Биыл астықтың шығымы да, сапасы да жақсы. Соңғы дерекке сүйенсек, республика бойынша 15,4 млн гектардан дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл – барлық егістік алқабының 96,3 пайызы. Оның орташа шығымдылығы 13ц/га-дан айналып, жалпы көлемі 20,1 млн тонна астық бастырылған. Енді осы мол өнімді ел игілігіне жарата аламыз ба, әлде әдеттегідей оны сақтауға, өңдеуге және экспорттауға қатысты шалағайлықтарға тағы ұрынамыз ба – бар гәп сонда. Экспорттық әлеуетіміз бірқалыпты Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 85,8 пайызы 1-3 сыныптарға жатқызылды. Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Шымкентте дәнді дақылдарды жинау толығымен аяқталды.
«Жыл сайын астықты ішкі тұтыну көлемі – 6,5-7 млн тонна. Болжам бойынша, биыл одан бөлек 7-8 млн тонна бидай артық қалады. Өнімнің осы бөлігін сыртқы нарыққа жөнелтеміз. Егер кейінгі 5 жылда алатын болсақ, біздің орташа жылдық экспортымыз шамамен 6,9 млн тонна бидай немесе астық эквивалентіндегі ұнды құрайды. Бізде егін жақсы, сондықтан біз орташа жылдық көлемге төтеп береміз және барлық сыртқы нарықтарымызды сақтаймыз», – деді Қарашөкеев ОКҚ брифингінде.Одан бөлек, Азық-түлік корпорациясында 362,8 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры қалған. Ол қажет жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы биыл бидайды сатып алу бағасын сапасына қарай 121-125 мың теңге мөлшерінде белгіледі. Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан экспортқа 7 млн 90 мың тонна астық шығарды. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 184 мың тоннаға көп. Дегенмен өсім ресейлік бидайдың есебінен болуы мүмкін, өйткені ол жақтан келетін импорт екі есеге жуық артқан (961 мың т). Қазақстан бидайы экспортының көшбасында әдеттегідей Өзбекстан тұр – 2 млн 969 мың тонна. Екінші орындағы Тәжікстан 1 млн 5 мың тонна астық сатып алды. Егер алдыңғы екі мемлекет алатын астығын айтарлықтай азайтса, үшінші көшбасшы Иран, керісінше, екі еседей ұлғайтып, 867 мың тоннаға жеткізген. Ауғанстан 583 мың тонна импорттады. Кестенің төртінші сатысынан төмен сырғыған Қытай карантиндік шектеулерге байланысты сатып алу көлемін күрт азайтып, тек 444 мың тоннаға тапсырыс берді (2020 жылы – 758 мың тонна). Пандемия басталғанға дейін ҚХР біздің елден бидай, арпа, күнбағыс тұқымын, зығыр, кебек сатып алатын. Енді Қытай бағытындағы экспорт 90 пайыз құлдырап, бұл нарықтан мән кетті. Жұңғо елі қазір аталған өнімдерді Ресей мен Аустралиядан импорттайтын болды. Сондай-ақ Түркіменстан – 277 мың тонна, Әзербайжан – 89 мың тонна алады. Экспорттың қалған 15 пайызы Түркияға, Еуропалық одақ елдеріне, Грузияға жөнелтілген. Бір қуанарлығы, 2021 жылы алғаш рет 24 мың тонна қазақстандық астық сатып алған Ұлыбритания нарығы ашылды. Жылжымалы құрамдар жетпей жатыр Қазақстан бұған дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бидай пен ұн экспортына квота енгізген еді. Бірақ әлемдік нарықтағы жағдай тұрақтануына және өнімнің молдығына байланысты Үкімет 14 қыркүйектен бастап экспорттық тыйымды алып тастады. Енді диқандар өз өнімдерін шетелге шектеусіз сата беретін болды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бұл –әрине, қуанарлық жағдай. Алайда қазақстандық трейдерлер вагон тапшылығына тап болды. Бұл астықты уақытылы экспорттауға кедергі келтіреді және ішкі нарықта азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырады. Одан бірінші кезекте қарапайым фермерлер зардап шегеді. KazGrain ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атайдың айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ 27-30 қыркүйек аралығында тіркеу станциясына қайтып келетін вагондардан басқа, барлық меншіктегі және жалға алынған бос вагондарды жөнелтуге конвенциялық тыйым салды. Соның салдарынан трейдерлердің тауар тасымалдауға қажет жылжымалы құрамға қолы жетпей отыр. Яғни, бидай мен ұнды шетке шығаруға шектеу алынып тасталғанымен, оны экспорттайтын вагон жетіспейді. Қазақстандағы астық тасымалдаушы негізгі оператор «Астық Транс» АҚ астық жөнелтілімі қарқынының төмендігінен бірқатар станцияда тиеуді мүлдем тоқтатқан.
