегі музыкалық драма театр – қазақтың театр өнерінің берекелі бастауы. Ұлт футболы­ның тұсауы да осы жерде кесілген. Еліміздегі тарихи-өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, архив, телеграф алғаш рет осында ашылған. Мемлекет басшысы бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейтінін тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өзінің шешімімен Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілгеніне де тоқталды.
– Өңірдің тыныс-тіршілігі әрдайым менің жіті назарымда. Осыдан ширек ғасыр бұрын облыс таратылып, Шығыс Қазақстанға қосылды. Содан бері өлкеге бұрынғы мәртебесін қайтару мәселесі қоғамда талай рет көтерілді. Семей өңірінде іргесі бөлек облыс құру туралы бірнеше хат-хабар, ұсыныс алдым. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан мен биыл халық­тың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабыл­дадым, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталған қадам өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қар­жы­ландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл ше­шім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы.
– Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құр­мет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйт­кені Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды Абай облысының құры­луымен тағы да құттықтаймын! – деді Қ.Тоқаев.
Абай ауданы Мемлекет басшысы Семейдің халық­аралық транзиттік сауданың маңызды орталығы болғанына назар аударып, бүгінде облыс екі ірі көршіміз Ресей және Қытаймен шектесіп жатқанын атап өтті. Бұдан кейін Президент Абай өңірін дамытудың басым бағыттары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланған. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұның өзі жеткіліксіз екенін айтып, Үкімет пен әкімдікке облыс мек­тептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырды. Семейде еліміздегі негізгі медицина универ­ситеттерінің бірі орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.
– Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радио­логиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азамат­тарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, Семей заман талабына сай ыңғайлы қалаға айналуға тиіс. Облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғындарына қолайлы мекенге айналуы қажет. Семейді дамыту жұмысын жос­парлаған кезде жоғары стандарттарға сай тың урбанистикалық тұжырым керек. Әсіресе, «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударған жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Семей қаласының инфра­құрылымы әбден тозғанын айтты. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылын­байды. Қаладағы Жылу электр орта­лығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Абай облысы тоғыз жолдың торабында Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Президент осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы қажет екеніне тоқталды.
– Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күрежол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының аграрлық аймақ екеніне ерекше назар аударды. Кезінде Семей өңірі бүкіл республикаға, тіпті алыс-жақын шетелдерге ет, сүт, тері, жүн және басқа да өнімдер шығаратын. Облыстың осы әлеуетін қалпына келтіру қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандыру керек.
– Бұл – аса маңызды міндет. Тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару. Мен бұл жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуді тапсырдым. Абай облысында қазірдің өзінде осындай 200 мың гектар жер анықталды. Соның 62 мың гектары қайтарылды. Қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ үлестіріп, ел игілігіне тиімді пайдалану аса маңызды. Жалпы, бұл жұмыс одан әрі жалғасады, – деді Президент.
Өңірдің жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сол себепті Мемлекет басшысы облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, қазба байлықтар табылады. Тау-кен өнеркәсібі облыс экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының күрделі экологиясы халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер етіп отырғанын атап өтіп, Семей поли­гонындағы ядролық сынақтардан кейін жүздеген мың гектар жерге залал келгеніне тоқталды. Сонымен қатар Ертіс өзенінің ластануына, шоққарағайды сақтауға назар аударылды. Мемлекет басшысы әкімдікке өңірдің экологиялық мәселесін үнемі назарда ұстауды тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде мәдени-танымдық туризмді дамыту мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысының ай­туын­ша, теңізге шығатын жолы жоқ ең үлкен мемлекет Қазақстан үшін Жердің континенттік полюсінің біздің терри­торияда орналасуының символдық мәні бар. Президент бұл нүкте Абай ауданында, Жидебайда Абайдың мұражай-үйінің жанында орналасқанын атап өтті. Пре­зидент жаңа облыс құру оңай шаруа емес екенін айта келіп, барлық салада жан-жақты және мұқият ойластырылған жұмыс жүргізудің маңызына тоқталып, Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Кездесуден соң Мемлекет басшысы Абай облысының бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ Президент Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың ескерткішін ашты. Қ.Тоқаев шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі тұлғаның төл тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтті. Президент ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз екенін және бұл ескерткіш Мұхтар Әуезов­тің 125 жылдық тойына тарту болғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы шараға келген бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Бұдан соң М.Әуезов атындағы педа­гогикалық колледжге барды. Пре­зидент оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне, білім ордасынан білім алған ұлы тұлғалардың өміріне арналған көрмені аралап, оқытушылар ұжымымен және студенттермен пікірлесіп, педагог маман­дарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Невзоровтар атындағы бейнелеу өнері музейіне барды. Бұл мұражай – Қазақстандағы көркем­сурет құндылықтарын жинақтаған ірі мәдени нысандардың бірі. Музейде түрлі бағыттағы 5 мыңнан астам экспонат бар.