Баһадүрлер бабасы – Құтлық қаған
Баһадүрлер бабасы – Құтлық қаған
904
оқылды
Биыл түркология ғы­лы­мы үшін олжалы болды. Өйткені даңқты қолбасшы, баһадүр Күлтегінге арнал­ған ескерткіштің орна­тыл­ға­нына 1290 жыл толған кез­де оның әкесі Елтеріс Құт­лық қағанға арналған бі­тіктас табылды. Онда түр­кі тілінде жазылған «түрк», «Құтлық», «түмен», «тәңір» деген сөздер бар еді. Ғалымдар Құтлық қаған кешенін Моңғолия же­рінен тамыз айында тапқан болатын. Ал осы ап­таның басында Түркия­ның Бурса қаласында ғұрыптық кешеннің арнайы та­ныстырылымы өтті. «Орхоннан Орхан Ғазиге дейін» Бурсадағы ғылыми басқосуға Aiqyn газетінің атынан біз де қа­тыстық. Халықаралық Түркі ака­демиясы арнайы шақыру жол­дапты. Бабалар мұрасын, түркі ынтымағы мен ұлт руханиятын назардан тыс қалдырмайтын ба­сылым ретінде бағалағаны деп ұқтық. Сөйтіп аяқ астынан Ана­долыдан бір-ақ шықтық... Бурса Биыл Бурса қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы деп танылған еді. Сол себепті Халық­аралық Түркі академиясы Моң­ғолияның Номгон алқабынан табылған Құтлық қағанға ар­нал­ған ғұрыптық кешен мен бітік­тасты ресми түрде Бурсада та­ныс­тырған жөн деп тапса керек. Дегенмен түркі дүниесі ғана емес, жаһандағы күллі түркологты елеңдеткен жаңалық жайлы ал­ғашқы баспасөз конференциясы Қазақстан астанасында өткен-ді. Сол кезде Халықаралық Түркі академиясын басқарып тұрған, қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Құтлық қағанға арналған жазудың табылғаны үлкен олжа екенін әрі бітіктасты қағанның өз ұрпағы, яғни түркі баласы тапқанын айт­қан-ды. Дегенмен жәдігердің шынайы құндылығы мәтін толық оқылып, түрлі зерттеулер жасал­ған соң ғана арта түсеріне күмә­німіз болмаған. Ал Бурсада бітік­тастағы жазумен танысуға түрлі ғалымдар келуі тиіс еді. Солай болды да. Негізі Халықаралық Түркі академиясы – түркі ынтымақ­тас­тығының мәдени-рухани бағы­тында кешенді қызмет атқарып келе жатқан ұйым. Түрлі тарихи мәдени жәдігерлерді таныстыруда өзіндік дәстүр де қалыптастырған. Мәселен, 2015 жылы Алтайда «Алтын бесік – Алтай», 2016 жы­лы Моңғолияда «Тәңір таулары­нан Өтүкенге дейін», 2017 жылы Қазақстанда «Кентайдан Ұлы­тауға дейін: тарихи жадының жа­ңаруы» деген атаулармен ар­хеологиялық-мәдени экспедиция өткізген еді. Осы жолы Бурсада ұйымдастырған шараны «Орхон­нан Орхан Ғазиге дейін» деп атапты. Мұндағы Орхон белгілі, Көк түрк қағандығының ордасы тігілген өңірдегі өзеннің атауы. Түркінің әйгілі жазба ескерт­кіш­тері де осы өзеннің атымен ата­лады. Ал Орхан Ғази – Осман импе­риясының негізін қалаған Османның баласы. Бұрынғы Пруза, қазіргі Бурса қаласын 9 жылға созылған қоршаудан соң басып алған деседі. Яғни Бурсаны Осман империясының астанасы еткен тұлға. Шағын бектіктің қуатты империяға айналуы осы Орхан Ғази дәуірінен басталады. Сол себепті Халықаралық Түркі академиясы мәдени шараның атауын Орхан Ғазидің есімімен байланыстыруды құп көргенге ұқсайды. Құтлық қаған Ғылыми-мәдени шара ая­сында алдымен Изник, Биле­жик, Сөгүт қалаларының тарихи ­орын­дары мен көрікті жерлерін тама­шалауға арналған экскур­сия ұйым­дастырылды. Шараны ұйым­дастырушылар ежелден адам­­зат өркениетінің бесігі сана­латын Анадолы жеріндегі көне жәдігерлерді түркі әлемінің түп­кір-түпкірінен жиналған қо­нақ­тарға таныстырды. Әрине, Түр­кияның кез келген аймағы тарихи мұраға толып тұрғаны рас. Өйт­кені бұл өңір – ежелгі Аккад, Ли­кия, Хетт, Шумер, Ассирия тә­різді мемлекеттердің ізі қалған аймақ. Тарихының бай болатыны да содан. Дегенмен Бурса, Изник, Билежик, Сөгүт өңірлерінде түркі жұртының да ізі қалған. Айталық, біз сөз еткен Орхан Ғази Изникте қырғыздарға арналған кесене тұрғызыпты. ХІІІ ғасырда. Ал Изник төңірегіне қырғыз жауын­герлері ХІ ғасырда келген деседі. Бұл дегеніңіз – 1000 жылдар. Ұлы Селжүк империясы кезінде Ор­талық Азиядан Анадолы жеріне аттанған көптеген жасақтың ішінде осы қырғыздар да болуы әб­ден мүмкін. Бәлкім сонау Ени­сей бойын мекен қылған қырғыз болмаса да, Дешті Қыпшақтан аттанған топ болуы ықтимал. Кімдер болса да, өңір жұрты оларды қырғыз жауынгерлері деп таныпты. Сол себепті Орхан Ғази құрмет көрсетсе керек. Ал Сөгүтте Осман Ғазидің әке­сі Ертұғрылдың зираты жатыр. Қазақ әпсаналарында да Ертұғ­рыл жайлы хиқаялар кездеседі. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп жазба­ларында оның алып мемлекет құрғаны айтылатыны бар. Сол Ертұғрыл Ғазидің күмбезінде сағат сайын құрмет қарауылы ауысып тұратынына куә болдық. Төңірегіне түркі баласы мекен ететін аймақтардан әкелінген топырақ қойылыпты. Тәуелсіз түркі елдерінің туы да тұр. Әл­бетте, Қазақстан туы да бар. Сол жерде Осман Ғазиді аманат жер­леген орын да бар екен. Қайтыс бол­ғанда әкесінің жанына жер­лепті де, кейін Бурса қаласы тү­ріктердің иелігіне өткен соң, сонда апа­­рыпты. Тура Бөгенбай батыр мә­йітінің Арқада аманатқа қойылып, кейін Түркістанға апа­рылғаны сияқты оқиға. Ертұғрыл Ғази зираты Айтпақшы, Изникте де Аясо­фия мешіті бар. Бірақ Ыстам­булдағыдан әлдеқайда кіші әрі біршама уақыт кейін салынған нысан. Әдеттегідей басында хрис­тиан шіркеуі болған ғимарат. Бірақ дәл сол ғимаратта хрис­тиандардың VII Изник кеңесі өткен. Ертеде Никеа деп аталған­дықтан батыс әдебиетінде «Никеа кеңесі» деп аталады. Әрі христиан әлемінің ең аңызды тарихи оқи­ғалары да осы Изникте өтіпті. 325 жылы алғаш рет Рим императоры І Ұлы Константин осы қалада күллі христиан дінбасыларының басын қосқан. «Бірінші кеңес» деп аталатын басқосудан хрис­тиандар Исаны құдай деп таныды. Жексенбіні демалыс күні етті. Өзге де шешімдер қабылданды. Қысқасы, ХІІІ ғасырда түрік­тер­дің иелігіне өткен қаланың та­рихы терең. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған се­руенге қатысқан қонақтар қала­лардың осынау тарихымен таны­суға да мүмкіндік алды. «Орхон­нан Орхан Ғазиге дейін» деп ата­латын шараның тағы бір ол­жалы тұсы осы еді. Түркі тілінде жазылған ең көне мәтін Бурсада бас қосқандар экс­кур­циядан соң Елтеріс Құтлық қағанға арналған ғұрыптық ке­шен мен бітік тастың, Шивээт Улаан кешенінің фотолары қо­йылған көрмені тамашалады. Бұл екі кешен де Құтлық қаған дәуі­ріне қатысы бар жәдігерлер бо­лып саналады. Екеуіне де ар­хеологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Халықаралық Түркі ака­демиясы мен Моңғолия ға­лымдары. Дәлірек айтқанда, ака­демия атынан қатысқан қазақ ға­лымдары. Шивээт Улаан кеше­ні – көне түркілердің діни та­ны­мынан хабар беретін, сегіз қырлы кешен. Тарихшы Нұрболат Бө­ген­баев оны Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Домбауыл кешендеріне ұқ­сас дүние болуы мүмкін екенін айтқан-ды. Әрі Елтеріс Құтлық қаған өмірден өткен кезде, VII ғасырдың соңында тұрғызылған дейтін болжам бар. Бірақ ол кешеннен жазу табылған емес. Ал Номгон кешенінен біз сөз етіп отырған көне түркі жазуы та­был­ды. Үш әліпбиде жазылған бі­тіктас. Түрколог Нәпіл Базылхан бұл жазудың Құтлық қағанға арналғанына бек сенімді. Өйткені көне түркі тілінде ғана емес, таста соғды жазуымен де Құтлық деген сөз жазылыпты. Сонымен бірге брахми жазуы да бар. Бірақ оны әзірге оқи қойған ешкім жоқ. Бә­рін оқып, заманауи түркі тілдеріне аударып, ғылыми айналымға енгізу үшін уақыт керек. Оның үстіне бітіктастың негізгі бөлігін табу қажет. Әлі жұмыс көп. Номгон Айтпақшы, түркіге қатысты мұраны сол қағандардың өз ұр­пағы тапқаны да жаңалықтың құ­нын арттырып отыр. Өйткені 1893 жылы Вильгелм Томсен Орхон өзені бойындағы руна ­жа­зуларының түркінікі екенін анық­таған. Кейін көптеген зерт­теуші түрлі жазулар тапты. Ени­сейден, Таластан дейсіз бе, кете бе­реді. Бірақ әлемді елең ет­кізе­тіндей жаңалық ашқан түр­кі ба­ласы болған жоқ. Биылғы та­мыз­ға дейін. «Түркология ғылы­мында Н.Ядринцев, В.Томсен, В.Радлов қатарлы зерттеушілер болды. Құтлық қағанға арналған бітіктас сол ғалымдар ашқан жаңалық­тардан кейін табылған ең ірі жаз­ба ескерткіш. Бұл әлем­дік түр­кология үшін маңызды жаңалық болып есептеледі», – дейді Нәпіл Базылхан. Сонымен бірге ға­лым­дар бітіктастағы жа­зудың түркі тілінде жазылған ең көне мәтін екенін айтады. Өзге тілдерде «түрк» сөзі кездесетін жазулар бірнеше жерден табыл­ған. Көне түркі тілінде бұл атау кездесетін ең ескі бітіктас Білге мен Күлте­гінге арналған кешен­дерде тұр. Ал жаңа бітіктастағы жазу шама­мен 682-693 жылдар аралығында жазылуы мүмкін. Себебі екінші Түркі қағандығы ресми тарих­на­мада 682 жылғы азаттық соғысы нәтижесінде құрылды деп есеп­теледі. Оған де­йін Шығыс Түркі қағандығының халқы 50 жылдан астам Қытайдың бодандығында болған. Елтеріс Құтлық қаған, бо­дан халыққа азат­тық әперген тұлға. Сол се­бепті де бітіктас қағанның құрме­тіне арналса керек. Бірақ әзірге бітіктастың жартысы ғана табыл­ды. Бас жағы ғана. Негізгі бөлігі әлі табылған жоқ. Алайда ғалым­дар қазба жұ­мыстарының әлі де жалғасатынын айтады. Бәлкім келер жылы Күл­тегін, Білге қа­ғандарға арналған бітіктастардай алып жәдігер та­былуы мүмкін. Тіпті Номгон деп аталатын жер­ден Елтеріс Құтлық қағанның інісі, жауынгер қаған Қапағанға арналған ес­керткіш табылса да таң қалуға болмайды. Себебі археологтар аталған