«Биыл бидай бітік шықты, оны енді қайда сақтаймыз? Астық қырманда ұзақ жатып қалса, құны және сапасы төмендейді. Далада жатса, оны қырманға, элеваторға жеткізу керек. Бір сөзбен айтқанда, бізде тауар бар, тұтынушыларымыз бар, бірақ жөнелтуге мүмкіндігіміз жоқ», – дейді Әлібек Атай.ҚТЖ бұл шешімін РФ-мен шекаралас станцияларда вагондардың көптеп жиналып қалуымен түсіндіреді. Бірақ Ресей мен Қазақстанның астық экспорты нарығы бөлек. РФ бидай мен ұнды Қара теңіз маңайындағы нарықтар мен шалғай нарық алаңдарына өткізсе, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға, Қытайға сатады. Бізге басқа емес, нақ осы бағыттарда астық тасығыштар жетіспейді. Демек, Ресей бізге бұл тұста бәсеке емес. Трейдерлер бұдан басқа да қиындықтарға тап болғанын айтады: «ҚТЖ-ЖТ» АҚ Қытайға астық тиеу жоспарын жария етпеген, ал басқа бағыттарға жөнелту кезінде фитосанитариялық сертификатқа және кедендік декларацияға қосымша СТ-1 тауардың шығу сертификатын талап етеді. KazGrain экспорттаушылар қауымдастығы бұл талапты заңсыз деп санайды, осыған байланысты Қазақстанның Бас көлік прокуратурасына жүк жөнелтушілерден СТ-1 сертификатын талап етуге тыйым салу туралы арыз жолдаған. Сондай-ақ Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, биыл соғыс кесірінен және батыстық санкцияларға байланысты Қара теңіздегі порттары арқылы өтетін астық тасымалы да дағдарған.
«Қазақстан Қара теңіздегі күрделі жағдайға байланысты экспортты Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағдары бойынша Грузия порттары арқылы өткізбек болды. Дегенмен одан да бәлендей ештеңе шыға қоймады. Біріншіден, Қазақстан, Грузия порттарының өткізу қабілетті төмен, екіншіден, жол шығыны қымбат. Мәселен, жүкті Грузия теңіз порттарына дейін жеткізу құнының әр тоннасы 100 доллардан айналады. Ал дәстүрлі маршруттарда бұл 70 долларға тең. Яғни, өнімнің әр тоннасының өзіндік құны бірден 30 долларға қымбаттап шыға келеді. Әрі ол дәліздің өткізгіштік қуатының төмендігінен тауар ұзақ тұрып қалады. Сондай-ақ порт инфрақұрылымы экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұл қазақстандық астықтың әлемдік жаңа нарықтарға шығуына тосқауыл болып отыр», – деді ол.Ресей импортының әлегі көп Россельхознадзордың мәлімдеуінше, былтыр ЕАЭО елдеріне 1,5 млн тонна заңсыз астық тасымалдаған. Бұл өнімнің негізгі бөлігі бізге келген. Жалпы, 2019-2021 маркетингтік жылдар аралығында Қазақстан Ресейден 145 миллиард теңгеге 2,7 млн тонна бидай сатып алыпты. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, ресейлік астықтың көлеңкелі импорты кесірінен қазақстандық кәсіпкерлер жылына 400 млн доллар шығын шегеді екен. Ал бюджет қаншама салықтық түсімнен қағылады. Контрабандашылар ҚҚС төлемей шекарадан өткізген астықты Қазақстанда тіркеп, әрі қарай Өзбекстанға, Тәжікстанға экспорттайды.
«Ресейден импортталатын бидай көбіне әртүрлі күмәнді тәсілдер арқылы өтеді. Өйткені терістіктегі көршіде бидай бағасы әлдеқайда арзан. Сол себепті біздің экспорттаушылар астықты іргелес елден сатып алуға әуестенген. Мұның жолын кесу үшін мемкірістер органы «Атамекен» палатасымен бірлесіп, қосылған құн салығын оңайлатылған түрде қайтарудың пилоттық жобасын іске қосты. Осы жобаға қатысу туралы меморандум бекітетін экспорттаушыларға ҚҚС тексерусіз және айыппұл санкцияларынсыз қайтарылатын болады», – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.Ресей биыл да мол өнім күтіп отыр. Онда бидай бағасы – тоннасына 10 мың рубль. Бұл біздің ақшаға шаққанда – 76 мың теңге. Қазақстанда 3-сұрыпты бидайдың бағасы бұдан екі есе жоғары, тоннасы –125 мың теңге. Себебі ресейлік астыққа экспорт кезінде тоннасына 38 мың теңге мөлшерінде баж салынады. Бұл олардың ішкі нарығын қорғайды. Ал қазақстандық бидай экспортқа баж салығынсыз кетеді. Алайда экспорттаушы кәсіпорын азық-түлік корпорациясына шетелге жөнелтілетін астықтың 10 пайызын 116 мың теңгеден сатуы тиіс. Ресейдің астық экспортын шектеу туралы мәселе қаралған Еуразиялық комиссия отырысында ЕАЭО-ның барлық аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын реттеудің бірыңғай тетігі – экспорттық баж салығы немесе квотаны енгізу мәселесі көтерілген-ді. Өйткені баж салығын отандық астық өсірушілерді қолдау үшін қолданатын кез келді. Мұндай шараны трейдерлер де қолдайды. Қазақстан астығын экспорттау үшін өткен жыл оңай болған жоқ. Биылғы тәуекелде жоғары. Ал алдағы уақытта оның жағдайы қандай болатыны Үкімет қабылдаған шешімдерге тікелей байланысты.