ай­мақта 8 кешен болға­нын, оның біреуінде ғана қазба жүргізілгенін айтады. Өзгесіне ешбір археолог­тың қолы тимеген деседі. Сон­дық­тан Ном­гон деген жердегі қаз­ба жұмыс­тары әлі бі­разға со­зылуы мүмкін. Өзге ке­зең­ді қай­дам, келесі жылы қазба жұмыс­тары сөзсіз жал­ғаспақ. Оған Ха­лықаралық Түркі акаде­миясы президентінің мін­детін атқарушы Фузули Мед­жилидің сөзі дәлел. Ол академия басталған істі аяқсыз қалдырмай­тынын айтты. Қағанға арналған кешен екенін қайдан білдік? Айтпақшы, Бурсадағы жиын­ға қатысқан Йедітепе универси­тетінің профессоры Ахмет Та­шағыл, Кавказ университеттері одағының жетекшісі Рамазан Коркмаз, Эге университетінің профессоры Ибрахим Шахин, Әзербайжан түркологы Елчин Ибрахим қатарлы ғалымдар түр­кология ғылымындағы тың жа­ңалыққа қуантындарын білдірді. Ендігі мәселе мәтіннің толық нұсқасын тауып, тастағы жазу­ларды түгел оқып шығуда болып тұр. Дегенмен тарихшы Хатиже Шырын: «жазудың Қапаған қа­ғанға арналмағанына қандай кепілдік бар? Неге бірден Елтеріс Құтлық қағанға арналған деді­ңіздер?», – деп сұрақ қойды. Ға­лымның бұл пікірінің де жаны бар, өйткені Құтлық деген адам аты емес, халықтың қойған атауы. Тіпті елдің құтына айналғаны үшін берілген мәртебе болуы да мүмкін. Алайда түрколог Нәпіл Ба­зылхан бітіктастағы соғды жа­зуында Құтлық қаған деген сөз жазылғанын айтты. Яғни, Қапа­ған болса, қаған ретінде соның аты аталар еді. Әрине, ғалымдар әлі де зерттеу жасайтыны сөзсіз. Бі­рақ қалай болғанда да Номгон ке­шенінен шыққан ескерткіш қа­ғанға арналғаны анық. Оны Ас­танада өткен баспасөз-конфе­рен­циясында моңғолиялық ға­лым, археолог Алтангэрэлийн Энх­төр де айтқан. Ол кешеннен табылған альтардың, яғни орта­сында ойы­ғы бар алып тастың Моңғолия жерінде үш данасы ғана бар екенін атап өткен-ді. Бұрын та­былған екеуі Күлтегін мен Білге қағанға арналған ес­керт­кіштерде бар екен. Үшіншісі – осы. Ал Білге қаған мен Күлте­гін баһадүр қағандар әулетінен тарайтынын, Елтеріс Құтлық қа­ған олардың әкесі, Қапаған қа­ған ағасы екенін ескерсек, үшінші альтардың қа­лай болғанда да би­леуші әулетке арналған кешенге қойылуы заң­ды. Оның үстіне, бітіктаста «тә­ңір», «түмен» және басқа да сөз­дер жазылған. Әрі маңайында көк түрктің билеуші әулеті санала­тын Ашина тайпа­сының таңбалары да шығыпты. Сонымен қатар қаған­ның бет бейнесі қашалған мүсін шыққан. Бастың мүсіні. Мұндай мүсін Күл­тегінде де бар. Екі бей­ненің де маңдайында құс бей­не­ленген. Білген қағанның тә­жін­де ол құс тұмсығына шағын жеміс қысты­рып тұратыны бар. Бәлкім «ба­сыңа бақыт құсы қонсын» дейтін қазақы ұғым сол дәуірден келе жатыр ма кім білсін?! Бур­садан сондай ой түйіп қайттық. кешен  

P.S. Түркиядан қайтар жолда тарихшы Нұрболат Бөгенбаевпен әңгімелескеніміз бар. Ғалым та­рихта біз атын да естімеген ер­лер­дің, қағандардың мол болғанын айтады. Бірақ олардың орнын қазір бұқаралық мәдениетте корей ба­тырлар, фэнтези кейіпкерлері ба­сып кетті. Ал «Күлтегін» деген мульт­фильмде біз Қапаған қағанды жексұрын етіп көрсетіп едік...